Бүгінде Қазалы ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүргізіліп, егін шаруашылықтары ала жаздай күтіп-баптап өсірген Сыр салысын төкпей-шашпай жинап алуда. Шаруашылық құрылымдарының қырмандарына егістік басынан күріш тиелген жүк көліктері толассыз ағылуда. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев Жалаңтөс батыр ауылындағы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің қырманына арнайы барып, ондағы қарбалас тіршілікпен танысты.
Қырман басында Жалғас Оңғарұлына серіктестік директоры Қасқырбай Әлімбай күзгі жиын-терім барысында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтып өтті.
«Жалаңтөс батыр» ЖШС биыл 450 гектар жерге күріш еккен. Дәл қазіргі уақытта шаруашылықтағы күріштің 190 гектары орылса, 33 гектары бастырылды. Шаруашылықта мұнан бөлек қосымша майлы дақылдар мен 470 гектар ескі жоңышқа және 150 гектар жаңа жоңышқа бар.
— Диқандар биылғы жылғы егілген Сыр маржанын төкпей-шашпай, ысырапсыз шаруашылық қоймасына жинап жатыр. Бұның барлығы ерте көктемнен бастау алып, жаз айларында, шіліңгір шілденің аптапты ыстық күндерінде тер төгіп еткен ерен еңбектің арқасы деп білеміз, — деген шаруашылық директоры қазіргі уақыттағы егін алқабы мен қырман басындағы қызу тіршілік жайында айтып өтті.
Қырман басындағы берекелі істі көрген Жалғас Оңғарұлы жұмысшыларға сәттілік тілеп, егілген ел несібесін дер кезінде жинап алуға тілектестігін білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!