Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚТЖ Қызылорда — Семей бағыты бойынша жаңа вагондарды іске қосты

09.04.2024, 18:57 558

2024 жылғы 9 сәуірде «Жолаушылар тасымалы» АҚ №21/22 «Қызылорда — Семей» жолаушылар пойызы құрамында жаңа вагондарды іске қосты. Маршрут бойынша 44 жолаушылар вагоны жүретін болады, оның ішінде 29 купе және 15 плацкарт, осылайша осы бағыт бойынша пойыздар 100% жаңартылады. Жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін вагондар ауаны баптау жүйесімен, ауаны тазарту сүзгілерімен, түтін датчиктерімен, биодәретханалармен, сондай-ақ тамбурлардағы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Купеде электр розеткалары мен USB қосқыштары бар. Вагондарды құрастыру кезінде қолданылатын барлық материалдар мен компоненттер халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді.
«Біз Ұлттық тасымалдаушының вагон паркін жаңарту бойынша жұмысты жалғастырудамыз. №21/22 «Қызылорда – Семей» пойызы күн сайын жүретін болады. Жолаушылар құрамы бір бағытта орта есеппен 528 жолаушыны тасымалдай алады», – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Ұлттық тасымалдаушы 150 жаңа вагон жеткізуге келісімшартқа қол қойды, оның 88-і вагон паркін толықтырды. Олар Атырау – Маңғыстау, Ақтөбе – Атырау, Павлодар – Түркістан бағыттары бойынша жүріп жатыр. Бұл өзгерістер вагондардың жайлылығына, қызметіне және ыңғайлылығына қанағаттанған жолаушылардан оң баға алды.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қызылорда – Семей және Алматы – Сарыағаш бағыттарында пайдаланылатын тағы 12 вагон жеткізіледі деп күтілуде. Биыл мемлекеттік органдармен тағы 157 жолаушылар вагонын сатып алу бойынша жобаны қаржыландыру мәселесін пысықтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2022 жылы 2025 жылдан 2030 жылға дейін Stadler технологиясының 537 жолаушылар вагонын сатып алуға шарт жасалды.
2030 жылы жоспарланған барлық іс-шараларды ескере отырып, вагондардың орташа қолданыстағы жылы 18-ден 13 жылға дейін төмендейді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: