Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аруақты «Ақ ишан»

08.06.2020, 13:00 2269

Біршама уақыт бұрын дала перзенттерінің тұрмыс-тіршілігін оқырманға нақты жеткізуді мақсат тұтып, шалғай елді мекендерді аралап шыққан болатынмын. Өзім де ауылда туып-өсіп, ұзақ уақыт шаруашылықта жұмыс істегендіктен бұл тақырып маған тонның ішкі бауындай жақын еді.

«Жолға шықсаң, серігіңді тауып шық…». Сапарлас серігім танымал әнші, керемет дикциясы, асқақ даусымен «Қазалының Левитаны» атанған Кенже-Әлі Асқар ішімізді пыстырар емес. Тауып сөйлейтін, қазақы қалжыңның хас шебері Кенжекең өзіміз келе жатқан Қуаңдарияның бойындағы әр сайы мен төбесінің дерегіне, тарихи мәліметтерге қанық екенін аңғартып, небір қызықты оқиғаларды баяндап келеді. Ағамыздың айтар ойын шұрайлы тілмен шебер жеткізгені соншалықты, естіген мәліметтеріміз көз алдымыздан кино лентасынша тізбектеліп өтіп жатты.

Кенет… Биік төбе баурайындағы күн нұрымен жарқырап, атырапқа сәулесін шашқан аппақ, әлдебір ғимаратты жанарым шалды. Медиен даладағы күтпеген жерден кездескен ғажап көрініске айран-асыр қалдым. Таңданысымды айтқызбай білген Кенже-Әлі ағам бұл ел арасында «Ақ ишан» аталып кеткен әулие, ғұлама емші Ақмұхамед Тоғымұлы баба ұстаған мешіт екенін, осы жерде Ақ ишан мен атақты шайыр, Сыр сүлейі Қарасақал Көлдейбекұлы Ерімбет атамыздың мәңгілік мекені бар екенін тебірене жеткізді. Қатты толқыдым. Құлағымызға бала күннен бері сіңісті болған қасиетті Ақ ишан мен даңқты шайыр Қарасақал Ерімбеттің жамбасы тиген киелі жерді көремін деп, кім ойлаған?!

Бұрылып барып ишан мен шайырдың қабіріне зират жасадық. Білген аятымызды оқып, бет сипадық. Сол жолы да сапарымыз оңымен бітті. Дала төсіндегі қайнаған өмірден тұщымды мақала дайындадым. Өскен-өнген әулеттің иесі Нағашыбай Мақсатбаев ағамыз туралы жазылған «Ақ көлдегі алып адам» атты әңгімемді оқырмандар жылы қабылдады.

Арада жылжып жылдар өтті. Жуырда жоғарыда аталған қос баба туралы шағын дерек қолыма тиді. Сол деректі қаз-қалпында оқырмана назарына ұсындым.

«Ақишан» мешіті – ХІХ ғасырдың аяғында салынған халықтық құрылыс. Ғимарат кезінде Хорезмде оқып жүргенінде, Қарасақал Ерімбет арнайы шақыртқан Ақмұхаммед ишанға Қарасақал-Әлім руларының ұйытқысымен салынған.

Жарболсынұлы Күңбас бай 60 атан сатып, қаражатын берсе, Арал өңірінің атақты меценаты Сайлыбек бай қаржыны аямай берген және басқа да Әлім-Шөмен азаматтары өз үлестерін қосқан.

ХХ ғасырдың басында Қазан қаласынан арнайы шатырхат алынып, Қызылқұм беткейіндегі діни жоғары мектеп болып, молдалар әзірлеген. Қожа Бақы ұрпағы Ақмұхаммед Тоғымұлы (1853-1917 ж.ж.) – емші-дәрігер, көріпкел, ауа райын болжайтын қасиеті бар, өте білімді және халық арасында беделді болып, «Ақишан» атанған теолог-ғалым. Ерімбет Көлдейбекұлымен дос болған. Ақынның өз өсиеті бойынша сүйегі мешіт ауласына жерленген. Ғимараттың жағдайы орташа. ХХ ғасырдың аяғында ишан ұрпақтарының күшімен жөндеуден өткен.

Ақишан баба діндар болумен қатар, философияның, әдет-ғұрыптылық білгірі болған. Оның «кеш туған баланың басы бесікте болмаса есікте қалады», «сыйласаң пірің, сыйламасаң бірің болам» деген сөздері халық есінде. «Сен не, өтірік айтпайтындай Ақишанның ақтығы ма едің?» – деп, билер Ақмұхаммедтің шыншылдығын алға тартып, үлгі еткен. Бабаның халық арасына «шанышпайды», яғни шешек, обаға қарсы вакцинаны егуді де насихаттаған. Ол психологиялық ауытқушылығы бар адамдарды да емдеген» дейді мендегі мәліметте.

Көнекөздерден естуімізше, Ақ ишан баба сырқаттанып, өзіне емделуге жолға шыққан адамдарды алдын ала біліп отырады екен. Сол маңайдағы төбенің басында отырып, түрлі болжамдар жасайтын көрінеді. Әрі айтқаны айна-қатесіз тура келетінге ұқсайды. Аруақты бабалар рухы жар болғай!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Суретте: Ұзақ жылдар бойы Ақ ишан Ақмұхаммед Тоғымұлы бабамыз ұстаған мешіт.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: