Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәңгі ескертпе

06.06.2024, 10:40 342

Біздің елімізде «тарихтың қалауы­мен» ортақ тағдыр кешкен халық­тардың «достығы» құбылысы астарында, міне, көрінбейтін қызмет осындай қулық-сұмдықтармен қалыптастырған жағдай жатыр. Ал көздеген мақсат­тарына жету үшін ешқандай да бұрмалаудан тартынбайтын большевиктер, республика партия ұйымын басқару­шылар (біздің жағдайда орталықтың эмиссары Ф.Голощекин) сонау көрінбейтін қызметтің әрекет-қимылдарын өз пиғылына сәйкестендіріп қозғалыс­қа келтіріп отырған. Еске түсі­рейік, Голощекин «Қазақстан диктаторы» (ұлт қайраткері, Сырдария губкомы­ның төрағасы Ыдырыс Мұстан­баевтың  бағасы) боп тұрған шақта қайғылы солақай реформалар (кәмпеске, зорлықпен отырықшылан­дыру, күштеп ұжымдастыру, қарсылық қозғалыс­тарын аяусыз жаныштау, ұлт қайраткер­лерін  қуғын-сүргінге ұшырату, тәуелсіздік дәуірінде «Алаш ісі» деп аталып кеткен жасанды сот науқа­нын, дұрысында – сот үдерісіне жатпай­тын үштік  шешімімен екі дүркін – 1930 және 1932 жж. репрессиялау) жүргізілді және солардың салдарынан халық алапат аштыққа – ұлттық апатқа душар болды. Мұның баршасын қазақ республикасын билеуші «адал лениншіл» эмиссар чекистерге арқа сүйеуі нәтижесінде ойындағыдай етіп өткізе алды. Репрессиялар, бүгінде мейлінше айқындалғандай, «социалистік  заңдылықты» сақтап жүргізілген жоқ, әділеттен  аулақ  болды. Мәселен, «Ахмет  Байтұрсынов,  Міржақып  Дула­тов,  Жүсіпбек  Аймауытов, Дінмұ­хамед Әділов және басқалар (барлығы 44 адам)  ісі»  бойынша 1930 жылы Мәс­кеуде ОГПУ үштігі үкім шығарғаны мәлім.  Тәуелсіздік   дәуірінде   қолға  тиген   тергеу  материал­дарына  қарасаңыз, 1920 жылы ресми жойылған Алаш-Ордаға қатысы болғандарды қиыннан қиыс­тырып, екі өңірде ұйыс­тырылған (Тор­ғайда – Дулатовтар, Сарысуда – Әділов­тер басқаратын) қарулы банда­ларға арқа сүйейтін жаңа «контрреволюциялық ұлтшылдық ұйым» мүшелері ретінде жазалаған. Қызы­ғы, аталған «бандалардың» жауыз­дық әрекеттерін көрсететін бірде-бір мысал жоқ. Соған қарамастан олар, әсіресе, жеті ағайынды Әділов­тер түгелдей, отбастарымен бірге қуғын-сүргінге ұшыратылған. Олардың ішінен екеуі: үлкені Бай­сейіт Әділов пен ортаншысы Дінмұхамед (Дінше)  Әділов (екеуі де алғашқы Қазақ Рес­публикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшелері) оққа ұшты. Байсейіт – өзін тұтқындауға келген жасақ­тың үйді сыртынан атқылауынан, Дінше – ОГПУ үштігінің үкімінен ажал құшқан…

Ф.Голощекин Қазақстанның он жылдығына арналған үлкен жиында Ахмет Байтұрсынов бастаған «ұлтшылдар ұйымының» жойылғанын және «Мұхамеджан Тынышбаев бастаған ұлтшылдар ісін» тергеу басталғанын жария еткен-тін. Бұл ретте эмиссардың тапсырысына сай еңбектенген Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Қазақстандағы Толық өкілетті өкілдігі патшалық кезеңінен ұлттық қозғалысқа қатысушыларды түгелге жуық күдіктілер қатарына жатқызған-ды. Сөйтіп олардың совет кезеңіндегі істерінен «ұлтшылдық» әрекеттер іздеген. Репрессияның алғашқы толқынында тергелген Алаш қайраткерлерінің бірі советтік билік орындарында істейтіндерді екіге бөліп қарайтынын: бірін – езіліп келген, әлі де оңды  жетістікке  қолы  жете алмай жүрген жұрттың пайдасына бірдеңе істей алатындар және екіншісін – халық­қа түк пайдасы жоқ жай ғана чинов­никтер деп бөлетінін мойындаған еді. Арнайы қызметшілер үшін осы екінші топ – «жай ғана чиновниктер» – өкіметке пайдалы, ал «қазақ пайдасына бірдеңе істей алатын» алғашқы топ – «ұлтшылдар»-тұғын. Сондықтан да іс жүзінде қызыл империяның ұлтсыздық туын желбіретушілер қазақ қайраткерлері­нің жергілікті ұлт мүддесіне қызмет етуге тырысушылығын «ұлтшылдық» деп  есептейтін  еді.

Қазақстандық чекистер арнайы қыз­мет абақтысында бір жылдан астам уақыт бойы қамалып жатқан Қоңыр­қожа Қожықов бастаған 18 тұтқынды тергеу «сотқа беруге жеткілікті дерек болмағандықтан» тоқтатылатыны жа­йын­да 1931 жылғы қазанның соңына қарай қаулы алды. Осы топ «жиналған дәлелдің жетімсіздігіне байланысты» түрмеден шығарылғаннан соң, Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тыныш­паев бастаған 20 адамға қозғалған іс материалдары 1931 жылғы желтоқсанда (ОГПУ Алқасы 1930 жылғы Ахмет Байтұрсынов бастаған топты репрессиялағандай шара қолдансын деген үмітпен) екі дүркін Мәскеудің қарауына жіберілді. Алайда Мәскеу­дегі ССРО ОГПУ-і Голощекиннің үш ұйықтаса түсіне кірмеген шешімге келді. Іс екі айдан кейін «осы 20 айып­талушы үстінен қосымша тергеу жүргізілсін немесе бәрі де босатылсын» деген ұсыныспен ОГПУ-дің Қазақстандағы Толық өкілетті өкілдікке кері қайтарылды. Өкілдік «тергеуді бір жарым жыл бойы жүргізгеніне қарамастан», жұмысын сапасыз қорытқан, Мәскеу­ге жіберілген істі ОГПУ Алқасында тыңдау мүмкін емес – мұны ССРО Жоғарғы сотының Прокуроры Алматыға арнайы жолдаған хатында атап айтты. Мұндай қорытынды жасауға екі түрлі себеп болған. Біріншіден, айыпталушылардың «Қазақстандағы саяси бандитизмге қатысы, олардың ұйымдастырушылық және жетекшілік рөлі дәлелденбеген», «айыпталушылар және орталық ұйым мен нақты бандиттік жасақтар арасындағы байланыс» буындары айқындалмаған. Екіншіден, айыптау қорытындысы негізінен айып­талушылардың «1918-22 жылдарғы контрреволюциялық өткеніне» сүйенген, ал соңғы жылдар материалдары олардың өткендегі контрреволюция­лық қызметін жаңғыртқанын нақты көрсетпейді, бұлар тек «ұлтшылдық көзқарастар мінездемесі ретінде ғана» қарастырыла  алады.

Хатты оқыған алматылық лауазымдылар бұрыштама соңына қызыл сиямен «полит. скандал» деген сөз түсіріпті. Бұл шынында да «саяси масқарапаздық жанжалға» ұшыраудың тап өзі еді. Голощекин, шамасы, өзінің аса маңызды тапсырмасын құпия қызметтің осынша оралымсыз орындағанына күйіп-піссе керек, ол ОГПУ өкілдігінің басшыларымен де, Мәскеудегі бұған қатысы бар орталық мекемелердің қызметкерлерімен де тиісті әңгімелер жүргізді. Нәтижесінде Мәскеуге: «Ұлт­шылдар ісі бойында қосымша тергеу жүргізу нақты нәтиже бермейді. Оларды бостандыққа жіберу қазақ ұлтшыл элементін белсенділендіріп жібереді, Өлке басшылығына және ОГПУ органдарына шабуылдардың жаңа толқынын туғызады. Осыған және Өлкенің саяси жағдайына сүйене отырып, қазіргі уақытта айыпталушыларды Қазақстан шегінен тысқары жақтарға жер аудару мақсатымен істі ОГПУ Алқасының Көшпелі Сессиясында қарауға санкция беруіңізді өтінеміз. Шұғыл жауап тосамыз» деген жеделхат жіберіледі. Алайда оң жауап­қа шұғыл қол жеткізе алмай, Голощекин Алматыға келген Орталық бақылау комиссиясы төралқасының мүшесін қатыстырып, чекистермен маңызды мәжіліс өткізді де, өз ойын мақұлдатқан шешім шығартты. Артынша ОГПУ-дің Қазақстандағы Толық өкілетті өкілі Василий Каруцкий «Сольц, Фельдман, Голощекин қатысқан кеңестің шешімін жүзеге асыру ретімен» Алматыдан Мәскеуге арнайы жеделхат жолдап, «Өлкедегі саяси ахуал­ды, ұлтшыл­дар ісі бойынша тұтқындал­ғандардың бәрін беталды босата салудың зияндылығын ойлай отырып», аталған мәжілісте келісілген шараны айыпталушыларға өз тараптарынан қолдану (іс қозғалған 20 адамның ішінен 15 адамдық үлкен топты Қазақстан шегінен тыс жаққа бес жылға жер аудару, үшеуін біржолата босату, екеуін концлагерьге шартты қамауды қолданып, абақтыдан босату) үшін кіндік басқармадан рұқсат сұраған. Айыпталғандардың «әрқайсысына жеке-жеке санкция беру мәселесі Голощекин жолдаспен келісілді» деп хабарлаған. Көп ұзамай Мәскеуден «барлық тұтқындалғандарға қатысты белгіленген шаралармен келісетіндіктерін» айтқан жеделхат келді. 1932 жылғы 30 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ Өкілдігінің Үштігі тиісті қау­лысын шығарды…

Ұлт  қайраткерлерін бұл  жолғы жаза­лау  Голощекиннің алғашқы  көз­дегеніндей болмағанмен, ұлттық мүддені ойлайтын қайраткерлерді белгілі дәрежеде ауыздықтап, жұртшылықты ұдайы үрей шеңберінде ұстап тұруға едәуір қызмет етті. Ал Үлкен террор жылдары сотсыз, тергеусіз жазықсыз жазалаулар мүлдем шектен шықты. Мәселен, Алматы түбіндегі төрт мың­нан  астам  адам көмілген  репрессия құрбандары қорымының аумағы «Әділет»  қоғамының қарамағына берілген-тін, сонда Мемориал тұрғызылды, әуелі арнайы музей, сосын мешіт салынды. Жанындағы «Жаңалық» ауылы ішінен әлі күнге бассүйектерін оқ тес­кен адамдарды жасырған орлар табылуда, тиісті сараптамадан кейін сүйек­тер Жаңалық мемориалы аумағына қаралы салтанатпен жерленіп жатыр. Осындай жайттар неше түрлі көңілсіз ойға жетелейді… Жалпы, атап айтқан жөн, сол дәуірде қазақ қызметкерлері арнайы қызметтен үркіп, қуатын мойындап қана қоймай, оған өз мүдделеріне орай жүгінуге де тырысқан. Соның бір мысалы ретінде Халкомкеңес жанындағы ОГПУ Шығыс бөлімінің бастығы Петерс­тің 1924 жылдың ортасында БК(б)П ОК Бас хатшысы Иосиф Виссарионович Сталинге жолдаған хаты­на  назар  аударайық.

«Жолдас Сталин, маған Ташкенттен Бельский жолдас жіберген Рысқұлов жолдастың екі хатын Сізге жолдап отырмын, – деп жазыпты Петерс. – Бұл хаттар белгілі алашордашыл Дос-Мұха­медовтің пәтерінен табылған». Одан әрі ол хат жайында төрт тармаққа бөліп мыналарды хабарлады… Алғашқы тармақты Рысқұлов­тың Түркістаннан келгеннен кейін өзіне кіріп, қолындағы «Қожанов алғысөз жазған өлеңдер жинағ­ын» көрсеткенін, «өлеңдер – контрреволюциялық» дегені­нен бастаған. Өлеңдерге тәржіме жасатылып, Орталық Комитеттің Үгіт-наси­хат бөліміне жолданыпты. «Содан соң ол Қожановты алашордашылардың қорғаушысы және жарнамалаушысы ретінде айыптады»  деп, өзінің оған бұл жайында Орталық Комитетке неме­се Орталық бақылау комиссиясына хабарлауға кеңес бергенін жазған. Келесі тармақта Рысқұловтың хатындағы Киргизия (Қазақия) жөнінде Петерс­тің онымен әңгімелескені, оны сонда жіберу туралы айтты деген мәлімдемесі бекер екені айтылған. Үшінші тармақта Рысқұловтың хаттарында жалпы жалғандық көп, «әсіресе ОГПУ органдарындағы «Қожа­новтың агенттері» турасында жазғаны өтірік деп көрсеткен. Ал төртінші, бесінші тармақтарда «шығыстағы шет аймақтарда төтенше, бірақ өткір топтық күрес өрбіп кетуіне байланысты» өзінің ОГПУ органдарына осы күрестен сақтану жайында қатаң директива бергенін Сталин жолдасқа хабарлай келе: «Рысқұлов жүргізіп отырған топтық күрес пен жанжалға байыпты назар аударуыңызды және бізге не істеу керектігі жөнінде директива беруіңізді немесе мені жеке шақыруыңызды  сұраймын»  деген.

Біз бұған байланысты Сталиннің қандай шешім қабылдағанын білмейміз, мәлімі – ол көп ұзамай Моңғолия­ға аттанды, ал одан оралған соң аз мезгіл, екі-үш айдай Қазақстанда істеді. Сол шақта онымен кездес­кен ұлт театры­ның директоры Дінше Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне: «Рысқұлов қазақ қызметкерлері­мен жақын араласудан қашқақтап жүрді» деп көрсет­кен-тін. Бұған, бәлкім, уақыт та жетпеген шығар, Тұрар Рысқұлов 1926 жылдың мамырында РСФСР Халком­кеңесі төрағасының орынбасары лауа­зымына тағайындалды. Осы жауапты қызметті атқар­ғанына он бір жыл толғанда Үлкен террор шеңгеліне ілікті… Петерс көсемге ұсынған екі хат, сондай-ақ Рысқұлов­тың сол 1924 жылы Сталинге және көшірмесі арнайы қызметке жолдаған хаттары 2009 жылы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқармасында талқыланған болатын, талқылау нәтижесінде осы жолдар авторы «Ұлттық ымыра» атты мақала жазып, «Түркістан» газеті мен «Абай.kz» ақпараттық порталында жариялаған-тұғын (мен ол кезде осы қоғамдық ұйымның президенті едім). Мақсатымыз – аталған хаттарға және сол замандағы осылар тақылеттес арыз-шағымдарға түсіністікпен қарап, оларды әділ талдауға және ел қадірлейтін қайраткерлердің жетістіктері мен кемшіліктерін бүкпей қамтитын толымды бейнесін жасауға тырысу бол­атын. Біз бұл хаттарды халықтан жасырып қойғаннан гөрі адал талқыға салып, ақ-қарасын ажыратып қараудың дұрыс болмағын, мұндай көзқарас­тың өткендегі қаралы тарихты терең ұғуға, ұлтымыздың түрлі түсініктегі азаматтарын шын мәніндегі ымыраласуға апаратынын ойлаған едік. Хаттардан үзіктер содан бері әрәдік әр жерде жарияланып жүрді. Ал «Әділеттің» талқылауынан он бір жыл өткен соң, «Central Asia Monitor» газеті осы хаттарды екі санында: 2020 жылғы 8 маусымда («Опубликован секретный донос Рыскулова Сталину на казахов») және 15 маусымда («Что Яков Петерс писал Сталину о письмах Рыскулова») басты. Репрессиялар таби­ғаты әбден таныл­ғандықтан шығар, жарияланым­дар оқырмандар тарапынан у-шусыз, тыныш қабылданды. Сол 2020 жылғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы үндеу жария етіп, жыл аяғына қарай (2020 жылғы 24 қарашада) өз пәрменімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комис­сия құрған болатын. Мемкомиссия үш жыл жұмыс істеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің 2023 жылдың 26 желтоқсанындағы Комиссияның қорытын­ды отырысында атап өткеніндей, 425 ғалым мен зерттеуші еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте 1920-1950 жылдарғы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңін ауқымды зерттеу­ге алып, терең зерделеді. Репрессияға ұшыраған 311 мыңнан астам адамды анықтап, оларды қолданыстағы заңнама негізінде ақтауға бағытталған нақты жұмыс жүргізді. 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Әлденеше ондаған томдық бұрын жария болмаған құпия құжаттар  жинағы  жарыққа  шықты.

Енді бұдан былай әрбір зерттеуші советтік дәуірде арнайы қызметтің «социалистік заңдылықтан» жоғары тұрып, жұртты қасіретке душар еткенін көрсететін, құдды кейінгі ұрпақ­қа жасал­ған мәңгі ескертпе сынды архив­тік деректермен тікелей таныса алады. Бұларды қаралы тарихымыздан, ұлт қызметшілерінің әділетсіздікті бастан кешкен қайғылы өмір жолдарынан сабақ ала білу үшін, нағыз демократиялық құндылықтармен қаруланып, жарқын болашақ құрылысын сеніммен қаласу  үшін  білу  қажет.

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

(Соңы. Басы өткен санда.)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: