Біздің Төменарықта маса жоқ десе де болады. Өзен мен каналдар ауыл шетінен өткенімен, ауылымыз сулы аймақ санатына кірмейді. Сондықтан болар, инелік те сирек кездеседі. Ал негізінде, инеліктің басты қорегі – маса, шыбын және шіркей тағы басқасы.
Халық арасында «Инелік көрінсе – су басында мал жайма» деген сөз бар. Бұл бекер емес. Инеліктің күрт көбейіп кетуі – су маңындағы ұсақ жәндіктердің молайғанын, яғни ылғалдың артқанын білдіреді.
Аңызда айтылғандай, ерте заманда бір ауылға жаз сайын маса қаптап, халықтың мазасы қашады. Сонда бір қария дұға жасап, аспаннан мөлдір қанатты, ұзын денелі, шалт қимылды жәндіктер келеді. Олар масаны қуып, өзен-көлді зиянкестен тазартады. Сол себепті ел бұл жаратылысты «су перісінің көмекшісі», ал кей өңірде «судың күзетшісі» деп атап кеткен-ді.
Ғылым не дейді?
Инелік – нағыз табиғи жыртқыш. Әлемде адамдар масаның шағуынан ең көп зардап шексе, инелік сол масаны жойып, адамға пайда келтіреді. Ғалымдар оның көздері бір мезетте 360 градусқа дейін шолу жасай алатынын анықтаған.
Инеліктің өмірлік циклі де ерекше. Оның дернәсілдері суда тіршілік етіп, ұсақ жәндік пен балық шабағымен қоректенеді. Бұл – су экожүйесінің тазалығын сақтауда маңызды рөл атқаратын табиғи тетік.
Инелік қанатының құрылымы әуе техникасына да шабыт бергені анық. Тез ұшады, бағытын күрт өзгерте алады. Бүгінгі тікұшақ – инеліктің ұшу жүйесінің инженерлік үлгісі.
Әлемнің кей мәдениетінде инелік – еркіндіктің, тазалықтың, көрегендіктің символы. Жапондар оны батылдық пен табандылықтың нышаны деп қабылдайды. Қазақ даласында болса, инелік – су жағасының берекесі, табиғаттың тепе-теңдігін сақтаушы.
Су маңында мөлдір қанатты инелікті көрсек, демек табиғат өз қалпында, тіршілік тынысы дұрыс деген сөз.
«Инелік ұшса – су тазарады,
Су тазарса – тіршілік ажарланады».
P.S. Қысқасы, инелік – табиғаттың нәзік күзетшісі. Ол маса мен зиянкес жәндіктердің санын тежеп, су айдындарының тазалығын айғақтайды әрі қоректік тізбектің ажырамас бөлігі ретінде экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!