Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зиялылар елесі кезген Карлаг

30.05.2024, 12:00 418

Қарағанды облысында орналасқан Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі Кеңес Одағының бетке ұстар «қаймақтарының» өткен ғасырда тартқан ауыр азабы мен зардабынан хабар береді. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құбандарын еске алу күніне орай ҚР Ішкі істер органдары Медиа орталығының ұжымы осы тарихи орынмен танысып, қорқыныш құшағындағы  азап  аралын  көзбен  көріп  қайтты.

Кеңес үкіметіндегі алғашқы лагерьлер 1918 жылы жазда пайда болды. Одан кейінгі жылдары да бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзе­ге асырылып, зиялы қауымды қинау мен қорлаудың түрлі тәсілі арқылы ел экономи­касын түзеп алуға ты­рысты. 1930 жылы билік басындағылар қоғамға саяси және экономикалық тұрғыдан әсер етуге болатын ГУЛАГ – «Еңбекпен түзету лагерьлерінің бас басқармасы» деген атаумен саяси тұтқындар «мемлекетін» қалыптастырды. Бұл құрылым жұмысы 1953  жылдың   қыркүйегіне  дейін  жалғас­ты. 1940  жылы ГУЛАГ-тың  құрамында  бар  53 лагерь, кәмелетке толмағандарға арнал­ған 425  колония  және  90  «сәбилер үйі» болды.

1930 жылы ГУЛАГ-тың ең ірі тұтқындар аралы – Карлаг құрылған. Оның жер көлемі Франция елінің аумағымен пара-пар еді. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын құрылған мекеме бүгінде тоқпағы қатты болған өткен күндер елесінен сыр шертеді. Карлагқа кірген бойда, ең алдымен, шаңырақ пен құс бейнелеген көркемдік композицияға көз түседі. Байқап қарайтын болсаңыз, жоғарыға ілінген шаңырақтың шеті сынған. Қазақ халқы үшін қашанда қастерлі саналатын шаңырақ шетінің бүтін бол­мауы – ұлт басына қауіп төндірген сол зұлмат жылдар жаңғырығын жария қылғандай. Ал оның жоғарысынан орын тепкен құс бейнесі бостандыққа ұмтылған халықтың үмітін  меңзейді.

Күштеп ұжымдастыру, индустриализациялау, мал-мүлікті тәркілеу, аштықтың белең алуы көптеген қазақ жұртының сырт елге кетуіне әкеп соқты. Олар ата жұртын тастап, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Түркімен­станға, тіпті Қытай мен Моңғо­лияға  үдере көшті. 1931-1932 жылдары 1 млн 30 мың адам басқа елдерге қоныс аударған, бұл – аштықтан аман қалған елдің тең жарымы. Үкімет саясатына наразы халық қару­лы көтерілістер ұйымдастырды. Оларды озбырлықпен басып-жаншып, тіпті шет аудан­дарда сот үкімінсіз-ақ атқан. Кеңес үкіметінің 20-30-жылдары Қазақстанда жасалған осы айуандық қылмыс деректері барша адамзат тарихындағы қатыгез қылмыстар  қатарына  жатқызылады.

Музей қабырғасындағы ашаршылыққа тап  болған  адамдардың суретіне қарап, қолдан жасалған қасіреттің ащы шындығына тура қарауға болады. Адамдар сол уақытқа дейін аузы бармаған егеуқұйрық, кесіртке секілді жәндіктерге ауыз салып, ең әрісі, бірінің етін бірі жеген. Тіпті, туған баласының етін жеген жағдайлар да тіркелген. Бұл – тірі қалу үшін арпалыстағы адамның қандай болса да әрекетке баратынының айғағы. Ал қарны қампиған тыр жалаңаш балалардың суретін көргенде, ет жүрегің еріксіз елжірейді. Асқазаны сазып, ішектері кеуіп, ісінген олардың санында есеп жоқ. Ал еті сүйегіне жабысып, тек қабырғасы көрінген халықтың малша қырылып, бір төбешікте сасып өлуі, сол кездегі биліктің қаншалықты қаныпезер болғанын сөзсіз жеткізеді.

Мұнда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин секілді ұлт зиялыларының да ізі қалған. Қазақ интеллигенциясы ұлтты аяусыз қырған Кеңес үкіметінің әрекетіне ашық қарсы шыққан. Ал бұл өз кезегінде Мәскеуден басқарылатын орталық жүйенің шамына тиді. Халықты азат етуге бағытталған жұмыстардың жолын кесіп, өздеріне наразылық білдіргендерді түрмеге тықты. «Халық жауы» атанған олардың әйелдері де, балалары да жазадан тыс қалмады. Соны­мен бірге сол кездегі қызылдарға қызмет еткен қазақ саяси белсенділері де қысымнан сытыл­ып кете алмады. Карлаг қабыр­ғасында Т.Рысқұловтың әйелі А.Рысқұлова, Бейімбет Майлиннің әйелі Г.Майлина, С.Сейфуллинің әйелі Г.Сейфуллина, Ә.Ермековтың әйелі Д.Ермекова ауыр жұмыс­тарға жегілген. Карлагтағы тұтқын әйел­дердің көбі АЛЖИР-да болған. Мұнда тұтқын әйелдермен қоса, партия және кеңес органдарының басшыларының, әскери қайраткерлердің, көрнекті ақын-жазушылардың қыздары, жұбайлары мен апа-қарын­дастары қамалды. Олар 14-15 сағаттап жұмыс істеп, тоғандар салды, қамыс жинады. Мал бағып, сиыр сауды, арықтар қазып, балшық иледі. Иықты иілтетін ауырлықтағы кірпіштерді тасыды. Ал егер қарсы шығып, сәл де болса демалатын болса, өзге­лерге сабақ болуы үшін оларды ауыр жазалады немесе атты. Жұмыстың, тұрмыстың қиыншылығын көп көрді. Мәселен, 1942-1944  жылдары  540  әйел  қайтыс  болған.

Карлагтағы әйелдермен қоса, «Халық жауларының» балалары да азап шекті. Олар өздерінің тегі үшін жауап беріп, айып мерзімін толығымен өтеді. Көп балалар бұл азапты көтере алмады. 1941-1944 жылдары аралығында 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 бала қайтыс болған. Олар «Мамочкино» деп аталатын жеке зиратқа жерленді. Ең сорақысы сол, олардың мәйіттерінің басына аты-жөндерін де жазбады. Себебі «Халық жауының» балалары да жау болып саналды. Етегі жасқа толған аналардың сезімдері көму­лі тұрған қай орынды меңзесе, сол жерге барып, баласымен қоштасқан. Көзі жасқа толған, омырауы ісінген аналардың ол кездегі жанайқайын тыңдаған ешбір жан болмады. Жалпы, тұтқындағы жаңа босанған әйелдерге балаларын күніне үш рет ғана емізуге рұқсат етілді. Кездесіп, ой тарқасып, сағынышын басуға үзілді-кесілді тыйым салын­ды. Тіпті ағайынды туған бауырларды бір жерге орналастырмады. Ал жаңа туған нәрестелерге алаяқтық, ұрлық, кісі өлтіру секілді қылмыстар бойынша сотталғандар қарады.

Бұның бәрін Карлагтың жертөлесінде түрлі көрініс қамтылған бөлмелерді аралау арқылы көзбен көрдік. Бұл жантүршігерлік оқиғалар тарихи шындықтың негізінде, өткен­нің  елесін көз алдымызға әкелу мақсатында арнайы жасалған. Мәселен, жертөледегі ерлер қамалған бөлмеге қарап, көп нәрсені бағамдауға болады. Онда тұтқындардың көптігі сонша, бір-біріне арқасын тіреп ұйықтаған. Мардымсыз тамақ камералардың ауыр темір есіктерінің ойықтары арқылы берілген. Қамаудағылар үнемі аш болған. Тұтқындар сол бір аядай тар қапастың ішінде дәретке отырған. Күндіз жарты сағаттан 45 минутқа дейін көлемі жиырма метрден  аспайтын кішкентай қуыс­та  серуендеуге  рұқсат  етілген.

Жертөледегі сұрықсыз көріністер арқылы  тергеушілердің  зұлым бейнелері­мен бетпе-бет келуге болады. Тергеуге кіретін тұтқындар бокста (тар жер) өз кезектерін күтіп тұрған. Азаптаудың, қинаудың 31 әдіс-тәсілі қолданылған. Тұтқындарға ыстық су, суық су шашқан және «ұзын» орындыққа отырғызған. Тергеушілердің қысымы­на шыдамағандар «жүрек талмасынан кетті» деген желеумен о дүниеге атта­нып кете барған. Тергеушінің есігінің алдында көбіне мейірбикелер отырған, олардың жұмысы өлгендердің аты-жөнін жазумен шектелген. Сонымен бірге есіктің алдында зілдей зембіл тұрған. Онымен азаптау­дың құрбанына айналғандар әке­тілген.

Айта кетерлігі, әйелдерге ер адамдардың суретін ұстауға, сақтауға тыйым салынған. Мысалы, белгілі композитор П.Чайковскийдің суретін сақтаған тұтқындардың біріне  қатаң  жаза  қолданған.

Ату жазасына кесілгендер ақ жейде киген. Себебі ақ түс – кінәсіздіктің, адалдық­тың, тазалықтың символы. Мұнда түскендердің тең жартысынан астамы – өзгелер­ден ақыл-ойымен, парасат-пайымы­мен, өнерімен дараланған зиялы қауым өкілдері. Жүзден аса мамандық иесі осында  тұтқын  атанған. Олар – жай ғана маман емес, өз ісінің нағыз шебері. Оларды көпшіліктен оқшаулап, мойнына ауыр міндет артып, Кеңес Одағы ауыр азаппен өз мүддесіне пайдаланған. Белгілі ағартушы-­ғалымдар, ақын-жазушылар, дәрігерлер, инженерлер, актерлар, суретшілер өмірінің тас-талқанын  шығарды.

Солардың бірі – белгілі орыс ғалымы, академик, биофизик Александр Чижевский. Ақсүйектер әулетінен шыққан ол 1942 жылдың басында тұтқындалып, ал 1943 жылы «ағылшын барлаушыларымен байланысы үшін» деген айыппен 8 жылға сотталды. Тұтқында отырса да, ғылыммен айналысудан қол үзбеген. Жаңбырдан кейін­гі таза ауаның иісін беретін, тыныс алу жүйесіне пайдасы зор құрылғыны ойлап тапқан. Себе­бі Карлагтың тыныс алуды тарылтатын тар қапасы мен суық ызғары көп тұтқынды өкпе ауруына шалдықтырды. Бұл құрылғы өкпе ауруына шалдыққандарға да шипалы ем болды. Чижевский өнертабыс иесі болу­мен  қатар, шығармашылыққа да  жақын  болып,  сурет  салған.

Карлаг жертөлесінен депортацияланған халық тасымалданған вагонды да кезіктіруге болады. 1935 жылдан бастап сталиндік қуғын-сүргін құрбандары туған жерлерінен қуылып, Қазақстанға көшіріле бастады. Алғашқы кезеңде 25 мың адам тиелген 40 эшелон келді. Ал 1942 жылы Қарағанды облысындағы неміс қоныстанушыларының саны 70 мыңға жуықтаған. Олар тасымал­данатын пойыздың ортасы ашық болған. Егер пойыздағы адамдардың бірі қаза тапса, оны сол арқылы жапан далаға лақтырып жібер­ген.

Жүректі сыздататын мәліметтермен бөлісіп, Карлаг музейін таныстырған Елена есімді мұражайшының жұмысы ауыр азапты жылдарды зерттеп жүрген Тәуелсіз Қазақстан ғалымдарының жобасымен түйіндел­ді.

Ал біз Карлаг музейінің алдындағы Сәкен Сейфуллиннің «Ат» деген кім?! Атқан қайсың?! Қабірім қайда көмілген?!!» деген монолог  жазылған  қара тақтайшаға көз тас­тап, ауыр  күрсініспен  кете  бардық…

Гауһарай  ЕСІМОВА,

Суреттерді  түсірген  Медет  ӘШІРБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: