Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қар үстінде қалған із

30.07.2026, 6:40 23

Германия жүз жылдан бері шеше алмай келе жатқан бір іс бар. Тергеушілер оны «түбі жоқ құдық» атаған.

Оқып  отырып , арқаңыз  мұздайды.

Бавария жерінің терістігінде, Мюнхеннен 70 шақырым қашықта Кайфек деген шағын мекен бар. Соның артында, орманның қара көлеңкесіне тығылып, айналасынан оқшау тұрған жалғыз шаруа қорасы болған. Немістер оны Хинтеркайфек деп атаған, мағынасы «Кайфектің арты» дегенге сая­ды. Ең жақын көршісіне дейін жарты шақырым жол жүру керек, айналасы – жыртылған танап, жиегі қалың орман. Қыстың соңы болса да қар әлі еріп үлгермеген кез, түнде  тек желдің ызыңы естіледі. Тыныштық сонша, құлақ түрсең, жоқ дыбысты да естіп қоярсың.

Сол шаңырақта бес жан тұрған. Алпыс үштегі Андреас Грубер, жетпіс екідегі әйелі Цецилия, жесір қалған қызы Виктория және оның екі баласы, жеті жастағы Цецилия мен екідегі Йозеф. Немереге әженің атын қою баварлық шаруа ортасында әдеттегі салт болған, сондықтан бір отбасында екі Цецилия қатар жүрген. Ал Викторияның күйеуі Карл Габриэль Бірінші дүниежүз­ілік соғыс­та, Аррас түбінде мерт болды деп хабар­ланғанымен, мәйіті ешқашан табылмаған. Осы бір олқы дерек кейін бүкіл  істің  ең  қою  жұмбағына  айнал­ды.

1922 жылдың наурызында сол қорада түсіндіруге келмейтін  оқиғалар  басталды.

Ең әуелі Андреас қар үстінен із көрді. Орманның ішінен шығып, машина қоятын бөлмеге қарай тартылған адам ізі еді, есіктің құлпы сынып жатыр екен. Ал сол іздің кері қайтқан сыңары еш жерден табыл­мады, кім келсе де, қорадан шығып кетпегені белгілі болды. Түні бойы шатырдан аяқ дыбысы сықырлап тұрды, шаруа шамын алып шығып, әр бұрышты ақтарғанмен тірі жанды таппады. Ертеңіне үйдің кілті ғайып болды, асхана үстелінен Мюнхеннен шыққан бөгде газет табылды. Сол газетті ешкім сатып алмаған, айналадағы бірде-бір үй ол басылымға жазылмаған болып шықты. Андреас көршілеріне осының бәрін айтып берді, ал көмек ұсынғанда бас тартып, полицияға хабарлауды да ойына алма­ды. Соңынан осы үнсіздігі талай рет сөз болды. Хош, ол туралы  сәл  кейінірек.

Одан  ертерек, күз айында, үйдің қызметшісі  Кресценц Ригер жұмысын тастап кеткен еді. Себебін жасырмады, шатыр­дан келетін дыбыстан зәресі ұшқанын, үйде албасты бар деп  сенгенін  ашық  айтты.

31 наурыз, жұма күні түстен кейін қораға жаңа қызметші келді, қырық төрттегі Мария Баумгартнер. Әпкесі жеткізіп салды да, аз отырып қайтты, отбасын тірі көрген соңғы жан сол болды. Мария Хинтеркайфекте бір-ақ күн жұмыс істеп үлгерді. Ел орынға отырған шақта қора жақтан бір дыбыс шығып, мал маза таппай тыныштық бұзылды. Андреас, кемпірі, Виктория, жеті жастағы немересі бірінен соң бірі қораға беттеді. Табалдырықтан аттаған сайын қараңғыда тосып тұрған кетпен басына тиіп, төртеуі де сол жерде көз жұмды. Содан кейін қанішер үйге кіріп, бесігінде ұйықтап жатқан екі жастағы Йозефті, төсегіндегі  Марияны  сол  қаруымен  өлтірді.

Ең түршіктірері мұнымен бітпейді. Қанішер қылмысын жасап болған соң  сол  қорадан  ешқайда  кеткен  жоқ.

Үш күн бойы сол үйде тұрды. Малға жем салып, сиырды сауып, ас үйдегі нанды түгел жеп, қоймадағы етті кесіп алып, пешті қыздырып отырды. Аулада алты мәйіт жатқанда сол үйде тамақ ішіп, отқа жылынды. Ит үрмеді, құс ұшпады, айналадағы  жан  баласы  еш  нәрсені  сезген  жоқ.

Сәуірдің бірінде қораға кофе сататын екі ағайынды келді. Есікті қақты, терезені қақты, үйден үн шықпады. Ауланы бір айналып шыққанмен тірі пенде көрмеді, машина бөлмесінің қақпасы ашық тұрғанын байқады да, кете барды.

Сол күндері жеті жастағы Цецилия мектепке келмеді, отбасы жексенбілік құлшылыққа да шықпады, поштада хат-хабары үйіліп қалды. Осы тұста ауылда күбір-күбір  әңгіме  басталған  еді.

4 сәуірде көрші Лоренц Шлиттенбауэр тағы екі көршісін ертіп келді. Есіктердің бәрі құлыптаулы екен, қақпаны бұзып қораға кірді де, шөптің астынан төрт мәйітті тапты, үй ішінен қалған екеуін көрді. Мюнхеннен келген тергеу тобын инспектор Георг Райнгру­бер басқарды, алайда тергеуші жеткенде қылмыс орны әбден таптаулы болатын. Тамашалау­ға жиналған ауыл адамдары мәйіттерді аударып көрген, айғақ боларлық заттарды қозғаған, тіпті сол үйдің асханасында ас пісіріп жеген. Сот дәрігері Иоганн Баптист Аумюллер жарып қарауды қораның ішінде жүргізді. Сонда ашылған бір дерек бар, оны оқығанда жүрек тас төбеге шығады. Жеті жастағы Цецилия соққыдан кейін бірнеше сағат бойы тірі жатып, сабанның үстінде шашын шоқ-шоқ етіп жұлып тастаған.

Тергеу әуелі ұрлықтан ізделді, бірақ үйден мол ақша шыққан соң ол жорамал өзінен-өзі үзілді.

Куәгерлер тағы бірнеше көлеңкелі дерек берді. 1 сәуірге қараған түнде, түнгі сағат үште Симон Райсләндер деген шаруа Хинтеркайфек маңындағы орман шетінде екі адамды көрген, екеуі шаруаны байқаған бойда теріс бұрылып, жүздерін жасырған. Келесі түні қора маңынан өтіп бара жатқан шебер Михаэль Плёкль пештің түтіндеп тұрғанын байқады. Үйден біреу шығып, шамның жарығын дәл көзіне түсірген соң, Плёкль жүрісін жылдамдатып құтылды. Кейін ол бір-ақ нәрсені айтты, түтіннің иісі жан түршіктірерлік болған. Пешті ешкім тексермеді, ішінде не жанғанын бүгінге дейін ешкім білмейді.

Күдіктілер тізімі жылдан-жылға ұзарды, ондаған адам ұсталып, ешқайсысы сотталмады. Ең көп талқыға түскені қораға алғаш кірген көрші Шлиттенбауэр болды. Есіктер құлыптаулы деп қақпаны бұзған адам мәйіттерді тапқан соң үйдің алдыңғы есігін еш қиналмай ашып, ішке жалғыз кірген. Ал сол үйдің кілті қырғыннан бірер күн бұрын жоғалған еді. 1925 жылы, қора қиратылып кеткен соң, оны сол жұрттың орнынан тағы кездестірген. Не іздеп жүргенін сұрағанда, «жер тоң болғандықтан, өлтіруші оларды қорада көме алмаған» деп жауап берген. Мұндай мәліметті қайдан білгені көпті ойландырды. Өмірінің соңына дейін ол өзін «Хинтеркайфек қанішері» атағандарды сотқа беріп, әр ісін ұтып отырды да, 1941  жылы  дүниеден  өтті.

Тергеу Викторияның соғыста өлді деген күйеуі Карл Габриэльді де ұмытқан жоқ, мәйітінің табылмағаны әлдеқашан күдік ұялатқан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқыннан оралған бірнеше бавариялық немісше сөйлейтін бір кеңес офицері оларды үйіне жіберіп жатып, өзін Хинтеркайфек қанішері деп таныстырғанын айтты. Кейін біразы сөзінен қайтты, ал Габриэльмен бірге соғысқан екі жауынгер оның мәйітін майдан даласында өз көзімен көргенін мәлімдеді.

1923 жылы қора жермен-жексен етілді. Қиратқанда шатырдан қаны кеуіп қалған кетпен табылды, шөптің арасынан бір пышақ шықты. Қора орнына кішкене ескерткіш белгі қойылып, тұрғындар оны Andachtsstätte, «мінәжат орны» деп атап кетті. Іс 1955 жылы ресми түрде жабылды, соңғы жауап алу 1986 жылы өтті. Ал 2007 жылы Фюрс­тенфельдбрук полиция  академиясының  он бес тыңдаушысы істі қазіргі кримина­листика әдісімен қайта қарады. Ескі тергеудің ұқыптылығын мойындағанмен, саусақ ізін алмағанын қатты сынады. Он бесі де бір-бірімен ақылдаспай, бір адамды бас­ты күдікті деп көрсетті, тірі туыстарын сыйлағандықтан  есімін  жарияламады.

Жүз жылдан асты. Кайфек тұрғындары әлі күнге дейін қараңғы түскенде орманның шетіне қарамауға тырысады. Үйі де жоқ, қорасы да жоқ, танаптың ортасын­да жалғыз мінәжат тасы тұр, кейде түбіне гүл қойылады. Ал орманнан келген  із  әлі  күнге  кері  қайтқан  жоқ…

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Коллажды жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: