«Мемлекеттiк Елтаңбаны ауыстыру туралы әңгімені кім екен бықсытқан?» деп қолым тигенде ақпарат ақтарсам, оны дабыра қып жүрген «Жаңа адамдар» деген жастар қозғалысы екен. Астаналық жастардан құрылған сол қозғалыс белсенділері 500 адамға Елтаңба туралы сауал қойыпты-мыс. Сонда жауап бергендердің 70%-ы елтаңбадағы жекелеген кескіндердің мағынасын түсінбейтінін айтқан дейді. Осы есепке сүйенген «жаңа адамдар» Елтаңбаны ауыстыру ұсынысын: «…біз білетін елтаңба құндылықтарымыз жайлы сыр шертпейді әрі болашаққа жол сілтер рәміз емес» деп түсіндірмек болыпты.
Мәссаған! Сонда бұларға қандай құндылық керек?!
БАҚ-та қозғалыс туралы бірсыпыра мақала жарияланған екен. Бірақ ол мақалалардан қозғалыс құрып, шапқылап жүрген балалардың орнықты ойын оқи алмадым. Керісінше бұлар туралы көңіліме күмән ұялағаны.
Елтаңбадағы көк аспан, шаңырақ, уық, кереге, таутеке мүйізді қанатты тұлпар – бұлардың барлығы қазақтың тарихын бейнелейді. Бергі емес, тым әрідегі тарихымызды. Ғалымдардың зерттеуінше, ол біздің заманымызға дейінгі 4 мыңыншы жылдарға кетеді. Бұл туралы әңгіме тым ұзақ әрі өте қызық. Ол тарихты айтсақ, осы бұйымдарды жасаған ежелгі ата-бабаларымызға, олардың дүниетанымына соқпай кете алмаймыз. Олардың елден ерек наным-сенімі жадымызда еріксіз жаңғырады. Ол наным-сенім әрі тіршіліктен бастау алады, ойға қисынды. Қазіргі біз ұстанып жүрген наным-сенімдей ойдан құралған мифтер емес.
Менің ойымша, осы ғажайып тарихымызды паш етіп тұрған Елтаңбамыздағы киелі кескіндердің мағынасын көшеде кездейсоқ ұшырасқандар емес, «жаңа адамдардың» өздері түсінбеген. Әлде оларға ақыл айтып отырған біреу бар ма? Солай сияқты. Бұларға «ЭКСПО» қалашығынан 100 шаршы метрден асатын кеңсені жалдап алып беріп отырған демеуші бар көрінеді. Бірақ ол демеушінің кім екенін «жаңа адамдар» айтқысы келмейді. Сонымен бірге былтыр қарашада Алматыда өткізген митіңгісіне қатысқан 500-дей адамның дені қозғалыс мүшелері екенін, олардың Астанадан келгенін, Алматыға дейінгі жолақысын «Жаңа адамдар» ұйымы төлегенін «Азаттық» радиосы жазды.
Демек жастарды қолдап, қолпаштап отырған біреу бар. Әрі ол – белгілі бір мақсатқа ақшаны аямайтын біреу. Ол біреуге қазақтың ежелгі тарихы, сол тарихпен бірге өрілетін ұлт дүниетанымы ұнамайтын сияқты. Ол тарих онсыз да ислам жорықшылары тарапынан жойылуға айналған. Тасқа қашалған жазуларымыз, салт-дәстүріміз халық жадынан өшірілген. Тек арап жылқыларының тұяғы жетпеген Орхон-Енисей бойындағы жазба ескерткіштер мен жер астында мыңдаған жыл бойы жасырынып жатқан таутеке мүйізді қанатты тұлпар басқыншылықтан аман қалған. Сол арқылы тірілген тарихты тағы біреулер жойғысы келе ме, қалай? Сонда олар Түркіге қымбат, қастерлі бейнелерді ауыстырғанда, оның орнына не қоймақшы екен? Көгілдір түсті жасылмен ауыстырмақшы ма?
Сондықтан, Елтаңбаны ауыстыру деген сандырақты қою керек. Оның орнына жас ұрпаққа Елтаңбаның жекелеген бөліктерін талмай түсіндірген жөн. Ол үшін отандық археологияның жетістіктерін қатыстыра отырып, ауыз әдебиетіміздегі кейінгі діни жапсырмаларды айқындап, оның тасасында танылмай қалған Түркілік ұғымдарды, Тәңірлік дүниетанымды жас ұрпаққа түсінікті етіп оқытқан дұрыс. Бұл жұмыс – әдебиетші ғалымдардың ісі. Алайда қазір ораза тұтып, намаз оқитын, ислами қағидаттар санасына сіңіп кеткен фольклортанушы ғалымдар дәл осыны көктете қоюы екіталай-ау!
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!