Рахымжан ОТАРБАЕВ
– Сенің мінезің мойенез сияқты. Кез келген салатқа салуға болады, – деп бір жігітті «мақтадым».
***
Қазақ теміржолының генералы Амангелді аға Селбаевпен көп сырластым. Білім мен бипаздық тұлабойында шүпілдеп тұр. Кісілік пен түсініктің қамшы салдырмас ақ жорғасындай азамат осы!
***
Аязға үсіп, күнге пісіп, кешегі көкелеріміз елдің бар дәулетін құрап еді. Капитализммен қосылып біз оны шайтандай шаштық.
***
Әдебиет пен өнер, руханияттың халі мүшкіл. Бәрінің күнәһары – капитализм. Өлім келсін!
***
Мәскеулік ақын-жазушылармен дастарқанда отырып: – Мир еще нуждается в нас, – деп қалып ем, тосын жаңалық естігендей дуылдасып кетті.
***
Найзағай күміс қайшыдай жалт-жұлт етіп қазбауыр бұлттарды қиғылап жатты. Менің де осы сәттегі көңіл күйім осыған ұқсас еді. Сондықтан да табиғатты жан-дүниеммен құшақтап тұрдым.
***
Мөлттей қара түн. Аспаннан жұлдыз тайып, көкжиекке құлап барады. Менің жұлдызым емес пе екен?
***
Алақанынан адал еңбектің иісі шығып тұратын баяғы шалдардың көзі азайды. Қазірде жұрт ақшаны саусақ ұшын қыбырлатып табуға көшті.
***
Осы ағам атының құйрығын түйіп алып, жалғыз шапқаннан басқа шаруасы жоқ. Бір күні ер-тұрманымен қоса ат құйрығынан сыпырылып түсіп қалайын деп жүр ғой.
***
Көкшетауға кетіп бара жатыр ем. Жолай бір табын жылқы көрдім. Көлікті тоқтатып, көк шалғында жайылып жүрген малды араладым. Бие, құлын-тай, өңшең саяқ, оқыранатын айғыры жоқ. Бас иесіздік жылқыға да келген бе?..
***
Қазақ өзгеге төрін берсе де төрелігін бермеген еді. Қазірде төрде – жаттың құйрығы, төрелікке – өзгенің аузы. Біз болсақ «Елім менің» деп әндетіп жүрміз.
***
Досымның баласы. Құда түсіп, үйленгелі жүрген. Жол апатына тап болып, аяғын сындырды. Дәрігерлер сүйегін жинап, гипс салып берген. Әбден біткенде жүріп көрсе, бір аяғы бір аяғынан 7 сантиметр кем. Дайын ақсақ боп шыға келді. Той мерзімі таяп қалған.
– Ақсаққа тимеймін, – деп болашақ келін шыр салсын. Тіпті көнер емес. Әкесі дәнекерлікке мені жұмсаған. Тәтті-тәтті сөйлеп жұмсарт, ел-жұрт тойға шақырылып қойылған, қара бет болуға айналдық, – деп.
– Шырағым, ақылға кел, ол бәтшағардың аяғына емес, өзіне тиейін деп жатырсың ғой, – деп сөз бастағам, тіпті өршіп кетті. Бас қатты. Тәуіпке көрсеткен, сүйек қате түскен, жылқының майын әкеліңдер, сындырып қайтадан салам дейтін көрінеді.
Бала болса, сындыртпаймын, осыған үйреніп қалдым, деп зыр-зыр қашады. Әке-шешесі қан құсып отыр. Не істеу керек? Ақыл азды, ой тозды.
***
«Бізге біткен бес еркектің буы бар» деп Махамбет атамыз да өтіп кетті. Сол Махаңнан қалған бу шығар, бізді де арнамыздан шығарып, бүлдіріп жүрген…
***
Әнес Сарайдай жазушы жоқ. Бір ғылыми институттың атқарар шаруасын жалғыз өзі кәтепті қара нардай арқалап алып шықты.
***
Шетелде көп қаңғимын деп қалтамды қазып біттім. Тіпті қайыршының да қолына ұстататын ұсақ қалмады.
***
Халықаралық театр фестивальдерін өткізген соң көркем сабыр таптым, жүрегім орнықты.
***
Алматыдағы «Көк базардың» алдында бал ашып жүретін 7-8 сыған әйелмен дос болдым. Достығым оларға «Фольклор русских цыган» деген кітап беруден басталды. Бір күні әлгілер: – Сені баронымыз қонаққа шақырып жатыр. Түнімен лаулатып от жағамыз. Ай астында ән мен биімізді тамашалайсың. Еркіндіктің ерке назын сезінесің. Кешікпей кел. Күтеміз, – десін. Тұрағы Талғар беттегі Ново-Алексеевка селосы екен. Әне-міне деп жүргенде бара алмай қалдым. Әлі күнге өкінемін.
***
Кешегі Кеңес кезінде күз болса бітті партиялық газеттер «Күйек алу науқанын үлгілі өткізейік!» деп ұрандатып мақала басатын. Соны ойласам, қазір де ұяламын. Қошқары түскір ұраныңызды қайтсін?! Бабы келсе болды емес пе…
***
Сейтек күйші қол-аяғы кісенделіп Сахалинге айдалған. Өткен ғасырдың басында ол жерде кімдер ғана болмады дейсің! Саяси тұтқындар, алаяқтар, қанішерлер… Бәрі-бәрі сонда тоғытылған. Толық картинаны көру үшін А.Чеховтың «Остров Сахалин» кітабы мен «Убийство» әңгімесін оқысақ жетіп жатыр.
1905 жылы орыс-жапон соғысы кезінде қараусыз қалған түрмеден Сейтектер 16 адам боп қашып шығады. Жалғыз қазақ өзі. Қыс іші. Тайгада адасады. Тамақ таусылады. Айнала толған аш аю, бөрі…
Қашқындардың көбі аурудан өледі, кейбірін аю жеп қояды. Ең соңында Сейтек пен бір орыс қалады.
Соңында Сейтек елге жаяу-жалпы жалғыз өзі жетті. Жанындағы жолдасы жоқ. Сұраса күмілжіп, үндемейді дейді. Аюға емес, асылы сол Секеңнің өзіне бұйырды-ау, деймін.
***
Он ағайынды болсаң да кіндігіңді кесіп жіберген соң бір жалғыздық пенде басына түспей тұра ма?
***
Миллиард доллар жинаған бар. Дұрыс шығар. Бірақ менің ойыма осы есеп-қисап сіңбей-ақ қойды. Оны қайда жаратады? Әлде бұл спорт сияқты жарыстың бір түрі ме? Әлде тағы, тағы… Адамның көзі майланып түк көрмей қала ма?
Жалпы адам 100 млн доллардың өзін емес, банк беретін жылдық сыйақысын да оңды-солды шашып тауыса алмайтын көрінеді. Бұл – долбар емес, ғылыми дәлел.
Өздері біледі де…
***
Ауылда тұратын Қадірақын деген жеделдес ағамыз ЦОН-ға келіп куәлік алған. Су жаңа. Қайтар сапарда куәлігіне сүйсіне қарап тұрған, бір кезде бақырып жіберді. Дауысы әлем-тапырық. Шошып кеттік. Бақсақ атын Қарақатын деп қате жазған. Күлкі дұшпан ғой, тоқтай алмай қойдым. Жатып кеп маған ренжіді. ЦОН-дағы шүрегей қыздарды балағаттады. Кері барайын десе сенбі, жексенбіде ол мекеме тарс жабық. Онымен қоймай: – Ештеңе етпес, қалған ғұмырда… – деп және күйдірдім.
Қайтсін, ауылдан әжептәуір азамат боп келіп еді, қаладан Қарақатын боп қайтқасын.
***
Ауылдарды біраз араладым. Әсіресе өндірісі, теміржолы жоқ жердің жағдайы қиын. Халық аз, жұтаң. Тырнауыштың тісіндей сиреп қалыпты. Жастардың дені қаладан пана тауып жатыр. Кәсіп жоқ болған соң кінәлай алмайсың.
***
1995 жылы Қырғыздың Ұлттық театрында «Әбутәліп әпенді» деген комедиям қойылды. Режиссері – Ескендір Рысқұлов. Халық артисі, аса талантты тұлға еді. Ажырамас дос еді, ол да баһиға жүзін аударды. Ал, спектакль өте табысты жүрді.
Премьераның соңына сахнаға Қырғызстанның мәдениет министрі Чолпанбек Базарбаев көтеріліп, құттықтап, маған қомыз сыйлаған, Чолпанбек өзі биші, сымбатты да сұңғыла азамат еді. Кейіннен Ыстық көлден келе жатқанда апатқа ұшырап, таудан ұшып қаза болды. Өкінішті-ақ!
Ал, қомызын көзіндей көріп әлі күнге сақтап келемін.
***
Билік пен байлық тым асқынып тұр. Мұрындарынан ақ құрт ыршиды. Елдегі кедей-кепшіктің жағдайы күн санап құлдырап барады. Жоғары жақ пен үстем тап өкілдері анда-санда көңіл аулар сөз айтады. Бірақ оны тыңдар құлақ қалмай барады. Ара жік ашылып болды. Бірінің лебізін бірі ұқпаған кезде… Төбелес басталатыны белгілі.
***
– Құмырсқаны да өлтірме. Тіршілік иесі. Олардың да өмір сүруге құқы бар, – деп балаларыма үнемі айтып отырамын. Олар да соған дағдыланған. Көшеде жүрсе де қапияда басып кетпейін деп аяқ астына абайлап қарап жүреді.
Тілекке қарсы бір көктемде үйімізде кішкентай құмырсқалар пайда болды. Және де бірен-саран емес. Қарасы мол. Ерсілі-қарсылы жүгіреді. Бөлмеге қайдан еніп жатқаны белгісіз.
Балаларым аңтарылып маған қарады. Мен шарам таусылып құмырсқаларға қарадым.
– Өлтірмеңдер. Шаңсорғышты іске қосыңдар, – дедім сосын.
Табиғатқа жанашырлығымның түрі осы.
***
Осыдан 15-20 жыл бұрын бір-екі рет пара алдым. Сол кез үшін қомақты сома. Дәл есімде жоқ, шамасы біреудің қиюы қашқан шаруасын бір мықтыға айтып, шештіріп берсем керек. Сол күні үйге әжептәуір кісі боп келдім. Өзіңді адамға, қоғамға керек екеніңді, қолыңда бір тетіктің (рычаг) бар екенін сезіну бақыт емес пе?
Шындап келгенде менікі пара емес, жай делдалдық болса керек. Тіпті шаруасы оңғарылған азаматтың айтқан рақметі, шай-суы десе де жарасар.
Көрдіңіз бе, статьяны қалай-қалай құбылтамын.
***
Кедейдің бар байлығы – денсаулығы.
***
Малды алса, мүлікті, ақшаны алса, ештеңе емес. Орны толады. Ең сорақысы – қазақтың санасын тонау алқынып барады.
***
Ит көп болса қой санатпайды. Қой таусылды. Ал, иттер көбейіп барады.
***
Ақшасы құрсын, ең бастысы – көңіл қарызы. Әсіресе қазақта көп. Соны өтеймін деп бір ғұмыр таусылатын шығар?
***
Осы жігіт жүрген бір жылы су. Құйрығың шылқып кеткенде бір-ақ білесің.
***
Ақша – материалдық игілік. Ол культке айналмауы керек. Ақшаның мөрін жалаған Америка, Европаның халқы адами бет-болмысын жоғалтып, роботқа айналып кетті. Не тапты? Жоғалтқан бәс жетпес құндылықтардың орнын ақша толтыра ала ма?..
Рухани құндылық культке айналған елдердің бағы үстем.
***
Қарғаның тіршілігін біраз бақыладым. Осы – белгілі дәрежеде ақылды құс. Рас болса 250-300 жыл жасайды деседі. Ел арасында неге екені сүйкімі аз. Бақыласам бұлардың да өз территориясы, «меншігі» бар екен. Мәселен, үй, аула, қоқыс, т.б. Ертеңді-кеш соны қориды. Өзгелер кіріп кетіп, тәртіп бұзса шұқысып, қанаттарымен сабаласып қуысады. Ұя басқан кезде өте қызғаншақ, қырағы. Ұлым Ермерей мектептен келе жатып ұясына тас лақтырған ба, әйтеуір екі қарға (ерлі-зайыпты шығар) қуып жүріп талап басын қанатып жібергені бар.
Кісі таниды. Тіпті көңіл күйіңізді де білетін сияқты. Қолыңдағы таяқ пен мылтықты айырады. Бір жігіт қоқыс кезіп, тамақ теріп жүрген екі-үш қарғаға мылтық кезенген, аттырмадым.
– Бұлар бәлкім сенің бабаларыңның көзін көрген қария қарғалар шығар. Бабаның замандасын өлтіруге қалай дәтің барады? – деп тоқтаттым.
Ойланып, ойынан қайтты. Расында да!
***
2006 жылдың қақаған қысы. Қаңтар, ақпан айлары өгіздің өзін өкірткен аязды болды. Президент Әкімшілігіндемін. Әлі үй алмай 2 бөлмелі пәтер жалдадым. «Дипломат» қонақүйінің жаны. Бір күні кешкі шайымды ішіп отырсам, газплитаның астынан шиқыл қаққан дыбыс естіледі. Қоймаған соң қарасам, тышқанның екі баласы жатыр. Үсті-басы қызылшақа. Шешесі жылы жерде туыпты. Басымды көтерсем есік бұрышында құттай тышқан тұр. Жүні қап-қара, көзі жылтыл қағады. Шамасы, үрейленіп тұрған сыңайлы. Аяп кеттім. Сосын кішкене табақшаға сүт құйып, газплитаның астына қойдым. Нан қиқымын септім. Осы тірлік күндегі әдетіме айналды. Құттай тышқан (анасы шығар) жүні құлпырып семірді. Тіпті менен қорықпауға айналды.
Бір күні кеште пәтер иесі әйел келсін. Тышқанның балалары тағы да шиқылдап қоя берді.
– Бұл не дауыс? – дейді түсінбей.
– Тышқанның баласы. Екеу. Босанғанына он шақты күн болды, – деймін мен де.
– Ойбай, далаға шығарып тастау керек, – деп тұра ұмтылды.
– Мына аязда қатып өледі ғой. Тимеңіз. Сүт беріп бағып жүрмін, обал ғой. Көктем шықсын.
Әлгі әйел менің жүзіме үрейленіп қарады. Осы адам өзі… Қайта-қайта бас шайқайды. Не ойлағанын сезіп отырмын. Жедел басып шығып кетті.
Кешікпей мен де пәтер алып, өз үйіме көштім. Бейкүнә мақұлықтардың одан кейінгі тағдыры беймәлім. Қайтсе де маған риза шығар.
***
Пекиннен Акбар Мажит келді. Жанында 7-8 қытай азаматы бар. Әртүрлі сала бойынша келіпті. Негізгі мақсаттары – ЭКСПО жайы. Алдымен Алматыға түсті. Ибрагим, Абат үшеуміз қарсы алдық. Акбар досым, ұзақ жылдан бері сыйластықтамыз. Қытай Парламентінің мүшесі. 24 жасында Қытай мемлекеттік сыйлығын алған атақты жазушы. Абыройлы тұлға. Жанында Лу Давей де бар. Онымен де доспыз. Ол – Пекинде шығатын «Қытай колалары» деген саяси журналдың бас редакторы. Сапарымыз Алматы-Атырау-Астанаға жалғасты. Көп әңгіме, сыр-сұхбат өтті. Екі жаққа да пайдалы. Астанада әңгіме, келіссөзге Ільяс пен Ғабит те қосылды. Қонақтар кері аттанарда бізді Пекинге шақырып кетті.
***
Бүгін жайсыз хабар келді. Алматыдан. Закаш Камалиденов ағамыз қайтыс болды. 80 жасында. Мемлекетіміздің аса үлкен тұлғасы еді. Ақыры саяси, лас ойындардың құрбанына айналды. Өкінішті. Закаш ағаның адалдығын, азаматтығын аңыз ғып айтса жарасар. Соншама биікке өрлеген бағы Жайықтың жарға соққан толқынындай тез қайтқанын айтсаңшы… Өзін жатсынған Алматыға жерлемей елге әкелу керек еді. Көктөбеге қоятын болыпты. Сүйек шашылмау керек қой.
***
Көп достарымнан, сыйлас азаматтардан айырылдым. О дүниеге әртүрлі жағдайда аттанып кетті. Солардың ішінде Жұмабек Мұханның қазасы аса ауыр тиді. Жандүниеміз жарасқан айналайын еді. Шардарада әкесі Сейілхан ағаның жанынан топырақ бұйырды. Қайтейін, қоймай жыладым…
***
Әдебиеттегі ұстазымның біріне «Парасат» орденін алғанымды айтып едім.
– Геройлыққа жақындап қалыпсың ғой, – деді. «Құтты болсын» дәметіп ем. Бары сол! Бұл не көреалмаушылық па? Әлде бір қаңылтырды менен қызғанғаны ма? Ішім мұздап жүре берді. Сол кісінің шаруасы болса, дымым қалмай жүгіретін ем. Байланысты кілт үздім. Көңілім ағармай қойды.
***
Көп адам мені түсінбеді. Мен де түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой, деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш.
***
Басы ауырып тұрғанда орысқа жүз грамм арақ берсең, кемі екі жыл сәлем беріп жүреді. Ал, қазақ ше? Арағыңды ішеді, сосын саған ақыл айтады. Тыңдамасаң сабап кетуге бар. Өзіне жетпей жүріп…
***
Қырық жылдан бері қалада тұрамын. Далалықтың иісі де қалмаған. Ауыл деп айтқан әңгімелерімнің бәрі – өтірік. Өйткені сағыныш жоқ. Жай естелік қана. Әлде сағынатын адамдар қалмаған соң ба?..
***
Ауылға бардым. Ақсақалдар ашулы, мұң шақты. Жайлымдық жердің бәрін жекеге беріп жіберген. Олар қоршап қамтып алған. Өріс қалмаған. Мал топырақ жемейді ғой.
– Тышқақ лағы жоқтар жекеменшік жерінің шөбін шауып, малы барларға сатады. Жерді алдымен бізге беру керек емес пе? – дейді.
Қиюы қашқан тірлік. Алдымен ұрыс шығып, соңы төбелеске айналып кетсе, таң қалуға болмас.
***
9 мамыр. Атырауда күн көзі көрінбейді. Қазбауыр бұлт тұмшалады да тұрды. Түс ауа қара нөсер төкті. Жуандығы саусақтай. Соғыста шаһит кеткендерді ойладым… Азалап жатқандай. Әкемнің ағасы Нұрғали да қан-қасаптан оралмаған. Хабарсыз кеткен. Әжем айтып, жылап алатын. Фотосы да жоқ. Жаңа үйленген шағы екен. Ұрпақ қалмаған. Келіншегін хабарсыз кетті деген соң біреу азғырып алған. Әлде өзі тиген. Соңын күтпеген. Қайтсе де атам мен әжем сол келініне өкпелі еді. Кейін 1971 жылы желтоқсан айында атам баһи кешті. 91 жасында. Естияр баламын. Бір қадесінде қараторы бір келіншек босағаға отыра қап, көп жылады. Бір ауыз сөз айтпай шығып кетті.
Әжемнен сұрадым – Бұл кім? – деп.
– Нұрғалижанның баяғы жұбайы ғой, – деді елеусіз.
Сол кез жас та болсам өшпей жүрген ұят пен өкінішті көріп ем. Арада отыз жыл өтсе де!
Қара нөсер тоқтар емес!
***
Көкем Отарбай ұста еді. Күміске қара бағдар салған зергер. Одан өзге самаурынның оттығы, қазанның тесігі, көсеу, қырықтық, сынған кесе, санап тауысасың ба, ертеңді-кеш көрігінің аузынан от үзілмей тұратын. Ұзын бойлы, ақ сақалды, аппақ көйлек-дамбалды өзі де аққұба қария терлеп-тепшіп балға мен төсті айтыстырып жататын. Бір ғажабы түнде өзі үйде отырса да, тап өзіндей бір қария көрік үйінде (ұстахана) тықылдатып темір соғып шығатын. Көрші-көлем қараңғы түссе маңынан жүруден қорқатын.
Біреулер ынтығып сұрай қалса, үндемей күлетін де қоятын. Аруақты адам еді.
Қайтыс боларда әкем Қасымғалиды жанына шақырып алып:
– Көрігімді қабірге бірге салдыр. Аяқ жағыма қой. Енді оны ұстайтын бала жоқ, – деп аманат айтты. Бірге жерледік.
Темір соға алмадым. Күміске қара бағдар салғандай ғып жазып жүрмін бе, жоқ па, қайдам?
***
Атам-әжем, әкем-шешем, інім-қарындасым, апаларым бәрі-бәрі о дүниеде. Мен жалмауыз неге тірі қалдым екем?!
***
Өмір біреу болғанмен кезек екеу. Мен де аянбаспын…
***
Дүниежүзінің зоологтары ең сұлу мақұлық жылан деген қорытындыға келіпті. Өйткені, оның дене бітімінде бірде-бір кінәрат жоқ екен. Оттай береді. Сәйгүліктен артық дейсің бе? Ат жалын тартып мінбеген әлде кімдердің әңгімесі.
***
Халық әндерінің көбі – сексуальный әндер. «Оралыңның барында ойна да күл», «Ойнамасам, күлмесем, басылмайды мауығым», «Көрейін өз сорымнан ұстап алса», «Қарбызыңның қызылын маған жарғыз», «Арқасы жалғыз жатса мұздамай ма?». Санап тауысарсың ба?
Өңшең ойнасшыл шалдар ғой. Тоқал-тоқал деп Парламентке маза бермей жүргеніміз содан шығар?
***
Үйде жылқының мүсіні мен суреті көп. Соларға аялап қараймын да отырамын. Ертеңді-кеш ат арқасынан түспей тақымы ақ сор боп, қолтығы тер сасып кеткен қара шалдардың ұрпағы ек. Қалада тауықтың бұтын жеп, алманың шырынын ішкен біздерде не ірілік қалды дейсің?
***
Жұбайым Сәуле екеуміз қонаққа барғанбыз. Түн ортасында шықтық. Тастай қараңғы. Көшенің жарығы сөніп қалған. Адасып жүріп үйімізді әрең таптық. Үй иесі есік көзінде қоштасып қалып қойған. Ал, иті жанымыздан қалмай үйімізге дейін еріп келді. Риза болғаным сондай «Иесі ит екен де, иті азамат екен» дедім әзіл-шыны аралас.
(Соңы. Басы өткен сандарда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!