Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақ-қыз

22.10.2026, 6:40 34

– Жүр, мен саған бір нәрсе көрсетемін.

– Не нәрсе?

– Барғанда көресің.

– Қайда?

– Бақтың арғы шетінде.

Досым мені ертіп бақты айнала жөнелді. Бұрын сәп салмасам керек-ті. Бақтың тау етегіндегі бөлігі кәдімгі  балбалтастармен  қоршалған  екен.

– Көрдің  бе? Қорықпа, жақында, көзіңді жұм да біреуін  құшақта…

Мен оның айтқанын істедім. Тас мүсінге тақай бере әлдебір тылсым күш көзімді ашуға да мұрсат бермей, ішіне қарай сорып бара жатты.

Есімді  жисам, қайда екенін білмедім, бір зәулім сарайдың ішінде жатырмын. Мен жатқан кең төсектің қарсы жағындағы аппақ шымылдық жаймен тербеліп тұр. Ішінен көмейінен күлкі төгілген қыз дауысы шығады. Түс көріп жатқан шығармын деп ойладым.

– А, есіңді  жидың  ба? Кел бері.

Досым шақырып тұр. Мен орнымнан сенделе тұрып, қол-аяғымның қалтырағанына қарамай-ақ шымылдыққа қарай беттедім. Досым аппақ матамен оранып алыпты. Сонда барып өз денеме қарадым. Менің үстімде де аппақ мата. Оның қасында аппақ матаға оранған, шашы, қасы тіпті беті де сүттей аппақ екі қыз отыр. Сұлулықтарын теңерге еш нәрсе таппадым. Амандасқым келіп, аузымды жыбыр­латтым. Бірақ  үнім  шықпай  қалыпты.

– Кел бері, анда  отыр, — деп  шетте  отырған  қыз­дың  қасын  нұсқады.

Мен қыз қасына барып жайғасып отырдым да, мұнда қалай тап болғанымды ойлана бастадым. Бақтың шетіне келдік. Балбалтастарды көрдік. Балбалтасты құшақтадым. Иә, мына отырған қыздың мойнында да сол балбалтастың мойнында тұрған тас тұмар бар екен. Қыз маған қарап қасын керді де, бетінің ұшы дір-дір етіп сәл жымиды. Досым қасындағы қызды жетектеді де, қабырға жақтағы есікке кіріп кетті.

Мен әлі қимылсыз отырмын. Едәуір уақыттан соң қыз:

– Маған  ешнәрсе  айтпайсыз  ба? — деді.

– Не  айтамын?

– Не  ойлап  отырсыз?

– Мен  мұнда  қалай  келдім?

– Оны өзіңіз білесіз.

– Бұл қай жер?

– Әпкем  екеуіміздің  сарайымыз.

– Ол сенің әпкең бе?

– Иә.

– Сендер кімсіңдер?

– Жын  патшасының  қызымыз.

– Түсінбедім.

– Түсінбейтін  несі  бар. Жо, әлде жер бетінде  тек «біз  адамзат қанамыз» деп ойлайсыз ба? Қателесе­сіз. Ықылым заманнан адамдармен бірге біз  де  жаса­сып  келе  жатырмыз.

– Сенгім келмейді.

– Онда кешке қайтпай, осында қал.

– Қалай қаламын.

– Менің  тұмарымды  мойныңа тағып, ана хауыз­ға кіріп жатып ал. Күн батардан бұрын әпкем екеуіңді де шығарып жіберуі керек. Сен қозғалмай жатып алсаң, ол көре алмайды. Бірақ абайла, таң атқанша мына тұмарды ешкімнің көзіне көрсетуші болма. Уысыңнан  шығарма!

Қыз тілді үйіретін шарап дайындады. Біз ұзақ әңгімелестік. Бұлар шынымен жын патшасының қызы екен. Бірде олар көл бойына барып шомылып жүріп, адамзатты көріп қалыпты. Сосын көңілдері адамзатқа ауыпты. Патша мұны біліп қалып екеуін жазалап, осында қалдырған екен. Ал, мына тұмар «жаза  тұмары»  дейді.

Ақыры  кеш  те  батты.

– Тез  кетіңдер, жындар  келіп  қалады.

Әпкесі досымды жетелеп сарайдың  артына  қарай  кетті.

Қайта айналып келген ол сіңлісінен «сенің жігі­тің  қайда?» деп сұрап еді,  ол  «қашып  кетті»  деп жауап  берді.

Екеуі екі жақтап мені іздеуге кірісті. Бірақ таппады. Мен хауызда жатып ұйықтап кетіппін. Ояна келсем, у-шу. Хауыздан басымды көтеріп қалып, талып қала жаздадым. Ылғи қу қаңқа сүйектер жүр. Көзіме әлдене елестеген болар деп көзімді уқаладым. Масқара, көзім жоқ, тек орны үңірейіп тұр. Орным­нан атып тұрдым. Мен де құр қаңқаға айна­лып  кетіппін. Бәрінің де осы тұмардың кесірі екенін білдім. Мойнымдағы тұмарды жұлып алып, лақтырып қалып едім. Жүрген қаңқалардың барлығы аппақ тәнді адамдарға айналды. Мен де өз кейпіме  келдім.

– Адам… адам…

Жындар мені қаумалап ұстап алды. Көп өтпей жын  патшасы келді.  Ол қызы екеуіміздің де мойнымызға  жаңадан тұмар тақты да, біздің зар жылағаным­ызға қарамастан басымызды шауып тастау­ға үкім  шығарды.  Қолдарына  алмас қылыш ұстаған  екі  жендет  таяп  келе  жатқанда  қыз:

– Енді қателесуші болма, тұмарды алақаныңда мықты сақта.., — деп тағы бірдеңе айтуға оқтала берген­де, екеуіміздің басымыз да жерге топ ете түсті. Мен тұмарды алақанымнан шығармай қысып ұстап тұрмын, тұмар шоққа айналып алақанымды өртеп барады. Мойнымнан қан атқақтап жатыр. Қан  тоқтаған  кезде  мен  жерге  гүрс  етіп  құладым.

Есімді жисам алақаным ауырып қалыпты. Удай ашып жатыр екен. Жалма-жан басымды ұстадым. Орнына келіпті. Қасымда жынның қызы жатыр. Ол да есіне келді. Біз бақтың тау жақ шетінде жатыр  екенбіз. Мен орнымнан тұрып, қалаулы тұрған балбалта­старға бардым. Тастар орнында, бірақ тұмар­лары  жоқ.

Мен қызды ертіп үйге қарай келе жатып, осындай тұмарларды көргенім есіме түсті. Айдың сүттей аппақ жарығымен тұмарға қарадым. Бір жері кем сықылды, қыздың тұмарын алып екеуін жақындата бергенде тық етіп бір-біріне жабыса қалды. Сонда барып осындай тұмардың әжемнің сандығында да жатқаны  есіме  түсті.

Қойшыбек  МҮБАРАК,

мистик.

Фото: ашық дереккөз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: