Кеше жаңа пәтерге ауысып, заттарымды орналастырдым. Бұрынғы үй иесінен біршама дүние қалған еді. Маған күдікті болып көрінетін ескі шкафтың сиқы ұнамай тұрғандай. Құдды өзіне шақырып, «менің сырымды аш» дейтіндей. Жүрегім дауалар емес. Бетін үлкен ақ матамен жауып, түнгі ұйқыға кеттім… Тарс-тұрс… Мына тарсыл маған ұйқы берер емес. Әлгі ескі шкафтың ішінен «есікті аш» деп біреу қағып тұрған секілді. Тұрмадым. Көзімді қатты жұмып, қайта ұйқыға кеттім. Бұл жолы үстімдегі жамылғы жерге сырғып түсті. «Оя-я-ян» деді біртүрлі дауыс құлақ түбімнен. Көзім еріксіз ашылды. Шкафқа қарай беттедім. Өзім мықтап жауып қойған ақ матаны алдым да, шкаф есігін тарс аштым. Іші толған ескі заттар, қағаздар, кітаптар. Алдыма дүрс етіп ескі қобдиша құлады. Ішін ашсам, түрлі оқиғаны қолмен жазған қағаздарды таптым. Тағы да құлақ түбінен «Оқы-ы-ы» деген дауыс естілді. Қалың, сарғайған дәптер. Үш бөлек жазылған парақ. Дәптер бұрын осы пәтерде тұрған белгісіз біреудің күнделігі екен. Парақтарды рет-ретімен оқи бастадым.
АУЫЛДАҒЫ ЕСКІ ҚҰДЫҚ
Ауыл шетінде, ескі тоғайдың іргесінде қараусыз қалған ескі құдық бар еді. Ауыл қарттары ол жерге балаларды маңайлатпайтын. «Ішінде су емес, аруақтардың көз жасы бар» десетін. Бірақ ауыл жастары үшін ол жай ғана елес туралы ертегі болатын.
Күздің қара суық түні еді. Ауылдағы Керей, Нұрлан, Асқар үшеуі түнгі клубтан қайтып келе жатып, бәстесе кетті. Керей әдеттегіше батырсынып:
– Осы шалдардың ертегісіне әлі сенетіндер де бар-ау! Ескі құдықта не болушы еді сонша? Әрі кетсе иесіз қалған тышқандар жүрген шығар, — деді мысқылдай күліп.
– Сенсең де, сенбесең де, ол жерге түнде ешкім жақындамайды. Сұмдық дауыстар шығады дейді ғой, — деді Нұрлан жан-жағына алаңдай қарап.
– Егер қорықпасаңдар, қазір барып ішіне фонарь жағып қарайық. Кім барады? — деді Керей қалтасынан кішкентай, бірақ жарығы өткір қолшамды суырып алып.
Қорқақ атанудан намыстанған Нұрлан мен Асқар да амалсыз келісті. Үшеуі ескі тоғайға қарай бет алды. Жел соққан сайын қурайлар сырт-сырт сынғандай болып, түн қараңғылығы денеге суық болып даритын. Қалш-қалш етіп түршігіп қояды.
Міне, ескі құдық. Бетіндегі шіріген ағаш қақпағы жартылай ашылып, жарылып қалыпты. Ішінен шыққан шірік пен ылғалдың иісі мұрынды жарады. Ауа райы жылы болғанымен, құдық түбінен бір ерекше аяздың ызғары білінетін.
– Міне, келдік. Ештеңе де жоқ, — деді Керей. Бірақ оның да дауысы сәл дірілдеп кеткендей еді.
Кенет жел басылып, айнала жым-жырт болды. Содан соң құдықтың түбінен әлсіз сыңсыған дауыс естілді. Дәл бір кішкентай баланың жылағаны секілді. Сыбыр құдды «Мұнда кіріңдер, су суық…» дегендей болды.
– Бұл… Бұл желдің дауысы шығар? — деді Асқар шегініп.
– Дыбысыңды шығарма! — деген Керей құдықтың ернеуіне жақындап, қолшамды төменге қарай бағыттады. Жарық сәулесі қатпарланған тас қабырғаларды бойлап барып, түбіндегі қап-қара судың бетіне түсті. Су беті айнадай тегіс екен.
– Сенесіңдер ме, мына судан біздің көлеңкеміз көрінбейді! — деді Керей таңғалып.
Басқа екеуі де еңкейіп ішіне қарады. Расымен де, құдық түбіндегі су бетінде үшеуінің емес, басқа адамдардың сұлбасы көрінді. Су ішінде үш қара көлеңке жоғары қарап тұр. Олардың жүздері жоқ, тек аппақ. Тап сол сәтте су бетіндегі әлгі бейнелердің бірі қолын жоғары созғандай болды.
– Қашыңдар! — деп айғайлап жіберді Нұрлан.
Үшеуі артына қарамай, түн ортасында ауылға қарай жүгіре жөнелді. Керей қолшамын түсіріп алды. Бірақ артына бұрылуға жүрегі дауаламады. Артынан біреудің дымқыл, ауыр адыммен қуалап келе жатқан сыбдыры анық естіліп тұрды. Ертеңіне ауылды үрей биледі. Керей үйіне оралмаған еді. Ауыл тұрғындары мен полиция іздеуге шықты. Нұрлан мен Асқар қорқыныштан дірілдеп, түнде не болғанын айтып берді. Ересектер жиналып, балта, арқандарын алып, ескі құдыққа бет алды. Құдықтың қасына келгенде жұрттың төбе шашы тік тұрды. Керейдің жерге түсіп қалған қолшамы әлі жанып тұр еді. Ал құдық айналасы батпақ, ішінен сыртқа қарай шыққан жалаң аяқтың сулы ізі жатыр. Ол із тоғайдың ішіне қарай барып, кенеттен ғайып болған. Үлкендер құдықтың аузын темір тормен шынжырлап, бекітіп тастады. Керей содан бері табылмады. Ауыл тұрғындары әлі күнге дейін айтады, қараңғы түскенде, ескі тоғай жақтан біреудің есімін атап шақырған әлсіз сыбыр мен құдық түбінен шығатын сыңсыған дауыс басылмайды екен…
402-ПӘТЕР
Айбек қала орталығындағы ескі бес қабатты үйден пәтер жалдап көшіп келгенде, қуанышында шек болмады. Орталықта орналасқан, бағасы да тым арзан. Тек көршілердің оған аяушылықпен, біртүрлі көзқараспен қарайтынын ол басында байқамаған еді. Пәтер төртінші қабаттағы 402-ші есік болатын.
Алғашқы апта тыныш өтті. Ал екінші аптаның сейсенбісінде, түнгі сағат дәл 02:15-те оқиға басталды. Айбек аяқ астынан денесі тоңазып оянды. Бөлме іші әдеттегіден тас қараңғы, ауада ескі, сыздың иісі сезілді. Кенет асүйде біреудің жүрген адымы естілді. «Шалп-шалп, шалп-шалп…». Айбек пәтерге ұры түсті ме деп ойлап, демін ішіне тартып, төсегінен баяу көтерілді.
Асүйге аяңдап келіп, жарықты жақты. Ешкім жоқ. Бірақ линолеумның үстінде дымқыл судың ізі жатыр. Ол із дәл тоңазытқыштың қасынан басталып, дәлізге қарай бағытталыпты. Айбек құбыр тесілген шығар деп ойлап, еденді сүртіп, қайта жатты. Алайда, екінші түнде де бұл оқиға қайталанды. Мұнысымен қоса едендегі сулы із бұл жолы Айбектің төсегінің жанына келіп тоқтаған еді.
Үшінші түнде Айбек қорқыныштан көз ілмеді. Сағат 02:15 болғанда бөлмедегі температура төмендеп кетті. Дәліздегі айнаның бетінде бу пайда болып, онда біреудің саусағымен салынғандай жазу пайда болды: «БҰЛ МЕНІҢ ОРНЫМ…».
Сол сәтте Айбектің төбесінен біреудің ауыр тыныс алғаны естілді. Басын жайлап жоғары көтергенде төбеде, бұрышта ұзын, қап-қара шашы жан-жаққа жайылған, жүзі көрінбейтін, тек көгілдір тартқан аппақ қолдары бар әйел бейнесі төмен қарап ілініп тұр еді. Оның киімінен су тоқтаусыз тамып жатты. Айбек айғайлауға да шамасы келмей, есінен танғандай болып, бір орнында сілейіп қатып қалды. Әншейінде қайталап айтып жүретін салауаты мен кәлимасы ойына түсер емес. Әрдеңені былдырлап сөйлеп жатты, сөйлеп жатты.
Ертеңіне таңертең Айбек заттарын асығыс жинап, төмендегі көрші кемпір Марзия апайдың есігін қақты. Оқиғаны естіген апай ауыр күрсініп:
– Ол пәтерде бес жыл бұрын бір бойжеткен тұрған. Аты Аружан еді. Оны біреулер тонап, ваннаға су толтырып, батырып кеткен. Ең сұмдығы, қылмыскер әлі күнге дейін табылмады. Сол қайғылы оқиғадан кейін бұл пәтерге кім көшіп келсе де, үш күннен артық шыдай алмай қашады. Аружанның аруағы әлі күнге дейін өзін өлтірген адамды іздеп жүр деседі, — деді ол.
Айбек ол пәтерден сол күні-ақ көшіп кетті. Ал полиция кейін ол пәтерді қайта тексергенде ваннаның түбіндегі ескі плитканың артынан бұрын байқалмаған қылмыскердің бұйымы мен ізін тапқан деседі. Мүмкін, Аружанның елесі жаңа тұрғындар арқылы өзінің аяқталмай қалған ісіне нүкте қойғысы келген шығар…
КӨНЕ ҮЙ
Аудан орталығындағы ХІХ ғасырдың аяғында салынған ескі көпес үйі айналадағы заманауи ғимараттардың арасында сұсты да жұмбақ болып көрінетін. Күйген қызыл кірпіштен өрілген екі қабатты бұл үйдің бірінші қабатында шағын мұражай орналасқан. Ал екінші қабаты жылдар бойы тақтаймен шегеленіп, жабық тұратын. Күндердің бір күні мұражайға жаңадан жас реставратор Данияр жұмысқа орналасты. Оған ескі жәдігерлерді тізімдеу және қалпына келтіру тапсырылды. Бірде кешкі жұмыс уақыты аяқталғанда Данияр мұражай меңгерушісінен:
– Аға, екінші қабатта не бар? Неге ол жаққа ешкімді кіргізбейді? — деп сұрады.
Меңгеруші жүзін суытып, жан-жағына қарай берді.
– Ол жаққа қызықпа, балам. Ол бөлмелерді көпес өз отбасымен тұрғанда пайдаланған. Кейін революция кезінде сол үйде сұмдық оқиға болған. Содан бері екінші қабатқа аяқ басуға болмайды. Түнде ол жақтан түрлі дыбыс шығады. Артық біліп қайтесің, — деді ол қатқыл дауыспен.
Данияр мұны жай ғана халық арасындағы кезекті аңыз деп ойлады. Бейсенбінің кешінде Данияр жұмыста кешігіп қалды. Сағат түнгі 22:00. Екінші қабаттан ағаш еденнің сықырлаған дауысы естілді. Біреу ауыр адымдап ары-бері жүргендей. Арасында ескі пианиноның пернелері сирек, баяу басылып, мұңлы әуен шырқалды. Даниярдың бойын қорқыныш билесе де, кәсіби қызығушылығы жеңіп кетті. Ол қолшамын алып, екінші қабатқа көтерілетін, шаң басып жатқан ағаш сатымен жоғары шықты. Жабық тұрған ауыр есіктің құлпын тот басқан екен. Сәл күш салғанда тақтайлар сөгіліп, есік ашылып кетті. Ішінен жүздеген жыл бойы жиналған шаң мен ескі жиһаздың иісі мұрынды жарады. Қолшам сәулесін жан-жаққа бағыттағанда Данияр таңғалды. Бөлмедегі барлық жиһаз, ескі креслолар, айналар, пианино тап бір иелері кеше ғана келіп кеткендей ретімен тұр. Кенет қолшамның жарығы бөлме төріндегі үлкен майлы бояумен салынған портретке түсті. Онда ескіше киінген көпес пен оның қызы бейнеленген. Сол сәтте бөлмедегі температура төмендеп, Даниярдың аузынан бу шықты. Портреттегі қыздың бейнесі көзін жыпылықтатып, Даниярға қарады.
– Келдің бе? — деген сыбыр дәл Даниярдың құлағының түбінен естілді.
Ол дауыс адамдікіне ұқсамайтын, тым суық еді. Данияр артына бұрылғанда айнаның алдында ұзын ақ көйлек киген, жүзі бозғылт қыздың бейнесін көреді. Ол қыз айнаға қарап шашын тарап отыр. Бірақ айнаның ішінде оның шашы емес, қаңқасы ғана көрініп тұр.
Шошыған жігіт сатыдан төмен қарай құлдилай түсті. Мұражайдың есігін әрең ашып, сыртқа ытқып шықты. Артынан екінші қабаттың терезелерінің бірінен сонау бозғылт бейненің төменге қарап, қол созып тұрғанын көрді…
…Келесі күні Даниярдың суық денесі табылды. Ал мұражай архивін тексергенде, бұрын ол үйде көпестің қызы жоғалып кеткені, бірақ оның денесі ешқашан табылмағаны туралы ескі газет қиындысы шықты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ай толған түндері көне үйдің екінші қабатының терезесінен нәзік шам жарығы үт етіп, ескі пианиноның мұңлы әуені сыртқа естіледі екен…
***
Қызық, мұның бәрінің бір-біріне қандай қатысы бар? Жарайды, соңғы үшінші парақты көрейін. Мұнда барлық жұмбақтың шешімі жазылған секілді. Соңғы парақтағы жазу тас-түйін, ретті жазылған екен.
«…Егер сен осы парақтарды оқып отырсаң, демек, уақыт келді. Кезінде көпес үйіндегі қызды да, ауылдағы Керейді де, осы 402-пәтердегі Аружанды да өлтiрген бір сұмдық қарғыс пен қылмыскер. Қылмыскер өз айғақтарын ауылдағы құдыққа тастап, ұрланған бағалы заттарды көпес үйінің екінші қабатына жасырған. Ал Аружан сол қылмыстың соңғы куәгері еді. Аружанның, Керейдің аруақтары тыныштық таппай, кегін алу үшін осы пәтерге әр жылдары жаңа адамдарды Айбекті, Даниярды, енді сені шақырып отыр. Сен бұл жерге кездейсоқ келген жоқсың. Қазір түнгі сағат 02:15. Артыңа қара…».
Бұл жолдарды оқып біткенімде, бөлме іші суық болып кетті. Сағат 02:15. Асүй жақтан «шалп-шалп» еткен дыбыс естілді. Бойымды үрей билеп, айнаға қарағанымда, өз бейнемнің артында сулы шаштары төгілген Аружанның, құдықтан шыққан Керейдің және реставратор Даниярдың суық сұлбалары тұрғанын көрдім. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Бойымды үрей билеп, үстімнен салқын су төккендей бір орында мелшиіп тұрып қалдым. Кеше ғана көшіп келген жаңа пәтерім 402-пәтер болатын. Бөлмедегі шам өшіп, есік сыртқы жағынан тарс етіп жабылып қалды…
Айнұр ӘЛИ,
журналист.
Қазалы ауданы
Коллаж: ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!