Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы Қызылорда қаласының әуежайында Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысынан жеңіспен оралған полицей қызды анасымен бірге күтіп алды. Еліміздің мәртебесін асқақтатқан әріптесін құттықтап, құрмет көрсетті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Спортшы полицейді әуежайдан құшақ толы гүл шоқтарымен және көтеріңкі көңіл күймен қолдаушылары мен әріптестері оркестрмен күтіп алды.
«Өздеріңіз білесіздер ағымдағы жылғы 1-5 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында арнайы күштердің 6-шы халықаралық турнирі өткен болатын.
Жоғарыда аталған байрақты бәсекеге біздің әріптесіміз, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы, полиция капитаны Төлекова Лаура Қарабекқызы Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөліністерінің әйел қызметкерлерінен құралған «Томирис» командасының құрамында үздік өнер көрсетіп, 5 күнге созылған халықаралық жарыста командалық есепте 2-орынға ие болды.
Біз әріптесіміз Лаураның жеңісімен мақтанамыз, Лаура Қызылорда облысы Полиция департаментінің ғана емес, халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап келді.
Бүгінгі қуанышымызға Лаураның анасы қатысып отыр, София Қармысқызы, Сізге осындай қызды дүниеге әкеліп, тәрбилеп өсіріп, біздің қатарымызға қосқаныңыз үшін үлкен алғыс білдіремін. Жеңісіміз құтты болсын!» деді ризашылығын білдірген Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі О.Омаров.
![](https://halyqline.kz/wp-content/uploads/2025/02/sajtqa-2-2-1024x683.jpg)
Еске салсақ, Дубайда SWAT Challenge халықаралық жарысы өтті. Онда 100-ден астам елдің күштік құрылымдарының арнайы бөліністерінің қызметкерлері бақ сынасты. Биыл алғаш рет бұл жарыста ерлермен қатар әйелдер құрамасы қатысты. Кедергілер жолағын еңсеру барысында әйел-офицерлер ептілік пен атыс дағдылары бойынша ерлерден қалыспай өнер көрсетті. Дубайдың төрінде өткен жауынгерлер жарысында олар біршама команданы артта қалдырды. Жарыстың үшінші күнінің қорытындысы бойынша 50-ден аса команданы басып озды. «Томирис» командасы барлық сынақтан сәтті өтіп, ерлер командаларымен терезесі тең өнер көрсетті. Нәтижесінде әйелдер арасында Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді.
Қазақстанның көк туын желбіретіп, биік дәрежеде еліміздің атын шығарған «Томирис» әйелдер командасының құрамында Сыр елінің тумасы, Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкері, ЖҚАЖ инспекторы, полиция аға лейтенанты Төлекова Лаура Карабеккызы болды. Полицей қыз барлық сыннан сүрінбей өтіп, ерлермен иық теңестіре, керемет нәтиже көрсетті.
Өз кезегінде полицей қыз алдағы кезеңдерде өтетін әлемдік жарыстарға үлкен дайындықпен барып, көк туымызды көкке көтеретініне уәде етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!