Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Парықсыз популизм пәлесі немесе экономика мен идеологияның сәйкессіздігі туралы

15.07.2024, 11:15 692

HALYQLINE.KZ

Несін айтасыз, күнделікті хайп заманы болып кетті ғой. Қоғамдық пікір әлеуметтік желіде көтерілген шулы (көп жағдайда дүдәмал) бір оқиғаның соңына түсіп алады да, соны апта бойына қызу талқылап, кейін… оны ұмытып кетеді. Өйткені келесі бір хайп пайда болады.

Осылай жүріп біраз уақытымызды өткізіп алдық. Қоғамда, экономика мен әлеуметтік салада, ішкі және сыртқы саясатта болып жатқан күрделі процестер мен оқиғаларға терең бойлап, олардың себептері мен салдарын жіліктеп беру деген атымен жоқ!

Осы орайда Жаңа Қазақстанның алғашқы кезеңіндегі ресми ақпарат саясатының мүшкіл жағдайына қатысты бір ой келеді.

Меніңше, бүгінгі күннің басты диагнозы сол: мемлекеттік саясат және соған тәуелді қоғамдық ой оқиғалардың соңында келеді!

Мемлекет тарапынан күн тәртібін анықтау жоқ (әрине, кей сәттері жоғарыдан реттелетін саяси технологиялар сезіліп қалатыны рас, бірақ ол технологиялар басты тақырыптарды қамтымай, өсек пен төсектен, кәкір-шүкірден аса алмай жатады).

Болуы ықтимал тенденциялар мен оқиғалардың алдын алу туралы айтудың өзі ұят, ол жағы тым-тырыс.

Кейде биліктің өзі әлеуметтік желілердегі жеңіл тақырыптар мен тұрпайы популизмнің ығынан шыға алмай жатады.

Мәселен, бүгінгі күннің ең басты қарама-қайшылығын алайық. Оның мәнісі мынада.

Отыз жыл бойына талан-таражға түскен ел экономикасын қалпына келтіру ісі бірқатар қатаң шараларды қолға алуды қажет етеді. Басқаша айтқанда, көпшілікке жаға бермейтін қиын шешімдер қабылдайтын кез келді. Ол – экономиканың қатаң заңдары мен заңдылықтарына сай қадамдар, алайда мұндай реформалар хайпшылар мен популистердің ақпараттық қарсылығын туғызары сөзсіз. Нәтижесінде, экономика заңдарынан бейхабар азаматтар сол топтың соңына еріп кетуі әбден мүмкін.

Мұндай саяси шарасыздық пен бейқамдықты мемлекеттің берекесін кетіргісі келетін ішкі және сыртқы күштер пайдаланып кетсе, не істейміз?!

Осы орайда Әкежан Қажыгелдин басқарған 90-жылдардың ортасындағы үкіметтің жұмысын еске аламын. Өзім сол кезде үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі болатынмын.

Совет дәуірінде бәрі тегін немесе арзан болатын. Мәселен, тұрғындар коммуналдық қызмет үшін жалақысының 1-2 процентін ғана төлейтін, қалғанын мемлекет реттеп отыратын. Ал нарық талабына сай қызметтің толық ақысы төленуі тиіс еді: Адам Смит заманынан шарт сондай.

Міне, сол жылдары экономиканың нарық заңдарына көшуі осындай қиын қадамдарды қажет етті.

Оған тегіндік пен арзандыққа үйреніп қалған көпшілік қарсы болғаны айтпаса да түсінікті.

Біз болсақ, күні-түні телеэкраннан түспей, мұндай реформаның қажеттігін дәлелдеуге тырысып жаттық. Бізді балағаттап, жамандап, сынағандар да табылып жатты. Бірақ біз өз сөзімізге және өзімізге сендік.

Әрине, ол кездегі реформалардың көлеңкелі тұстары да болды, мәселен, жаппай жекешелендіру кезіндегі жөнсіздіктер. Алайда, ондай жайт бүкіл адамзат мойындаған, өзінің өркениеттік жолы деп таңдаған нарықтық реформалардың қажеттігін жоққа шығара алмайды.

90-жылдарғы экономикалық реформалар Қазақстанның нарық жолына түсуінің негізін қалап бергенін бүгінде бәрі мойындайды.

Меніңше, Жаңа Қазақстан дәл сондай экономикалық және идеологиялық жолайырықтың алдында тұр.

Олай болса, ел болашағына кесірін тигізетін қауіпті хайпшылдық пен парықсыз популизмнің пәлесінен түбегейлі айығып, ел болашағы туралы келелі әрі бүкпесіз әңгіме бастау керек!

Түйін: Менің бұл сөзім мемлекеттің экономикалық реттеу ролі мен әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға міндетті түрде көмек беруі керек деген талапты жоққа шығару емес. Ол аксиома! Мен тек алдағы кезеңде қабылдануы ықтимал қиын шешімдерді қалың жұртқа алдын ала және жөнді түсіндіру туралы айтып отырмын. 

Әміржан  ҚОСАН.

Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: