Сырдағы су тапшылығы туралы сөз болғалы қашан?! Батырып та, қатырып та айтқандар және жазғандар бар. Су саясаты мемлекеттік деңгейде шешілуі керек екені де түсінікті. «Президенттің өзі араласуы қажет» дегендер табылды. Сала мамандары бұлай жалғаса берсе, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деп су үшін соғыс басталып кету қаупі де бар екенін жасырмады. Онсызда экологиялық аймақ саналатын Қызылорда аумағы үшін қауіп көп. Сыр өзені тура мағынада сирақтан келсе, сиқымыз белгілі болып қалар еді. «Сарқылмасын, Сыр-ана!» деп жүргеніміз де – сол.
«БІЗ СУДЫ ТЫМ ОРЫНСЫЗ ЖҰМСАЙМЫЗ»
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға шақырып, жағдайды ашық жеткізген-ді.
«Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек.
Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет.
Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет» деген еді президент.
Мемлекет басшысының сөзінен соң «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Мемлекетаралық деңгейде су көлемін көбейту мақсатында келіссөздер жасалды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы да салаға бір серпін береді деген пікірлер легі көбейді.
СЫРДАРИЯ СУЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ШЕТЕЛДЕН КЕЛЕДІ
Апта басында Қызылорда қаласында «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ғылыми зерттеу институттарының өкілдері, су шаруашылығының ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдардың басшылары қатысты. Орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, шаруашылық ұйымдары бейнебайланыс арқылы қосылды. Өйткені, тақырып – ортақ, мәселе де.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға қатысушыларды мол тәжірибелерін ортаға салып, бөлісуге шақырды.
– Су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Өңірдің басты су артериясы – Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85%-ы орналасқан және облыс халқының 93%-дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген Сыр күріші аймақтың негізгі дақылы болып жылдар бойы қалыптасқан. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің сулылығына және Арал теңізіне тікелей байланысты, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Сырдария суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келетінін, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасқанын атап өтті. Біріншіден, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғары ағыстағы мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына тәуелді. Екіншіден, өңірде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан, көп қаржы жұмсалатын, инженерлік жүйеге келтірілген мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр.
12 ЖЫЛДА АРАЛДЫҢ СУЫ 6,2 ТЕКШЕ МЕТРГЕ АЗАЙЫП КЕТКЕН
Мұнан бөлек, қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» 20 жыл бұрын қабылданғаны, су заңнамасын одан әрі жетілдіруді уақыт талап ететіні айтылды. Жаңа «Су кодексінің» қабылдануы Сыр өңірінің экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретіні анық.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев баяндама жасады.
Көшпелі отырыста Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріндегі суармалы су тапшылығы мәселесін сөз етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін атап өтті. Айта кету керек, «Арал-Сырдария» бассейні мемлекеттері Сырдарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған міндеттемелерін әрдайым орындай бермейді. Мәселен, 2023-2024 жылдары мемлекетаралық үйлестіруші комиссияда «Шардара» су қоймасына 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың 1 ақпанына дейін 6,9 млрд текше метр су түсетіні болжанса, оның 76%-ы ғана, яғни 5,3 млрд текше метрі түсті. Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жинақталған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрге аз. Арал теңізі мен маңындағы көлдер жүйесінің тартылуы – күрделі мәселе. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы 6,2 млрд текше метрге азайып кеткен, – деді аймақ басшысы.
Сөз соңында облыс әкімі түйткілді мәселелердің кезек күттірмейтінін назарға салып, шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға шақырды.
«КӨКАРАЛ» ЖӨНДЕЛСЕ, «КІШІ АРАЛДА» СУ АЙНАЛЫМЫ ҚАЛЫПТАСА МА?
Жиында «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы туралы айтылды. «Көкарал» – тек Арал өңірі ғана емес, республикадағы өте маңызды нысан. Президент тапсырмасымен бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынып жатқаны көпшілікті қуантады.
2022 жылы Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияда «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы қаралған еді. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылған 4,3 млрд теңгенің жобасын Су ресурстары және ирригация министрлігі іске асырып жатыр.
Жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге екі арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылып, Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігінде су айналымы қалыптасады.
Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту үшін Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жүргізілген.
«Көкарал» бөгеті 2005 жылғы қараша айында пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы – 13 шақырым. Тоспа салынғаннан кейін теңіздің құрғаған ұлтанының 870 шаршы метрі сумен жабылғаны жайлы ақпарат бар. Теңіздегі су көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайып, балық түрлері артты және бекіре тұқымдас балықты өсіруге қолайлы жағдай жасалған. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артқан.
Еске салсақ, былтыр 3 айда «Кіші Аралға» 1 млрд 200 млн текше метр су түскен. Кейінгі жылдары Кіші Арал теңізіндегі су көлемі 8,5 млрд текше метрге дейін азайып кеткен еді. Жазда су тапшы, ал қыста көп болғанымен Аралға жетпей жатты. Былтыр қаңтар, ақпан, наурыз айларында су мол болып, оңтайлы мүмкіндікті барынша пайдалануға жұмыс істелді. Нәтижесінде Аралға жылдық норма 3 айдың ішінде жіберілді.
«БІР ГЕКТАР КҮРІШКЕ 28 МЫҢ ТЕКШЕ МЕТР СУ ЖҰМСАЛАДЫ…»
Экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы су тапшылығына алаңдайтынын айтып, бірқатар мәселені жеткізіп отыр.
– Сенаттың аграрлық комитетінің ұйымдастыруымен Қызылорда облысындағы Су ресурстарының жай-күйі мен дамуына қатысты көшпелі отырысы өтті. Сенат депутаттары үлкен дайындықпен келіпті. Жергілікті су мамандары, сарапшылар тарапынан берілген ақпараттық материалдары жан-жақты зерделеніп, нақты ұсыныстарды «Су кодексі» заңына енгізу керек екендігі айтылды.
Ең бастысы – суды барынша үнемдеу технологиясын енгізу және осы технологияны қолданушыларды 80% субсиядалау. Өйткені, бізде суды каналдар арқылы тасымалдағанда 40%-ға дейін нормативтен тыс шығындар бар екені анықталуда. Қазіргі кезде Қызылорда өңіріндегі Қуаңдария, Ақсай, Қамыстыбас, Ақшатау, Приморск көлдер жүйесі 2002 жылға қарағанда екі есе азайып кеткен. Судың азаюы жергілікті халықтың денсаулығына да әсер етуде. Соңғы отыз жылда жергілікті халықтың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші үш есе өсіп кеткен. Оның ішінде туабітті ауытқулар он есе өскен. Бұл – мыңдаған отбасының қасіреті.
Бізге суды көп тұтынатын күріш дақылы да, халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін Арал теңізі мен көлдер жүйесі де керек. Бірақ халықтың денсаулығы негізгі басымдық болуы тиіс. Егістіктерді әртараптандыру арқылы күріш дақылдары алқабын қысқартуды құптаймын. Сарапшылардың пікірінше, бір гектар күрішке 28 мың текше метр су жұмсалады екен. Енді есептей беріңіз, облыста егілетін 89 мың гектар күріш алқабына 2 млрд текше метрдің үстінде су кетеді. Бұл – үлкен су. Күріш өнімінен облыс бюджетіне түсіп жатқан қаржымен осы күріш алқабына кетіп жатқан су үлесінің шығынының ара салмағы қандай? Зерделеу керек. Жер тегістейтін мықты техникалары бар, агромәдениетті берік сақтайтын шарушылықтар ғана күріш еккені дұрыс. Егін егудің экстенсивті түрінен бас тартудың уақыты өтіп кетті. Жуырда ғана Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президенттің Түркістан және Қызылорда облыстарының диқандары суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көшу керек деген пікірі өте дұрыс, – дейді ол.
«ҚАРАӨЗЕК» СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНУЫ МҮМКІН
«Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» атты көшпелі отырыста баяндама жасаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев суармалы суды тиімді пайдаланудағы негізгі міндеттер туралы да айтты.
– Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен «Суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Кешенді жоспарға құны 141 млрд теңгені құрайтын 37 жоба енгізілді. Ол бойынша 1 млрд текше метр тасқын суды жинақтауға арналған «Қараөзек» су қоймасын салу жоспарлануда. Су қоймасы салынса, Қазалы ауданындағы 31 мың гектар суармалы жерді, 120 мың гектар жайылым мен шабындықты және ең маңыздысы вегетациялық кезеңде Кіші Аралды суландыруға болады. Бұл жобалар іске асқанда суды үнемдеуге және үнемделген суды экологиялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік туады. Еліміздегі су тапшылығын жоюға және су үнемдеу технологияларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бүгінгі маңызды отырыста жаңа «Су кодексіне» оңтайлы ұсыныстар енгізіледі деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Жалпы, «Кіші Аралға» судың аз түсуінен тұздылығы көбейгені бәріне мәлім. Ал балықтың тұзды суда өмір сүруі нашарлай береді. Мұны айтқан мамандардың өзі дабыл қағып отыр.
– Балық теңіздің тұздылығы әр литрінде 13 грамм болғанға дейін ғана өмір сүреді, 13-те уылдырық шашқанымен, ол дамымайды. Ал тұздылығы 15-тен асқанда балықтың өзі де өмір сүре алмайды. Егер су осылай азая берсе, балық қырылады. Сосын өлі теңізге қайтып келеміз. Былтырғы «Балықшылар слетінде» де көп мәселе көтерілді. Шынын айтқанда, балықшылар өз жағдайын жылағандай болып айтты. Егер теңіз жайы нашарлай берсе, жаппай көшу басталады. Өткен жылы суға қатысты арнайы министрлік құрылды. Оны біз жақсы қабылдадық. Ендігі мәселе – сол министрліктің істейтін жұмысында, – дейді балық шаруашылығы саласының маманы Әділбек Айымбетов.
Су тапшылығы – күйіп тұрған тақырып. Мұның әлі де жалғасы болады. Бірақ, бұрынғыдай емес, қозғалыс, қам-қарекет бар секілді. Әрине, асатпай жатып құлдық деуге әсте болмайды, әліптің артын баққан жөн.
Рыскелді ЖАХМАН.
Суретті түсірген Б.Есжанов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!