Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астанада сиыр жүр…

12.10.2023, 10:00 259

Астанада сиыр жүр! Дә-ә-әу сиыр! Бөксесінде «бюджет» деген таңбасы бар! Тезек жабысқан, жалпа-ақ жамбасы бар… Мүйізі теректей, емшектері… «дутый» шелектей…

Үкімет үйінің алдында күйіс қайырып тұр еді, полиция инспекторлары айдап шыққысы келіп, дубинкамен ұра бастаған. Сиыр оқыранып, пысқырынып, қайқы кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, тұра ұмтылғанда, полицейлер майда тары сияқты шашылып кетіп, жан-жаққа қашты.

Сол екен, білектеріне шелектерін іліп, облыс, аудан әкімдері, тіпті министрлер, департамент басшылары, араларында «антикорлар» бар, бәрі жиылып, үкімет сиырын сауа бастады. Сауғаны былай тұрсын, тізерлей қалып, еме де бастады! Байғұс сиырдың желіні сыздап кеткен соң, ашуланған екен, жан-жағынан жаппай бас салғандарға сүзіле қарап қойып, тіпті тоңқаңдап еміп жатқан бір шенеуніктің құйрығынан жалап қойып, күйіс қайырып тұра берді. Өйткені, көше толы кедейлер еді. Халық сауын сиырды сырттай тамашалауға жиналыпты, бәрінің де тегін сүттен ішкісі келеді-ақ, бірақ ар-ұяттарының жібермей тұрғаны… Ал, ұятсыздар… Үкімет сиырын сорып жатыр, сорып жатыр… Байғұс сиырдың іші қабысып, желіндері жабысып, резина болып қалса да шайнап сорып жатыр. Сүт орнына қан шықса да, бүлкілдетеді дейсіз! Құдайым-ау, қазақ атқамінерлері осынша ашқарақ, осынша дүниеқұмар болар ма еді?

Бір кезде сиыр мөңіреп жіберді. Сөйтсек, президент келген екен.

– Бұларың не? Бюджет сендерге сауын сиыр емес қой! – деп ашуланды патша.

Сол екен, атқамінерлер сиырдың сауырынан сипап, мүйізінен өтірік сүйіп, жүнін тазалай бастады… президент кетісімен, қайтадан желінге таласа жармасып жатты…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы.

Коллаж  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: