HALYQLINE.KZ Айтыскер ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Замаддин Ибадуллаев келместің кемесіне мініп кете барды. Сыр руханиятына өлшеусіз үлес қосқан абыз өтірік өлеңнің өрен жүйрігі еді. Әлеуметтік желіде айтыскер ақынның шәкірттері мен өнерсүйер қауым өкілдері Сыр жұртшылығына қайғырып, көңіл айтуда.
Ой, жалған-ай!.. Сырдағы Айтыс алпауыттарының соңғы алыбы, ақындардың алымы бақиға бет түзеді… «Алдымда ағам бар ғой» деп алшаңдай жүруші едім-ау… Сөз сардары, арда өлеңнің алдаспаны еді ғой, Зәкең!…
Мені ұғатын, мені түсінетін, жүлделі жүйрік атануыма тілеуқор, себепкер болған көзі тірі жалғыз әрі соңғы адам сен едің, Зәкем!… Кетіпсің-ау!…
Қабырғамды қайыстырды қаза-мұң,
Сен де кеттің, ұлы өлеңім, ғазалым!…
Дәуірді ерткен, заманды ерткен Зәкем-ау,
Бар қайғымнан ауыр болды-ау азабың!..
Кеттің Зәке, жұбата алмас мені ешкім,
Мен енді аға сенен қалған елеспін!…
Маған енді бола алады биік кім,
Маған енді бола алады белес кім?…
Мен енді аға кімге барам ағалап?
(Пендеге ме, ісі есер, ойы олақ?!.)
Бағасы артық бәйтерегім едің ғой,
Жүрген жалғыз самалды деп, саялап…
Аға, Зәке, иманды бол, бақұл бол,
Бар дұғаңа Жаратқаным мақұл дер!…
Жұртым, енді дүр даладан мендейін,
Дәуірі өлген, жетім кеуіл ақын көр!…
Ардақты Алаш жұрты, Айтыстың айнымас көрермендері, Сыр елі, қаза қайырлы болсын!…
Зор қынжылыспен, Серік ЫДЫРЫСОВ,
Зәкеңе шәкірт ақын, Қазақстанның өнер қайраткері
Атамыздың жайсаң
Жаны пейіште болсын