Әкімдіктер 40 млрд теңгеге жуық мақсатты трансферттерді игере алмады. Бұл туралы Мың теңге телеграм арнасы жазды.
Оның 93 пайыздан астамы даму бағдарламаларына берілген.
2024 жылы республикалық бюджеттен 1,9 трлн теңге бөлінген, оның 276,4 млрд-ы – қазіргі бағдарламаларды, 1,5 трлн-ы – даму бағдарламасын жүзеге асыруға арналған. Finprom мәліметінше, әкімдіктердің мақсатты трансферттерді орындау көлемі 97,9%-ды құраған, сонда игере алмау көрсеткіші – 2,1%. Пайызға қарасақ, соншалықты көп емес секілді, ал санға шақсақ – 40 млрд теңге шығады. Мұны әрине, аз деп айту қиын.
Қаражатты мейлінше түгел жұмсаған – Астана әкімдігі. 88,3 млн теңге артылған, тиісінше ол бюжетті үнемдеуге қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы 99,9%-ға игерген. Діттеген мақсатына жетпеген қаржы көлемі – 69,8 млн теңге, оның 8,1 млн-ы – үнемдеу, 61,7 млн-ы – игерілмеу.
Қызылорда облысындағы артылған қаражат көлемі – 120,8 млн теңге, оның 36,6 млн теңгесі үнемдеуге қатысты болса, 84,3 млн теңгесі игерілмей қалған.
Үздік бестік қатарына Түркістан облысы мен Шымкент кірген. Олардағы игеру үлесі – 99,8%.
Аутсайдерлер:
Маңғыстау облысы – бөлінген қаржының 85,1%-ы игерілген (16,9 млрд теңге жұмсалмаған);
Атырау облысы – 94,2% (4,2 млрд теңге игерілмеген);
Ақмола облысы – 97,2% (3,5 млрд теңге игерілмеген).
20 өлкенің тоғызында игерілмеген қаржы көлемі 1 млрд теңгеден асып түскен.
«Бұл айтарлықтай проблема. Себебі қаражаттың барлығы дерлік халықтың өмір сапасын жақсартатын әртүрлі жобаларға бағытталуға тиіс еді. Алайда түрлі себеппен бұл мақсат орындалмады», дейді Finprom сарапшылары.
Дереккөз: abai.kz
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!