Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мақтаған мал табады

19.12.2023, 9:00 299

HALYQLINE.KZ

(әзіл әңгіме)

Күн сайын бәйбішемен сөзге келіп қаламын. Елде жоқ ұрысқақ. Ешкім жеңе алмайды. Үйден берекет қашты. Интернеттен осыған сауал іздедім. Сүйтсем, әйелді мақтау керек екен. Мен сорлы оны білмеппін. Түс мезгілінде күндегі әуенін бастайын деп, домбырасын келтіріп жатыр еді.

– Жанымдағы жалғызым, армандаған аяулым, – дедім.

– Ааа, мына сөздер сенің аузыңнан шықты ма? – деп, әйелім көзі адырайып тоқтап қалды.

– Енді не, менің аузымнан тек былапыт сөздер ғана шығады деп жүрсің ба?

– Таң қалып тұрғаным, – деді ол.

– Сенің нәзік қолдарыңмен жасалған бүгінгі түскі ас қандай керемет! Дәмі тілімді салақтатып жіберді. Кешкі асқа не пісіресің, қымбаттым?

– Иәә, рас айтып тұрсың ба? Саған бүгін бірдеңе болған жоқ па? – деп, әйелім аң-таң.

– Шынымды айтып тұрмын, жаным. Өзіңді көрмесем отыра алмайтын күйге душар болдым…

Негізі қолдары нәзік емес, сиырды сауғанда төрт емшегін жұлып ала жаздайды. Білегінің жуандығынан көрші ауылдың қатындары сескеніп қашып жүреді. Жұбайымды жамандап отыр деп ойламаңыздар. Көзі қысық болса да:

– Ботадай көздерің жанып тұр.Үйдің ішін жарқыратып жіберді ғой, жүзіңнен жүзімнің шырыны тамғандай, – деп едім, бөшкедей әйелім диванның үстіне барып сылқ етіп шалқасынан құлады.

Ее, мынау жақсы әдіс екен. Байғұстың ұрысы су сепкендей сап тыйылды. Еркелеткенді кім жек көрсін?..

Ергіп көшеге шықтым. Дүкеннің алдында қайыр сұрап айғайлап алқаш отыр екен, оны да мақтай жөнелдім.

– Күс-күс жарық қолдарың батырдың білегіндей жуан ғой, құрметтім?!

Маскүнем көгеріп кеткен екі қолына алма-кезек қарады.

– Шын ба? – деді, ісік көздері жыпылық қағып. Өзі ықылық атып тұр.

– Иә, әрине, – дедім.

– Кезінде спортпен айналысқанмын, – деп мақтанды ол.

– Иісің қандай керемет, сендей адам жер бетінде жоқ қой, – деп едім, ыржалаңдап мәз болды.

Ішкіштер де мақтағанды жаны сүйеді. Өзі қайыр сұрап отырса да, екі жүз теңгесін менің алақаныма бір ұрды.

Көшенің бір бұрышында ала таяғын асынып МАИ қызметкері машина аңдып тұр. Аяңдап қасына бардым.

– Армысыз! Сендерсіз біздің күніміз не болмақ?

– Жай ма?

– Осындай қара суықта адамның өмірі үшін, жол тәртібін қадағалап тұрсыздар. Не деген қамқорлық бұл?

– Енді, жұмысымыз ғой.

– Қандай адал жансыңдар, осы еңбектерің елеусіз. Үкімет бағаламайды, – деп едім, әлгі МАИ қызметкері көтеріп тұрған ала таяғын төмен түсірді. Енді бір сөз айтсам, шалқасынан құлайын деп тұр.

– Біз кімге керекпіз? – деді МАИ қызметкері міңгірлеп.

– Сендер халыққа, қоғамға керексіңдер, сіз сондай парасатты адамсыз. Бауырмал екеніңіз көзіңізден көрініп тұр. Ел үшін туғансыз…

– Рақмет! – деп, танауы шелектей болды.

– Өлгенше қолыңыздан ала таяқ түспесін, бай болыңыз…

– Ой, бәрекелді, тоқтай тұрыңыз, – деп төс қалтасына қолын салып жіберіп, қып-қызыл бес мың тенгені қалтама сүңгітіп жіберді.

Әзірге жаман емес. Базарға қарай бет алдым. «Қымбат» сауда үйінен атақты бизнесмен, кезінде сотқар атанған Бекертуған құрдасым шықты. Ол өмірінде ешкімнен жылы сөз естіп көрмепті. Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалімнен жегені таяқ, естігені қарғыс еді.

– Амансың ба, құрдасым?

– Шүкір, шүкір, түкір-түкір, – деді Бекертуған.

– Естідің бе?

– Нені?

– Кеше сені теледидардан мақтады.

– Не деп?

– Қазақ елінің экономикасына елеулі үлес қосып жатыр дейді. Сен сияқты азаматтар көп болса, дағдарыстан құтыламыз деп айтты.

– Кім?

– Әкім.

Құрдасым көзі аларып, мәз болды.

– Шын айтып тұрсың ба? – деді ол қуанып.

– Әрине, сендей құрдастар қазақ ұлты үшін дефицит қой, – деп едім. Туғалы жылы сөз естімеген байғұс сол жерде бұтына жіберіп қойғандай мелшиіп қатып қалды. Бетіме ала көзімен қарады. Менің сөздерім ұнамай қалған болар деп, кетуге ыңғайлана бастадым.

– Тоқта, – деді маған. Дауысы қатты шықты. Мектепте жүргенде талай рет жұдырықтасқан едік. Келсең кел дедім ішімнен.

– Мына астымдағы автокөліктің кілті саған, – деп,қолыма ұстатты.

– Бәке, мұның не?

Мүмкін, қалжыңдап тұрған шығар.

– Мендей сорлы тентекті мақтайтын адамдар бар екен бұл өмірде, – деп, өкіріп жылап жіберді.

Ойбай-ау, мақтаудың құдіреті қандай керемет десеңші, мұны мұрнымның иісі бұрын неге сезбеген? Кеше қара жаяу жүрген адам, қазір астында қымбат көлік. Бақыттан басым айналып барады. Айналшықтап аудандық әкімшілікке бардым. Кіреберістегі күзетшіден бастап, еден сыпырушыға дейін әкесін тантып мақтадым-ау кеп. Олар барлық есіктерді айқара ашып тастады.

Бір қарасам аудан әкімі Талтекеңнің кабинетінде отырмын.

– Армысыз, алтыннан ардақты, күмістен салмақты, басекем,

Ел үшін туған Талтекем, – деп, қолымды бердім. Әкім сәлемімді аузының ұшымен жыбырлап әрең алды. Жақтырмай тұрғаны көзінен көрініп тұр. Бірден үйренген әдісіме көштім.

– Сіз жүрген жолмен жүргім келеді,

Сіз ішкен суды ішкім келеді, – деп, әндете бастадым.

– Ее, дұрыс, – деді ол.

– Сіз отырған орынға қызыққым келмейді,

Сіз мінген көлікті мінгім келмейді, – дедім тағы. Өлеңдерімнің ұйқасы жоқ болса да, аудан басшысына ұнап барады.

– Дұрыс, дұрыс, – деді басын изеп.

– Сіз салған ізбен жүргім келеді,

Болыңыз осы ауданның тірегі…

– Керемет! – деп, әкім бетімнен шолп еткізіп сүйіп алды. Қолымды қысып, құшағына тартты. Қайта-қайта арқамнан қақты. Сүйтіп, жұртты мақтап үйге қайттым.

Орта жолда екі-үш жыл бұрын бір өнер ордасын отырғызып, бас есепшісі шатылып кеткен мекеменің бұрынғы директоры алдымнан кездесе кетті. Қолында жоғарғы жақтан алған «Алғыс хаты» бар екен. Қуанышында шек жоқ. Өлген әкесі тіріліп келгендей мәз.

– Мұны қалай алдың? – дедім таңданып.

– Тысс, үндеме, «секрет» деп, көзін қысты. Бәрі түсінікті болды.

Ертеңіне маған аудандық әкімшіліктен телефон соқты. Мені жақсы қызметке және мақтау қағазына ұсыныпты.

Енді, бұйырса облысқа барып, әкімшілікте отырғандарды түгелдей үрім-бұтағына дейін мақтап қайтайын деп, жиналып отырмын…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: