Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр суының сыңғыры неге сылбыр тарта береді?

29.02.2024, 13:00 531

Сырдағы су тапшылығы туралы сөз болғалы қашан?! Батырып та, қатырып та айтқандар және жазғандар бар. Су саясаты мемлекеттік деңгейде шешілуі керек екені де түсінікті. «Президенттің өзі араласуы қажет» дегендер табылды. Сала мамандары бұлай жалғаса берсе, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деп су үшін соғыс басталып кету қаупі де бар екенін жасырмады. Онсызда экологиялық аймақ саналатын Қызылорда аумағы үшін қауіп көп. Сыр өзені тура мағынада сирақтан келсе, сиқымыз белгілі болып қалар еді. «Сарқылмасын, Сыр-ана!» деп жүргеніміз де – сол.

«БІЗ  СУДЫ  ТЫМ  ОРЫНСЫЗ  ЖҰМСАЙМЫЗ»

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев халықты суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға ша­қырып, жағдайды  ашық  жеткізген-ді.

«Түркістан және Қызыл­орда облыс­тарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшы­лық қаупі аса жоғары. Соған қарамас­тан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргі­зіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құр­ғақ­шылыққа төзімді дақылдарды көбей­ту  керек, су  үнемдейтін  техно­ло­гия­ны  енгізу  қажет. Ахуалды  жақсарту  үшін  батыл  әрекет  жасау  керек.

Ең алдымен, су үнемдеу технология­сын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз.  «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып  суды үнемдеп пайдалану мәдение­тін қалып­тастыруымыз  керек. Көрші мемле­кеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді  тұстарын  алу  қажет.

Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашы­лықта, жалпы, барлық салада суды тиім­ді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру  қажет»  деген  еді  президент.

Мемлекет басшысының сөзінен соң «Қазақстан Республикасының су ресурс­тарын басқару жүйесін дамыту­дың 2024-2030 жылдарға арналған тұ­жырымдамасы» қабылданды. Мемлекет­аралық деңгейде су көлемін көбейту мақсатында келіссөздер жасалды. Су ресурстары және ирригация министр­лігінің құрылуы да салаға бір серпін бере­ді  деген  пікірлер  легі  көбейді.

СЫРДАРИЯ  СУЫНЫҢ  90  ПАЙЫЗДАН  АСТАМЫ  ШЕТЕЛДЕН  КЕЛЕДІ

Апта басында Қызылорда қаласында «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ғылыми зерттеу институттарының өкілдері, су шаруашылығының ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдардың басшылары қатысты. Орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауап­ты қызметкерлері, шаруашылық ұйым­дары бейнебайланыс арқылы қосылды. Өйткені, тақырып – ортақ,  мәселе  де.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға қатысушыларды мол тәжірибелерін ортаға салып, бөлісуге шақырды.

– Су  шаруашылығы  саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Өңірдің бас­ты су артериясы – Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85%-ы орналасқан және облыс халқының 93%-дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейім­делген Сыр күріші аймақтың негізгі дақылы болып жылдар бойы қалыптасқан. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халық­тың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің сулылығына және Арал теңізіне тікелей байланысты, – деді  аймақ  басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі Сырдария суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келетінін, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасқанын атап өтті. Біріншіден, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоға­ры ағыстағы мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына тәуелді. Екіншіден, өңірде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан, көп қаржы жұмсалатын, инженерлік жүйеге келтірілген мелиоративтік жүйелер мен құрылыс­тарды  ұстап  тұруға  мәжбүр.

12  ЖЫЛДА  АРАЛДЫҢ  СУЫ  6,2  ТЕКШЕ  МЕТРГЕ  АЗАЙЫП  КЕТКЕН

Мұнан бөлек, қазіргі қолданыстағы «Су кодек­сі» 20 жыл бұрын қабылданғаны, су заңнамасын одан әрі жетілдіруді уақыт талап ететіні айтылды. Жаңа «Су кодексінің» қабыл­дануы Сыр өңірінің экологиялық қажеттіліктерін  қанағат­тандыруға мол мүмкіндік бере­тіні анық.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жа­ханов, ҚР Ауыл  шаруашылығы  вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясы­ның директоры Серікқали Мұқатаев, Ы.Жа­қаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев  баяндама  жасады.

Көшпелі отырыста Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріндегі суарма­лы  су  тапшылығы  мәселесін  сөз  етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы өз Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін атап өтті. Айта кету керек, «Арал-Сырдария» бассейні мемлекеттері Сырдарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған міндеттемелерін әрдайым орындай бермейді. Мәселен, 2023-2024 жылдары мемлекетаралық үйлес­тіруші комиссияда «Шардара» су қоймасына 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың 1 ақпанына дейін 6,9 млрд текше метр су түсетіні болжан­са, оның 76%-ы ғана, яғни 5,3 млрд текше  метрі  түсті. Бүгінде  «Шардара»  су  қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жинақталған судың көлемі өткен жылмен салыс­тырғанда 2 млрд текше метрге аз. Арал теңізі мен маңындағы көлдер жүйесінің тартылуы – күрделі мәселе. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы  6,2 млрд текше метрге азайып кеткен, – деді  аймақ  басшысы.

Сөз соңында облыс әкімі түйткілді мәселелердің кезек күттірмейтінін назарға салып, шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға ша­қырды.

«КӨКАРАЛ»  ЖӨНДЕЛСЕ,  «КІШІ  АРАЛДА»  СУ  АЙНАЛЫМЫ ҚАЛЫПТАСА  МА?

Жиында «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жоба­сы туралы айтылды. «Көкарал» – тек Арал өңірі ғана емес, республикадағы өте маңызды нысан. Президент тапсырмасымен бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынып жатқаны көпшілікті  қуантады.

2022 жылы Арал ауданында Қазақстан Республ­икасы Парламенті Сенаты және Өзбек­стан Республикасы Олий Мәжілісі Сена­ты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комис­сияда «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жоба­сы қаралған еді. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылған 4,3 млрд теңгенің жобасын Су ресурстары және ирригация  министрлігі  іске  асырып  жатыр.

Жоба шеңберінде зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге екі арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылып, Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігінде  су  айналымы  қалыптасады.

Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту үшін Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2  каналдарына  механикалық  тазарту жүргізілген.

«Көкарал»  бөгеті 2005 жылғы қараша айын­да пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы – 13 шақырым. Тоспа салынғаннан кейін теңіздің құрғаған ұлтанының 870 шаршы метрі сумен жабылғаны жайлы ақпарат бар. Теңіз­дегі су көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайып, балық түрлері артты және бекіре тұқымдас балықты өсіруге қолайлы жағдай жасал­ған. Балық аулау көлемі 400 тоннадан   8 мың  тоннаға  дейін  артқан.

Еске салсақ, былтыр 3 айда «Кіші Аралға» 1 млрд 200 млн текше метр су түскен. Кейінгі жылдары Кіші Арал теңізіндегі су көлемі  8,5 млрд текше метрге дейін азайып кеткен еді. Жазда су тапшы, ал қыста көп болғанымен Аралға жетпей жатты. Былтыр қаңтар, ақпан, наурыз айларында су мол болып, оңтайлы мүмкін­дікті барынша пайдалануға жұмыс істелді. Нәтижесінде Аралға жылдық норма 3 айдың  ішінде  жіберілді.

«БІР  ГЕКТАР  КҮРІШКЕ  28  МЫҢ  ТЕКШЕ  МЕТР  СУ  ЖҰМСАЛАДЫ…»

Экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы су тапшы­лығына  алаңдайтынын айтып, бірқатар мәселені  жеткізіп  отыр.

– Сенаттың аграрлық комитетінің ұйым­дастыруымен Қызылорда облысындағы Су ресурс­тарының жай-күйі мен дамуына қатыс­ты көшпелі отырысы өтті. Сенат депутаттары үлкен дайындықпен келіпті. Жергілікті су мамандары, сарапшылар тарапынан берілген ақпараттық материалдары жан-жақты зерделе­ніп, нақты ұсыныстарды «Су кодексі» заңына  енгізу  керек  екендігі  айтылды.

Ең бастысы – суды барынша үнемдеу технология­сын енгізу және осы технологияны қолданушыларды 80%  субсиядалау.  Өйткені,  бізде суды каналдар арқылы тасымалдағанда 40%-ға дейін нормативтен тыс шығындар бар екені анықталуда. Қазіргі кезде Қызыл­орда өңірін­дегі Қуаңдария, Ақсай, Қамыстыбас, Ақша­тау, Приморск көлдер жүйесі 2002 жылға қарағанда екі есе азайып кеткен. Судың азаюы жергілікті халықтың денсаулығына да әсер етуде. Соңғы отыз жылда жергілікті халықтың жалпы сырқат­танушылық көрсеткіші үш есе өсіп кеткен. Оның ішінде туабітті ауытқулар он есе өскен. Бұл – мыңдаған отбасының қасіреті.

Бізге суды көп тұтынатын күріш дақылы да, халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін Арал теңізі мен көлдер жүйесі де керек. Бірақ халықтың денсаулығы негізгі басымдық болуы тиіс. Егістіктерді әртараптандыру арқылы күріш дақылдары алқабын қысқартуды құптаймын. Сарапшылардың пікірінше, бір гектар күрішке 28 мың текше метр су жұмсалады екен. Енді есептей беріңіз, облыста егілетін 89 мың гектар күріш алқабына 2 млрд текше метрдің үстінде су кетеді. Бұл – үлкен су. Күріш өнімінен облыс бюджетіне түсіп жатқан қаржымен осы күріш алқабына кетіп жатқан су үлесінің шығынының ара салмағы қандай? Зерделеу керек. Жер тегістейтін мықты техникалары бар, агромәдениетті берік сақтайтын шарушылықтар ғана күріш еккені дұрыс. Егін егудің экстенсивті түрінен бас тартудың уақыты өтіп кетті. Жуырда ғана Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президенттің Түркістан және Қызылорда облыс­тарының диқандары суды аз қажет ететін  дақылдарды егуге көшу керек деген пікірі өте  дұрыс, – дейді  ол.

«ҚАРАӨЗЕК» СУ ҚОЙМАСЫ  САЛЫНУЫ МҮМКІН

«Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» атты көшпелі отырыста баяндама жасаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев суармалы суды тиімді пайдаланудағы негізгі міндеттер туралы да  айтты.

– Су  ресурстары  және  ирригация  ми­нистрлігімен бірлескен «Суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Кеше­нді жоспарға құны 141 млрд теңгені құрайтын 37 жоба  енгізілді. Ол  бойынша 1 млрд текше метр тасқын  суды  жинақтауға  арналған «Қара­өзек» су қоймасын салу жоспарлануда. Су қоймасы салынса, Қазалы ауданындағы 31 мың гектар суармалы жерді, 120 мың гектар жайы­лым мен шабындықты және ең маңыздысы вегетациялық кезеңде Кіші Аралды суландыруға болады. Бұл жобалар іске асқанда суды үнемдеу­ге және үнемделген суды экологиялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік туады. Еліміздегі су тапшылығын жоюға және су үнемдеу технологияларын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бүгінгі маңызды отырыста жаңа «Су кодексіне» оңтайлы ұсыныстар енгізіледі деп сенемін, – деді аймақ  басшысы.

Жалпы, «Кіші Аралға» судың аз түсуінен тұздылығы көбейгені бәріне мәлім. Ал балық­тың тұзды суда өмір сүруі нашарлай береді. Мұны айтқан мамандардың өзі дабыл қағып отыр.

– Балық  теңіздің  тұздылығы әр литрінде 13 грамм болғанға дейін ғана өмір сүреді, 13-те уылдырық шашқанымен, ол дамымайды. Ал тұздылығы 15-тен асқанда балықтың өзі де өмір сүре алмайды. Егер су осылай азая берсе, балық қырылады. Сосын өлі теңізге қайтып келеміз. Былтырғы «Балықшылар слетінде» де көп мәселе көтерілді. Шынын айтқанда, балықшылар өз жағдайын жылағандай болып айтты. Егер теңіз жайы нашарлай берсе, жаппай көшу басталады. Өткен жылы суға қатысты арнайы министрлік құрылды. Оны біз жақсы қабылдадық. Ендігі мәселе – сол министрліктің істейтін жұмысында, – дейді  балық шаруашылығы  саласының  маманы  Әділбек  Айымбетов.

Су тапшылығы – күйіп тұрған тақырып. Мұның әлі де жалғасы болады. Бірақ, бұрынғыдай емес, қозғалыс, қам-қарекет бар секілді. Әрине, асатпай жатып құлдық деуге әсте болмайды, әліптің  артын  баққан  жөн.

Рыскелді  ЖАХМАН.

Суретті түсірген Б.Есжанов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: