Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еттен басқаны жеп көрмеген халық қойша қырылды»

26.05.2020, 9:50 942

HALYQLINE.KZ ХХ ғасырдың басында қазақ халқының аштан қырылып кетуіне түрткі болған ең үлкен себеп – қолдағы бар малын тартып алуы болды. Малмен күнелткен, шөп-шаламға онша әуестігі жоқ, еттен басқаны жеп көрмеген халық содан қойша қырылды. Тіпті, коллективизация кезінде кедей-кепшіктің малына дейін талап алыпты. Осы жерде атап өтпесе болмайтын бір факт бар. Соғыс жылдарында қазақ даласына қаншама ұлт жер ауып келді ғой. Кавказдан қаншамасы келді. Оларды осында не үшін айдап әкелді деп ойлайсыз? Сталин Кавказдағы кейбір халықтардың жерін солардан тазаратқысы келген екен. Қазақ даласындағы қолдан жасалған ашаршылықта да тура сондай жымысқы жоспардың шеті қылтияды.

Яғни, қазақ даласын қазақтан босатпақшы болған. Содан ол қазақтар «қужақ» деп атап кеткен Голощекиннің қолымен геноцид ұйымдастырып, өзі оны көрмегендей, естімегендей болып отырды. Қазақ даласын аштық жайлағанын білген, әйтпесе. Америкадағы үндістердің басынан өткен жағдайды да білген секілді. Басқыншылар үндістерді ары айналдырып, бері айналдырып жеңе алмағанда, олардың фольклорын зерттеп көрген ғой. Сөйтіп, үндістердің ауыз әдебиетінен «бизондар өліп, жұрт әбден ашықты» деген сөзді тауып алады да, көктен сұрағаны жерден табылғандай қатты қуанады. Содан олар бизонды қуалап жүріп қырады. Бизонды атып бітіргеннен кейін соған дейін алдырмай келген үндістер өзі-ақ баудай түсіп, аштан өле бастапты. Қазақты түгел қырып үлгермесе де, Сталин көздеген мақсатына жартылай болсын жетті. Кезінде қазақтың астанасы болған Орынбор мен біраз жерді Ресейге қаратып алды ақырында. Бұл геноцидтың басқа бір себебі болуы мүмкін емес сияқты…


Жолымбет МӘКІШ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: