Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкесін құтқару үшін қорлық көрген…

07.09.2023, 10:20 410

Бұрындары біреудің басынан өткен оқиғаларды естігенде мұншалықты таңғалған емеспін. Оның үстіне, біреудің өмірі қатты алаңдата қоймайтын болған соң, басқаның сыр шертіп, ішкі әлеміне сүңгітіп әкеткенін құп көрмейтінмін. Жақында сапарда болдым. Барарда ұшақтан кешігіп қалып, алыс жолға таксимен шығуға тура келді. Қанша жерден тырысқаныммен, ертеңіне өзім бет алған қалаға уақытылы жетпейтінімді түсіндім. Адамның емес, Алланың дегені болатынына тағы бір көзім жетті. Солайынан кешкі сегіздер шамасында көлікке отырдық. Қолымда 1 литр ғана су бар. Тәуекел етіп, жолға  шықтық.

Қызылорданың ыстығы ми қайнатады деп жүреміз, бірақ қаладан шыға бере жүзімізге түскен күн де ұясына бата қойды. Сапарлас болғандардың бірі дәрігер, бірі студент, енді бірі вахталық жұмыс істейтін көрінеді. Мұны әңгімелерінен байқадым. Басында телефонымның қуаты баршылық болған соң, құлағыма құлаққапты салдым да, өзіме ұнайтын 15 өлеңді айналдырып тыңдай бердім. Бір кезде жалыққандай болдым. Телефонымның қуаты да азайыпты. Әлі керек болады деген оймен бәрін жинап сөмкеме салдым да, басқаларының жай ғана айтылып жатқан әңгімесіне зер салдым. Солай бұрын-соңды естімеген тағдырды естіп, осы күніме шүкір еттім. Оқырманға түсінікті болу үшін дәрігер-сапарластың өзі болып, естігенімді баяндап берейін.

«Мен бір қызбен көңіл жарастырып, іштей сол қызға үйленсем бе деп жүрдім. Бірақ танысқанымызға ай ғана уақыт болған. Десе де ойымнан кетпейтін жағдайға жеттім. Қатты ғашық болдым. Маған бір ұнамайтыны ол өзінің тағдырын, отбасын мүлде айтпайтын. Кейде сұрап қоймай кетсем, жылап қалатын. Содан өзімнің де бірдеңенің дұрыс емес екенін білдім. Дегенмен, «маған отбасынан бұрын қыздың өзі ұнайды, үй-ішін кейін құдалықта білсем де кеш емес қой, бір мәнісі болар» деп жүрдім. Онымен қалай таныстың десеңдер, бір туған күнде жолығып қалғанбыз. Солай жүріп тойдың қамына кірісу туралы ойладым. Қызға шет жағасын түсіндіріп айттым. Бірақ, мендегі жоспар – оны алып қашу еді. Ата-анама келін әкеліп, олардың қолын ұзартып, өзімнің де арманымды орындауға асықтым. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болған жоқ. Қызға сені ертең алып қашамын деп айтқаным сол еді, «әзір емес» деп жылап, жүгіріп қашып кетті. Қуып жетіп, себебін сұрадым. Сөйт­сем, оның жүзі күліп жүргенімен, жүрегінде тот басып жатқан сыры бар екен. Сыр деуге келмейтін  шығар, тура сол мезетте өмірінде болып жатқан оқиғалар.

Айтуынша, анасы қайтыс болған соң, әкесі үйге қырқы өтпестен бір шүйкебасты кіргізіп алыпты. Оның жасы өгей қызымен қатар көрінеді. Әкесі оның жаман жағы мен осал тұстарын мүлде байқамайтын. Сорақысы – үйге келген өгей анасы әкесінің байлығына бола жүргенін біреуге телефонмен айтып жатқанда естіп қалады. Әкесіне кешкісін жеке қалып барлық жағдайды айтып берсе де, оны тыңдамаған көрінеді. «Орамалсыз түскен келін – құтсыз қонақ» дегендей, құтсыз келген қатын әкесін бірте-бірте қарызға кіргізе бастаған. Солайынан 2 ай өтер-өтпестен әлгі әйел әкесін 5 миллион теңге қарызға кіргізіп, тайып тұрған көрінеді. Жиіркенішті махаббатқа көзі байланған әкесі сонда да әлгі неменің соңын бағып күтетінін айтып, кешірім сұрапты. Қыздың бар көңіл күйі мен өмірге деген құлшынысы бір-ақ пәсте түсіп кетеді. Сөйтіп әкесін қарыз деп коллекторлар уақытша қамап тастаған. Тіпті соққыға жыққанын да естіген. Бірақ қыздың қолынан бар келері – әкесінің амандығын тілеп, жұмыс істеп, соның қарызын жабуға күш салу болатын. Күн-түн демей жұмыс істеп, қыстыгүні жинаған жарты миллион теңгесін әкесін ұстап отырғандарға апарып беріп, әкесін босатып алыпты. Бірақ, тағы бір ай ішінде қалған ақшаны тауып бермесе, өлтіріп кетемін деп қорқытқан. Не полицияға, не туған-туыстарына айта алмай намыстанған қыз байғұстың жүрегі уайымнан әбден солып, адамзатқа деген өшпенділігі ояныпты. Солай жүрген кезде таныстарының көмегімен көп айлық алатын жерге аспаз болып жұмысқа кірген. Ауыр жұмыс істейтіндердің басым бөлігі еркектер болған соң, кейде тамақ беріп жатқанда сол еркектердің сұқтана қарай бастағанын байқап, қорыққан. Тіпті, зорлыққа да ұшырай жаздаған.

Міне, осыдан кейін ол еркек атаулыны өзіне жау етіп алыпты. Көп ұзамай жұмыс ауыстырып, әкесінің қарызын жабумен әлек болып жүрген қыз көңіл сергіту үшін құрбысының туған күніне барған. Көптен бері араласпай кеткен құрбысымен жақын әңгімелесіп, енді ғана аралары дұрысталып қалды. Хабарсыз кеткендері үшін бір-бірінен кешірім сұрап, көңілі көтеріліп қалған. Сол екі ортада мен оны биге шақырдым. Құрбысының басын изеуімен қолымды қайтармай вальске шықты. Осындай да болады екен-ау дедім. Қолымда сондай нәзік қыз қалай осыншама қиындықты көтеріп жүрген? Мен оны басында қалай сезбегенмін?.. Әйтеуір күн артынан күн өтіп, жағдай енді ғана оңала бергенде жарты жыл бұрын әкесін алдап, қарызға кіргізіп кеткен өгей шеше үйіне кіріп келген. Әкесі оның қандай адам екенін біле тұра үйден қуып шығудың орнына құшақтап, сағынғанын айтыпты. Сол мезетте әкесінен көңілі қалған қыз қолын бір сілтеп, сол әйелдің тастап кеткен қиындығын өзі көтеріп жүргенін ойлап, әбден жылап алған. Аурушаңдау болған адамнан не қайыр болсын, жап-жас болған өгей шешесымақ одан ақша тауып беруін өтінгенде, бұл қыз әйелді үйден қуып шыққан. Тек әкесін сыйлағаннан үндемей жүрген соң, ашу-ызасы ішіне сыймай өзінің қалай қиналғанын бар даусымен айтып, жылап алды. Шіміркпестен, «мен саған емес, күйеуіме келдім» деп, әкесін үйден алып кетіпті. Сондықтан қыздың мүлде көңіл күйі жоқ  кезінде  сөз  салып, үйленуге ұсыныс жасаппын.

Осы оқиғаның барлығын естіген соң, барымды салып көмектескім келді. Бірақ бәрі кеш пе деп ойладым. Отбасы азан-қазан болып жатқан әулеттен қыз алсам, жұрт не дейді деген ой жүрегіме тыныштық бермеді. Қыздың осынша ауыр сынақты бастан өткеріп жүргенін ойлаған сайын өзім де алай-дүлей күй кешемін. Бірақ, қазіргі өмірім мен барыма шүкір етіп, өзіме келдім.

Бұл дүниеде бәрі де бақытты болуға лайықты. Сол үшін ешбір отбасының келісімінсіз, сол қызбен бақытты болғым келді. Әкесі болған күннің өзінде оның қызының алдында тым кінәлі екеніп ойлап, батасын алуға асықпадым. Міне, қазір осы ойдың тұйығында менің да басым шырғалаңда жүр…».

Дәрігер жігіт осылай деді де, ауыр күрсінді. Түрлі тағдыр бар ғой дедік те, ары қарай жүре бердік. Көліктегі бесеу кезек-кезек өз тағдырын айтып, жол қысқарттық. Түсінгенім өз тағдырымызға, табысымызға, көріп жүрген күнімізге шүкір етуіміз керек. Бұл жағдай іштей сабақ болса да, бір сұрақ мазалап тұрды. Отбасын құру соншалықты қорқынышты дүние ме?..

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: