Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таутеке мүйізді қанатты тұлпардан қымбат не бар?

04.04.2024, 11:40 952

 «Мемлекеттiк Елтаңбаны ауыстыру туралы әңгімені кім екен бықсытқан?» деп қолым тигенде ақпарат ақтарсам, оны дабыра қып жүрген «Жаңа адамдар» деген жастар қозғалысы екен. Астаналық жастардан құрылған сол қозғалыс белсенділері 500 адамға Елтаң­ба туралы сауал қойыпты-мыс. Сонда жауап бергендер­дің 70%-ы елтаңбадағы жекелеген кескіндердің мағынасын түсін­бейтінін айтқан дейді. Осы есепке сүйенген «жаңа адамдар» Елтаңба­ны ауыстыру ұсынысын: «…біз білетін елтаңба құндылықтарымыз жайлы сыр шертпейді әрі болашаққа жол сілтер рәміз  емес»  деп  түсіндірмек  болыпты.

Мәссаған! Сонда бұларға қандай құндылық керек?!

БАҚ-та қозғалыс туралы бірсыпыра мақала жарияланған екен. Бірақ ол мақалалардан қозғалыс құрып, шапқылап жүрген балалар­дың орнықты ойын оқи алмадым. Керісінше бұлар туралы көңіліме  күмән  ұялағаны.

Елтаңбадағы көк аспан, шаңырақ, уық, кереге, таутеке мүйізді қанатты тұлпар – бұлардың барлығы қазақтың тарихын бейне­лейді. Бергі емес, тым әрідегі тарихымызды. Ғалымдардың зерттеуінше, ол біздің заманымызға дейінгі 4 мыңыншы жылдарға кетеді. Бұл туралы әңгіме тым ұзақ әрі өте қызық. Ол тарихты айт­сақ, осы бұйымдарды жасаған ежелгі ата-бабаларымызға, олардың дүние­танымына соқпай кете алмаймыз. Олардың елден ерек наным-­сенімі жадымызда еріксіз жаңғырады. Ол наным-сенім әрі тірші­ліктен бастау алады, ойға қисынды. Қазіргі біз ұстанып жүрген наным-сенімдей ойдан құралған мифтер емес.

Менің ойымша, осы ғажайып тарихымызды паш етіп тұрған Елтаңбамыздағы киелі кескіндердің мағынасын көшеде кездейсоқ ұшырасқандар емес, «жаңа адамдардың» өздері түсінбеген. Әлде оларға ақыл айтып отырған біреу бар ма? Солай сияқты. Бұларға «ЭКСПО» қалашығынан 100 шаршы метрден асатын кеңсені жалдап алып беріп отырған демеуші бар көрінеді. Бірақ ол демеу­шінің кім екенін «жаңа адамдар» айтқысы келмейді. Соны­мен бірге былтыр қарашада Алматыда өткізген митіңгісіне қатысқан 500-дей адамның дені қозғалыс мүшелері екенін, олардың Астанад­ан келгенін, Алматыға дейінгі жолақысын «Жаңа адамдар»  ұйымы  төлегенін  «Азаттық» радиосы  жазды.

Демек жастарды қолдап, қолпаштап отырған біреу бар. Әрі ол – белгілі бір мақсатқа ақшаны аямайтын біреу. Ол біреуге қазақтың ежелгі тарихы, сол тарихпен бірге өрілетін ұлт дүние­танымы ұнамайтын сияқты. Ол тарих онсыз да ислам жорық­шылары тарапынан жойылуға айналған. Тасқа қашалған жазу­ларымыз, салт-дәстүріміз халық жадынан өшірілген. Тек арап жылқыларының тұяғы жетпеген Орхон-Енисей бойындағы жазба ескерткіштер мен жер астында мыңдаған жыл бойы жасырынып жатқан таутеке мүйізді қанатты тұлпар басқыншылықтан аман қалған. Сол арқылы тірілген тарих­ты тағы біреулер жойғысы келе ме, қалай? Сонда олар Түркіге қымбат, қастерлі бейнелерді ауыстыр­ғанда, оның орнына не қоймақшы екен? Көгілдір түсті жасылмен  ауыстырмақшы  ма?

Сондықтан, Елтаңбаны ауыстыру деген сандырақ­ты қою керек. Оның орнына жас ұрпаққа Елтаң­ба­ның жекелеген бөліктерін талмай түсіндірген жөн. Ол үшін отандық археологияның жетістіктерін қатыс­тыра отырып, ауыз әдебиетіміздегі кейінгі діни жапсырмаларды айқындап, оның тасасында таныл­май қалған Түркілік ұғымдарды, Тәңірлік дүние­танымды жас ұрпаққа түсінікті етіп оқытқан дұрыс. Бұл жұмыс – әдебиетші ғалымдардың ісі. Алайда қазір ораза тұтып, намаз оқитын, ислами қағидаттар санасына сіңіп кеткен фольклортанушы ғалымдар дәл осыны көктете қоюы  екіталай-ау!

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ,

жазушы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: