Үміт ЗҰЛХАРОВА,
cатирик-жазушы
ІШІП КЕТТІМ
Жап-жақсы қойып кеткем. Бетім тегістеліп, өңім ашылып, әрім кіріп, тым жақсы жүрдім. Бұрын неге өзімді қинап келгем? Адам деген ең алдымен өзінің қас жауы екен-ау. Әйтпесе біреу аузыма құйды ма, ішпесең өлесің деді ме? Денсаулық ең алдымен өзіме керек қой. Оны пәледей түсініп тұрмын. Осынша «жоқ, болмайды!» дедім өзіме. «Ешкімнің айдақтауына ермеймін, дәтім берік» деп өзімді қайрап, бір ай жап-жақсы жүріп едім.
Бәріне Сәуле кінәлі. Ішуге әуестігі барын біліп маңына онша жоламай жүргем. Ындыны кеуіп тұрғанда оны тоқтату мүмкін емес. Бір ішсе түбіне жеткенше қоймайды. Өзі ішкенімен қоймай қасында отырған сені де «ала кетеді». «Менімен серік бол, жалғыз өзім ішем бе сонда?» дейді де сол баяғы.
Кеше де телефон соғып, «бір қызық айтам» деді. «Сен естісең ғой, шок боласың!» деді. Еліктіргені сонша, қалай үйге шақырғанымды білмей қалдым. Үйге келген соң бітті ғой. Оған қалайда «бірдеңе» беру керек. Оның үстіне бүгінгі күннің «бомба» жаңалығын Сәуле аузының суы құрып айтып отырғанда қалай жай ғана тыңдайсың?! Оның шым-шытырық әңгімесін тыңдай жүріп қалай үстелді «жасап» жібергенімді байқамай да қалыппын. Сәуленің «ойпырмай, қонақ келгенде қол қусырып отыра бермейтін шығарсың?» деген сөзіне де шыдап тұра алмай сол…
Айтып-айтпай не керек, бір ай бойы төзімділікпен, табандылықпен тайсалмаған шыдамымды ысырып қойып… рақаттана сіміріп жібердім. Маңдайдан тер бұрқ етті…
Бір ай ұстаған диетам, тек су ішіп жүрген тәртібім осылайша адыра қалып, сүт қатқан қою күрең шайды шөліркей сімірдім дейсің! Сораптап отырмын, сораптап отырмын. «Диета» деп өлеміз бе, құрысын. Ішіп кеттім…
ҒАЛЫМ БОЛДЫМ…
Ғалым болдым, мінеки,
«Шабытымды шақырып».
Айғайлап тұр тақырып.
Қорғаймын деп докторлық
Тыным таппай жатырық.
Болып алсам зор ғалым,
Жерге тимей қақырық,
Таныс-тамырды шақырып,
Тойлармын-ау жапырып…
Құпиясы қорғаудың –
Іздену емес қапылып.
Сөйлесең болды сапырып.
Беріп қойсаң болды ғой
Тиын-тебенін ақырын.
ҮКІМЕТ ҚҰДАЙҒА СЕНЕДІ
Мәжіліс төрағасы:
— Мырзалар, созбалай бермей БАҚ туралы кезекті заңды қабылдайық.
Депутаттар:
— Қабыл болсын!
***
Депутаттар:
— Шекарамыз ашық-шашық жатыр. Бұл жайбарақаттық елімізге қауіп төндіруі мүмкін.
Сыртқы істер министрі:
— Құдай сақтасын!
***
Қоғам белсендісі:
— Бюджетті талан-таражға салған жемқорларды аямай жазалау керек!
Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті:
— Алла жазасын берсін!
Әне, Құдайдан қорықпайды дейсіздер, біздің Үкімет Құдайға сенеді!
ОСЫНДАЙ БІЗДІҢ КӨКЕМІЗ
Пайдасын ойлап
Жортатын көкем,
Жұтса да тасты
Қорытатын көкем.
Туысқан, құда,
Дос-жаран, жекжат,
Жамағайынына дейін
«Жарытатын» көкем.
Тендердің бәрін
Ұтатын көкем.
Проблема көрсе
Зытатын көкем.
Қолынан келсе
Қонышынан басып,
Шайнамай бәрін
Жұтатын көкем.
Таныс пен тамыр
Қуатын көкем.
Жоғарыдан ығып
Бұғатын көкем.
Әлсізді көрсе
аяқтан шалып,
Жолын да кесіп,
жығатын көкем.
Маңына ешбір
Жолатпайтын бөтен,
Осындай біздің
Басекең-көкем.
Быды-быды
ПАРАМЕН БӘРІ БІТЕДІ
— Не үшін сотталып жатырсың?
— Пара алғаным үшін.
— Енді не істемексің?
— Пара беріп, істі жапсам деймін.
КЕР ЖАЛҚАУДЫҢ АРМАНЫ
Е-е, шіркі-ін!
Сөзіме жұрт құлақ салса екен,
Бар назар маған ауса екен.
Жұмыс істеп шаршамай,
Аспаннан ақша жауса екен.
Бар атақ маған келсе екен,
Есімім Гиннеске енсе екен.
Көшесіне туған ауылдың
Атымды ойып берсе екен.
Кіл қаймақтар ішінде
Жарқырап, жайнап жүрсем ғой.
Вундеркиндтен қалыспай,
Кемінде бес тіл білсем ғой.
Атақтың бәрін алсам ғой,
Әлеуметтік желіні жарсам ғой.
Бірде ана, бірде мына елде,
Шетелге күнде барсам ғой.
Креслоның көкесін көрсем ғой,
Бұйрықты шетінен берсем ғой!
Танымайтын жұрт қалмай,
Алшаңдай басып жүрсем ғой.
Жік-жапар боп бәрі мақтаса,
Асты-үстіме түсіп баптаса.
«Сіздікі дұрыс, дұрыс!» деп,
Сөзімді халық жақтаса.
Келмейді жанды қинағым,
Ойламасам екен үй қамын.
Жарата беретін шетінен
Банкте тұрса жинағым.
Кіл дөкей болса достарым.
Орындала берсе жоспарым.
Осы ғой менің қалауым –
Жалқауға мені қоспағын.
Суретті салған Еркін Нұразхан
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!