Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәңгі ескертпе

30.05.2024, 10:40 386

Тәтті ұранмен және мылтықтың найзасымен орныққан соң кең қолданысқа енген саясатты жалаулатқан солақай модернизациялардан біздің халқымыздың айтып-жеткізгісіз қасіретке ұшыраға­ны мәлім. Өйткені олар репрессиялармен, жаппай қуғын-сүргіндермен астастыра жасалған еді. Мұндай ахуал, әрине, барша Совет Одағында болып тұрған-тұғын. Сондықтан да бір  сәт жеңімпаз партияның шешімдерін сөзсіз  жүзеге  асыруды  қамтамасыз етіп тұрған қаһарлы жұдырық хақында да ойланған дұрыс. Әрине, күллі қуғын-сүргіндердің таптық ту көтер­ген революция­ның алғашқы күндерінен-ақ туын­дағаны, советтік тауарихымыздың күрделі кезеңдері таптық күреспен түсіндірілетіні дау туғызбайды. Ендеше сол күресті әрдайым жеңіске ұштастырып отырған құпия күштің ресми мекемесі қалай ұйымдастырылғанына шағын шолу жасай  кеткен  жөн  тәрізді.

Сонымен, ескі құрылыс орнына келіп жатқан жаңа өкіметтің мүддесін жедел әрекет етіп қорғаған, заңнан тыс оқыс та оғаш істері оң сипат­та танылған күш – большевизмнің жауынгер­лік органы – қалай ұйыстырылды екен? 1917 жылғы 6 желтоқсанда Халкомкеңес (төрағасы Владимир Ильич Ленин) үкіметтік мекемелерде қызметшілердің забастовка жасауы ықтимал екендігі  жайында мәселе қарап, сондай ереуілдерге  қарсы  ең  жігерлі де шешімді революциялық тәсілдер қолданып күресу мүмкіндігін қарас­тыру үшін ерекше комиссия құруды Дзержинскийге тапсырған-ды. Ол сол күннің ертеңіне-ақ, 7 жел­тоқсанда, Халкомкеңесте «Саботажбен күрес комиссиясы мен оның құрамы туралы» баяндама жасады. Баяндаманы үкімет мүшелері бір ауыздан қолдаған. Сөйтіп Халкомкеңестің мақұл­дауымен Контрреволюция және саботажбен күресу жөнінде бүкілресейлік төтенше комиссия (БТК, ВЧК – Всероссийская чрезвычайная комиссия) құрылды. Төрағалыққа Лениннің ұсынысымен баяндамашы Феликс Эдмундович Дзержинский тағайындалды. Бұл ресейлік және польшалық револю­ционер империяның Вильна губерниясында (қазіргі Беларусь Республикасының Минск облысында) 1877 жылы туған. Төтенше комис­сияның  негізін  қалаушы  және алғашқы басшысы –  осы арнайы қызметтің идеологиясын жасаған, Темір Феликс деген лақап атымен кең танылған чекист. Ленинмен 1906 жылы Стокгольмде тікелей танысып, сенімді үзеңгілесіне айналған.

ВЧК төрағасының орынбасары Петерс болды. Яков (Екаб) Христофорович Петерс. Латыш текті орыс революционері. Ресей империясының Курляндия губерниясында (қазіргі Латвия) 1886 жылы дүниеге келген. Он сегіз жасында Латвия социал-­демократиялық жұмысшы партиясына кіріп, белсенді саяси  жұмыстарға араласқан. Ақпан революциясынан кейін Солтүстік майдандағы әскери бөлімдер арасында үгіт-насихат жүргізді. Қазан төңкерісі қарсаңында әскери бөлімдерді қарулы көтеріліске даярлаған. Бүкілресейлік төтенше комис­сияны құру және оның қызметін ұйым­дастыру жұмыстарына белсене қатысқан. Тиісінше бірден ВЧК төрағасы Дзержинскийдің орынбасары лауазымына бекітілген. Ленин Дзержинскийді осынау маңызды комиссияның басшысы лауазымына ұсынғанда, кейін Петерс еске алғандай, Ұлы француз революциясы кезеңін­дегі саяси клубты меңзеген екен. Дзержинскийді «пролетар якобшысы (якобинец)» деп сипаттаған көрінеді. Сонда Дзержинский, отырыс аяқталғаннан кейін, мұңлы кескінмен: егер ол енді Робес­пьер болса, онда, шамасы, Петерс – Сен-Жюст шығар депті. Екеуінің де күлуге зауқы жоқ-тын, ыңғайы, сонау француз революционерлерінің – (якобшылар серкесі, Ұлы француз революциясының аса ықпалды саяси қайраткері Робеспьердің және оның Конвент депутаты Сен-Жюст пен өзге де белді үзеңгілестерінің) сотсыз, тергеусіз өлімге қиылғанын ойлаған болар. Қалай дегенмен осы екеуі төтенше комиссияның тез аяғынан тік тұрып кетуіне өлшеусіз көп еңбек сіңірді. Әсіресе Петерс Прибалтика өлкесінде социал-демократиялық астыртын ұйымның бастан кешкен қиындықтарын бірге өткерген латыш жолдастары мен жерлестерінің чекистер қатарына ағылып келуіне кең жол ашты. Өзі ЧК-ның төрағасының орынбасары, алқасының мүшесі және қазынашысы әрі 1918 жылдың сәуірінен ВЧК партия ұйымының тұңғыш хатшысы қызметін де атқарды. Ол Мәскеудегі шетелдік елшілердің астыртын әрекетін әшкерелеуге, сондай-ақ солшыл эсерлер бүлігін жоюға қатысқан. 1918 жылғы 30 тамызда Ленинге қастандық жасаған эсер Капланды тергеді. Жазушы Борис Савинковтың «Отан мен бос­тандықты қорғау одағы» ұйымын жоюға да басшылық етті. Петерс Мәскеуде Ленинге қастандық жасалуына байланысты жарияланып, елу мың адам өмірін әкеткен әйгілі «қызыл террордан» соң, 1919 жылы Лациспен бірге Киевте де үлкен қырғын жасауға қатысты. Екеуі де большевизмге Латвия социал-демократиялық жұмысшы пар­тиясы қатарында белсенді жұмыс атқарып барып келген-тін. Лацис Мартын Иванович (шын аты-жөні Ян Фридрихович Судрабс) Азамат соғысы кезеңіндегі ең белгілі чекистердің бірі болған-ды. Империяның Лифляндия губерниясында (қазіргі Латвия) 1888 жылы туған. Ол 1917 жылы Петроградта Қызыл гвардияны ұйымдастырушылардың бірі, Әскери-революциялық комитеттің мүшесі, ӘРК комиссарлары бюросының жетекшісі, Қазан төңкерісіне тікелей қатысушы-тұғын. 1918 жылы ВЧК алқасының мүшесі. Сол жылы қызыл латыш атқыштарының командирі Иоаким (Юкумс) Вацетис­пен бірге Мәскеуде солшыл эсерлер бүлігін басу шарасын басқарды. Шығыс майдандағы 5-ші армияның ЧК-сы мен Әскери трибуналының төрағасы боп істеді. Содан соң 1919 жылы Бүкілукраиндық Төтенше комиссияның жетекшісі болды және Киев ЧК-сын тікелей басқарды.

Сол 1919 жылғы тамызда Киевке комендант және гарнизон басшысы қызметіне Петерс келді де, қаланы Деникиннің ақтар армиясы бөлімдерінің және Петлюра әскерлерінің шабуылынан қорғау жұмыстарын Лациспен бірлесіп жүргізді. Алайда елеулі қарсылық көрсетуге шамалары келмеді. Бірақ қала тұрғындары ішінен совет өкіметіне дұшпандық пиғылда деп күдіктенгендерінің баршасын чекистер алқасының шешімімен жаппай атып тастауды ұйымдастырды. (Киевті басып алғаннан кейін Деникин комиссиясы жүргіз­ген тексеру он мыңдай адам өмірі чекистер құрбандығына шалынғанын анықтаған). Киевтен айырыл­ғаннан  соң Петерс Тулада – Әскери кеңес мүшесі, Мәскеуде – теміржолдарда соғыс жағдайы жөніндегі ерекше комитет төрағасының орынбасары. Одан 1920 жылдың басында Солтүстік Кавказда ВЧК-ның толық өкілетті өкілі, Солтүстік Кавказ теміржолының комиссары боп істеді.  Одан  соң  Түркістанға  аттанды…

Азамат соғысы қызып тұрған шақта Шығыста жұмыс істеу үшін арнайы орган құру туралы ой туып, Дзержинский тарапынан жоғары билікке тиісті ұсыныс берілген-тін. Соған сәйкес РК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросы 1919 жылдың соңында ВЧК-ның Ерекше бөлімі жаны­нан Шығыстағы контрреволюциямен күрес бойынша ішкі бөлім (подотдел) ашу мәселесін қарады. Дзержинский бұл бөлімшені басқаруға қазақ өлке­сінде (Қазәскериревком мүшесі болып) жұмыс істеп келген партия қызметкері (кезінде өзіндей Қазревком мүшесі Ахмет Байтұр­сыновпен мәжіліс үстінде тапаншасын суырып ерегісуге дейін барған) В.Лукашевке тапсыруды сұрады. Алайда Саяси Бюро мұсылмандар арасындағы контрреволюциялық қозғалыспен күрес­ті, арнайы ішкі бөлім құрмай-ақ, ЧК жинай­тын деректерді Ерекше бөлімде топтап, мұсылмандар тұратын губерниялардағы чекаларға тапсырмалар беріп тұрумен шектелуді ұсынды. Бұл мәселе одан кейін де бірнеше рет сөз болып, ақыры 1922 жылғы 2 маусымда Мемлекеттік саяси бас­қарманың (МСБ, ГПУ) арнайы Шығыс бөлімі құрылған-ды. Осы Шығыс бөліміне Петерс бас­тық лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол Түркістан өлкесінде қызмет істеп оралған. 1920-1922 жж. РК(б)П Орталық Комитеті Түркістан бюросының мүшесі, ВЧК-ның Түркістандағы өкілі және Ташкент Төтенше комиссиясының бастығы болды. Дутов, Анненков, Әнуар пашаға қарсы жүргізілген операцияларға жетекшілік етті. Сосын Мәскеуге шақырылған. Сөйтіп ГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы ретінде Түркістан, Бұха­ра, Хорезм, Башқұрт, Татар, Қырымда істейтін чекистердің жұмысын үйлестіріп басқаруға кірісті. Петерс орталыққа оралғаннан кейін арнайы қызметтің Түркістандағы толық өкілетті өкілі болып Лев Николаевич Бельский істеді. Шын аты-жөні – Абрам Михайлович Левин, 1889 жылы Минск губерниясында туған. Советтік арнайы органның басқарушы қызметкерлерінің бірі. 1918 жылдан чекистер қатарында. Ташкентке ГПУ-дің Қиыр Шығыстағы толық өкілетті өкілі қызметінен келген. (Оның есімін өзін тергеген ОГПУ-дің Қазақстандағы толық өкілетті өкіліне 1930 жылы күзде, алдағы қысқа әзірлік мәселесіне байланысты Мәскеуден «Скотовод» басқармасының іссапарымен Қызылордаға келгенінде тұтқынға алынған Жанша Досмұхамедов атап айтқан-ды: өзінің 1927 жылға дейін Ташкентте тұрған кезеңі, Түркістан өлкесінде атқарған қыз­меті жайында «жолдас Бельский жақсы біледі», тиісінше ол, яғни Досмұхамедов, совет өкіметіне ешқандай да кесір келтірмей адал жұмыс атқарды деп  «жолдас Бельский» куәлік ете алады деген).

Түркістанда істеген тағы бір чекисті айта кеткен жөн. Ол – Глеб Иванович Бокий. 1879 жылы Тифлисте (Тбилисиде) туған. Алғашқы ЧК қызметкерлерінің бірі, Мәскеуде 1918 жылы басталған «қызыл террор» кезінде – Петроград Төтенше комиссиясының төрағасы, Петроградтағы «қызыл террорды» ұйымдастырушылардың бірі болған. 1919 жылы әуелі Шығыс майданы ВЧК Ерекше бөлімінің бастығы, одан 1920 жылдың күзіне дейін Түркістан майданындағы ВЧК Ерекше бөлімінің бастығы, ВЦИК пен Халкомкеңес құрған Түркістан комиссиясының мүшесі, Халкомкеңестің жанындағы БТК-ның Түркістандағы толық өкілетті өкілі қызметтерін атқарған. Шетелге қашып кеткен чекист Георгий Агабеков­тің 1930 жылы берген көрсетуіне қарағанда – Бокий 1919-1920 жылдары Түркістанда асқан қатыгездікпен жүргізілген «қызыл террорды» ұйымдастырушыларының бірі болған екен. Ке­йін НКВД-нің арнайы тобы Францияда өлтірген бұл қашқын-чекистің шын аты-жөні – Геворк Арутюнов. 1895 жылы Ашхабатта туған. 1918-1920 жылдары Қызыл армия қатарында басшы қызметтерде болып, Түркістанда соғысқан, одан Төтенше комиссияға қызметке кіріп, Түркістан майданы ЧК-сында істеген, Ташкентте шпионаж және контрабандаға қарсы күрес жөнін­дегі бөлімді басқарған, сонымен бір мезгілде ГПУ партия ұялары бюросының хатшысы қызметін атқарған. Бұхарада совет өкіметіне қарсылық қозғалысын ұйымдастырып әрі басқарып жүрген Түркияның әскери және саяси қайраткері Әнуар пашаны  жоюға  тікелей  қатысқан.

Осы большевиктер дүниеге әкелген чекис­тер ұйымының  құрылымы үздіксіз жетілдіріліп жатты. 1922 жылдың  ақпанында ВЦИК-тің қаулы­сымен ВЧК таратылып, өкілеттіліктері Мемлекеттік саяси басқармаға (ГПУ-ге) берілді. Мемлекеттік қауіпсіздік органы ретінде ГПУ РСФСР Ішкі істер халкоматының (НКВД-ның) жанынан құрылған-ды. ВЧК-ның бұрын атқарып келген «социалистік заңдылықты» қадағалау қызме­ті сол жылдың ортасында қарамағында Прокуратура құрылған Әділет халкоматына жүктелді. 1922 жылдың соңына қарай Совет Одағы (ССРО) құрылуына байланысты, 1923 жылғы қарашада ГПУ одақтық деңгейге жоғарылатылып, аталымы ССРО Халкомкеңесі жанындағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) деп өзгертілді. Біздің елде де, басқа республикалардағыдай, осы арнайы қызметтің (ЧК-ГПУ-ОГПУ) тиісті басқармалары жұмыс істеп тұрды. Жер-жерден қажетті жансыздары мен қызметкерлерін жасақтап алған бұл басқармалар мен олардың бөлімшелерін орталықтан жіберілген эмиссарлар басқарды. Осындай тәртіппен жасалған құрылым өзгеше ойлаушыларды уысында ұстау­ға, қажет деп тапса тез залалсыздандырып, жо­йып жіберуге ыңғайлы ахуал туғызды. Барша ұлт қайраткерлерін жаңа империяның ұйыс­тырушы күші, күзетшісі һәм қорғаушысы болған осы арнайы қызмет құпия бақылауда ұстады. Қырына алғандарына арандатудың қилы тәсілдерін қолданды.

Басшы қызметтегі ұлт коммунистері бақы­лауда тұрғанын жас ұлт қайраткері Дінше Әділов 1928 жылдың соңына қарай ОГПУ тергеушісіне берген көрсетулердегі бір мысалдан байқау­ға бола­ды. Бұхарадағы Зәки Валидовке барып, оның тапсырмасымен Ферғанаға сапар шеккенінде ауру­ға шалдығып кері оралғаннан соң Әділов әуелі Ташкентте, одан елінде емделді де, 1922 жылдың күзінде ауылынан оқуға түсетін бала­ларды ертіп Ташкентке қайтып келді. Сонда «Ташкент­ке құпия түрде Валидовтың келгенін» естіп, кездескен: «Ол маған менен айырылысқаннан кейінгі өз қызметі жайында әңгімеледі» деді бұл жайындағы көрсетуінде. Сосын Валидовтың қатысуымен пікірлестердің басқосуы өткенін айтты: «…Қашқынбаевтың пәтеріне жиналыс шақырылды, онда Досмұхамедов, Қашқынбаев, жалпы талай кісі болды. Валидов бізге өзінің қайғылы тарихын айтып берді. Ол өзінің осында жүргенін Рысқұловтың білетінін, мұның құпия пәтеріне соғып, амандасып кеткенін айтты. Ол Валидовқа кеңес беріпті: Рудзутакқа өтініш жасап, ашық жағдайға ауысуға тырысқан жөн депті. Валидов өзінің қаупін әңгімеледі: «мүмкін Рысқұлов оған шын жүректен соны тілеген шығар, бірақ, бәлкім, мұны ұстап беру арқылы жоғарғы жақтың қалт­қысыз сеніміне ие болудан дәмеленер. Жалпы, өзінің мансап биігіне жолын ашып алудан үміт­тенетін шығар». Валидов осы күдігін аян етіп, жиналыс­қа қатысып отырғандардан ақыл сұраса керек, ал оған мынандай кеңес айтылыпты: «өтініш беру – қауіпті, тіпті Рысқұлов шынымен де оған жақсылық ойлап отырса да, дегенмен, қатер төнсе, құтқарып алуға шамасы жетпейді. …Вали­дов бұдан әрі де жасырын жағдайда жүруге тиіс  деп  шешілді».

Осыдан кейін Әділов бір реті келгенде Түрксовнарком төрағасы Рысқұловқа барған екен. «Валидов оған мен жайында хабар берген, мені өзінің сенімді досы ретінде сипаттаған болатын, – деді ол тергеушіге осы орайда. – Рысқұловпен біз бұрын да кездескенбіз. …Рысқұловқа Қожанов­пен бірге барған болатынбыз. Ол Қожықовтың пәтеріне келген. …Сонымен, мен Рысқұловқа келдім. Амандастым да, өзімнің Валидовпен көріскенімді айттым. …Мен дауысымды шығарып сөйлеп отырғанмын. Бірақ Рысқұлов менен жайырақ сөйлеуімді өтінді. Себебі басқа бөлмеде Лаумуллин отырған. Ол, айтпақшы, жазалаушы органдарда – әлде милиция, әлде қылмыстық іздестіру жағында қызмет ететін. Ол ақсақ еді, Рысқұлов: «Ақырын сөйле, ана ақсақ («хромыш») естіп қалып жүрмесін» деді»… Бұл дерек Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің басшысы өзінің арнайы қызмет тарапынан қадағалауда екенін білетінінен хабардар етеді. Ал жалпы чекистер ұлттық аймақтарда қызметті қандай тәсілдермен жүргізіп отырғанын ГПУ қызметкері Фома Ивановтың хаты әшкерелейді. (Хат тарих ғылым­дарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің елімізде өткен ғасырдың 20-40-жылдары болған саяси қуғын-сүргіндер кезеңін зерттеген еңбегінің 316-317-беттерінде жарияланған: «Сталинизм  и  репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов». – Алматы, 2009. – 448 б.).

Аталған хатты (өтініш-мәлімдемесін) Ф.Ива­нов РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің басшысы Филипп Голощекинге және Өлкекомның бюро мүшесі, қазақ коммунистері арасындағы беделі жоғары  Смағұл Сәдуақасовқа өте құпия түрде 1926 жылғы 10 қыркүйекте жолдапты. Өтініш-мәлімдемеде большевиктер жұмысының астары айтылып, құпия орган ұстанған ішкі сыр айқара ашылған. Мәлімдеме жасаушы Иванов «еуропалық қызметкерлер тобы жүргізіп отырған саясатты» көзбе-көз көріп, біліп, жүзеге асырысып жүрген ГПУ қызметкері ретінде, өзіне белгілі келеңсіздікті «еуропалық басшы» – БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Голощекин мен «қазақ басшы» – бюро мүшесі Сәдуақасовқа «объективті пайым жасаулары үшін» жеткізуді партиялық борышы санайтынын айтқан. Оның ағынан жарылуынша, ГПУ-дегі топтың «антипартиялық саясаты қолдарындағы барлық күшті қазақ қызметкерлеріне қарсы пайдалану жолымен, оларды қудалау және қуғынға түсіру жағына бағытталған». Осынау адал көңілімен өлке басшылығына қобалжулы хабар беріп отырған ГПУ қызметкері өзі әшкерелеп отырған саясат ауқымында қандай жұмыстар жүргізіп жүргендерін ашып айтады. Біріншіден, Қазақ Республикасындағы ГПУ қызметкерлері атқарған басты міндет – қазақ қызметкерлері үстінен жалған куәліктер жинастыру болған. Бұл үшін түрлі әдіс қолданылып­ты. Ең алдымен «қазақтардың басбұзар (қылмыстық – Б.Қ.) элементтерін жалдап немесе ат ұрлаушыларды тұтқындап, қазақ қызметкерлері туралы куәгерлік жалған көрсетілімдер аламыз». Екіншіден, «қазақтың жауапты қызметкерлеріне айдап салу үшін ықпалды рубасылары мен орыс кулактарынан әдейі арнайы топтар құрудамыз. Сөйтіп олардан өздерімізге қажет материалдар аламыз». Үшіншіден, «аңдуды, із кесуді күшейтудеміз, сол жолмен қазақ қызметкерлерінің жұмысын шарасыздық кейіпке түсіру үшін, бірінің «кінәсін» екіншісіне жапқызып, бір-біріне айдап саламыз» дей келе, әдейі арандатудың бір масқара тәсілін баян етеді: «Біздің саясатымыздың сипатына сай, жемісті операцияларымыздың нәтижесінде, ГПУ желісі бойынша жыл сайын ондаған қазақ кедей шаруаларын өлтіріп жүрміз, осылай қазақ жарлылары мен орташаларын қазақ қызметкерлерінен алшақтатудамыз». Чекист Иванов қанды қол құпия органның қылмыстарын қалай жүзеге асыратынын да жасырмайды, бұл сан айлалы жасырын қызмет кісі өлтірушілерді тауып, құрбандықтарына астыртын айдап салатын да көрінеді: «Егер өзіміз тікелей өлтірмесек, онда орыс бұзықтары арқылы әрекет етеміз» (316-б.). Осындай ағынан жарылуынан кейін арнайы орган қызметкері Иванов өтініш-мәлімдемесін жазған сәтте немен шұғылданып жүргендерінен хабардар  еткен: «Биылғы жылы (яғни 1926 жылы – Б.Қ.) бұрынғы жылдардағыдай әдетпен, әскерге шақырылғандарды тек қазақ тұрғындарына қарсы  әрекетке  ғана емес, лауазымды орындарда отырған  жауапты қызметкерлерге де қарсы жұмсап жүрміз». Демек, ұлттық республикалардың басшылары мен беделді қайраткерлерін уыста ұстау үшін қилы арандатушылықпен шұғылдану Қазақстандағы чекистердің басты кәсібі болған. Ивановтың құпия хабарына қарағанда, чекистер қазақ тұрғындары мен лауазымды қызметкерлерге де қарсы айдап салып жүрген әлгі әскерге шақырылғандарды орыс тұрғындары алдында «жылқы ұрлаушы» (конокрад) деп айыптап түсіндіретін көрінеді. Сонда, құпия қызметтің түрлі қитұрқы тәсілмен қиюластыруы нәтижесінде, орыс тұрғындары қазақтың басшы қызметкерлерін ат ұрыларын басқарушылар іспетті қабылдайтын болады. Егер олардың мұндай әрекетінің түбі шикілігі сезілер болса, онда күдік туғызбайтын ыңғайлы таптық жамылғыны бүркене қояды: яғни әрекеттерінің жасандылығын «біреу-міреу байқап қалса, – дейді чекист Иванов, – бәрін орыс кулактарына, атамандарына, қазақ рубасыларына жаба қоямыз». Өйткені олардың ішінде де сенімді адамдары жетіп артылады: «орыс кулактары мен қазақ рубасылары арасында бізден үлкен ақша алып, қазақ қызметкерлері үстінен бізге қажет елеулі материалдар беріп жүрген агентіміз болып табылатындар жеткілікті, соларды Қазақстан жағдайына орай тиімді басқарып, жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы пайдаланамыз» (317-б.).

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

(Жалғасы  бар.)

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: