Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ешқандай дәстүр адам өмірінен құнды емес

25.01.2024, 10:40 899

Гүлзат  КӨБЕК

киносыншы,

өнертану PhD докторы,

«Тұран» университетінің профессоры

Отандық коммерциялық кинопроцесте сең қозғалды. Олар батыл әрі жаңашыл. Олардың тілі халыққа түсінікті. Оның ішінде «Дәстүр» фильмі көрермендердің санасына ауыр соққы жасайды. Себебі, бұл фильм рухани дертті қоғамның бетпердесін шешті.

Бүгінгі жаһандық жағдай әр ұлт пен жалпы адамзаттық құндылық­тарды қайта қарап, сараптап, жаңаша деңгейде жаңғыртудың міндетін жүктеп отыр. Ескі де қажетсіз дағды мен дәстүрлерден арылу маңызды.

Белгілі режиссер Қуаныш Бейсектің «Дәстүр» фильмінің көтеріп отырған мәселесі өзекті. Басты рөлдегі мэтр Алдабек Шалбаев пен талант­ты жас Ермек Шынболатов­тың кәсіби актерлік шеберлігін ерекше атап өтуіміз керек. Фильм авторлары  маңызды  идеяны көтеріп отыр.

Әйел құқығы – біздің қоғамда өзекті тақырып. Себебі, сапалы ұрпақ тәрбиесі саналы әйелге тікелей байланысты. Қыздардың тағдырына немқұрайды қарамауымыз керек. Бүгін­гі таңда қалың мал мәселесі емес, қыздардың білімді болуы маңызды.

Қалың мал – адам саудасы. Қалың  малдың  көлемі – берік отбасының кепілі емес. Ата-ана үшін балаларының өз келісімдерімен шаңырақ көтергендігі, жауапкершілікті сезінгендігі  маңызды  болуы  керек.

Фильмде қорлық көрген жас қыз­дың әкесі құдаларынан алған қалың малына көлік сатып алуға кетеді. Бұл – әкелерге сын. Зорланған қызына психологиялық көмек бермей, қылмыскерге еркінен тыс тұрмысқа беру­ге келіседі. Ауыл әкімінен бастап заң бұзады. Қыз суицидке барады. Ешқандай дәстүр адам өмірінен құнды емес. Осыны қоғам түсінуі керек.

Фильмдегі назар аударатын келесі мәселе – ата-ана тәрбиесі. Біздің қоғамда көп әке қаталдықты тәрбие деп түсінеді. Ішінен кіжінеді. Қас-қабағыммен бір нәрсе үйретіп жүрмін  деп  ойлайды.

Балаларына жылулық беру, ашық сөйлесу, сырласу маңызды. Ұруды тәрбие деп түсінеді. Көбінесе, үйінде өз әкесі ұратын ер балалар мектептегі өзінен кіші жасөспірімдерге зорлық көрсетеді. Әкесіне көрсете алмаған ішкі қарсылығын өзгелерге әлімжеттік  жасау арқылы шығарады. Фильмдегі басты кейіпкер  де  сондай.

Фильмнің жанры – хоррор және драма. Ең үрейлісі – адамның психикалық дертін «жын шығарумен» шатыс­тыру. Басты кейіпкер Болат­тың трагедиясы – З.Фрейдтің тілі­мен айтқанда, «Адамның жанының жұмбағы бала кездегі психикалық драмасын­да жатыр. Сол жарақатқа дейін қазбаласаңыз, дерттен айығуға болады»  дейді.

Басты кейіпкерді ауруы асқынып, айналасындағы жақындарының бә­рін өлтіріп болған соң барып қана жындыханаға емдеуге жібереді. Кез келген ата-ана отбасында баласының психикалық ахуалына алаңдап, жанының жарақаттарын молдалар арқылы «жын шығарумен» емес, кәсіби психологпен шешуге мән бер­уі  керек.

Фильмде молдалардың да бейнесі бар. Бүгінгі таңда уағыз айтатын молда көп, шынайы иман жоқ. Жан – нәзік жаратылыс. Адамның психикасы – күрделі құбылыс. Молдалар да жантану ғылымы, психология саласынан арнайы  білім  алса  артық  етпейді.

Жаратушының бар екендігі ақи­қат. Жаратылыстың өз заңы бар. Дін – осы екі ғаламның арасын байланыстырушы алтын көпір. Оның тілі – білім мен ғылым. Тылсымның тілін түсіну үшін білім, табиғатын тану үшін ғылым керек.

Дәстүр – адамзат пайда болғалы әр ұлттың өзіндік тұрмыс жағдайына қарай қалыптастырған әдет, дағдылары. Заманның дамуына қарай ескірген дағдылардан арылу, құндысын жаңаша деңгейде жаңғырту да маңызды.

Бұл фильм қыз тағдырымен ойнамаудың маңызын түсіндіре алуымен құнды. Қоғамның дерті – әр отбасының ішкі шешілмеген мәселелерінің диагнозы. Сана жаңғырмай, сапалы қоғам  құрылмайды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: