Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ
«Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабынан
ҒАСЫРЛАР ТЕРЕҢІНЕН ЖЕТКЕН СЫР
1973 жылы мен жұмыс істейтін «Қазақстан пионері» газетіне, сол кезде, бәлкім, аты көпке мәлімсіздеу антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов келді. Дегенмен, ол сонау ежелгі адамдардан бастап, орта ғасыр тарихының бірнеше айтулы тұлғалары әлпетін әлемге танытқан антрополог-ғұлама Михаил Михайлович Герасимовтың (1907-1970) шәкірті еді. Онан да кеңірек қамтып айтсақ, белгілі мемлекет, қоғам және партия қайраткері Жұмабай Шаяхметовтың (1902-1966) ұлы болатын. Өзі Қазақстаннан тысқары жақта, сонау Мәскеу қаласында, бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Біздің газетке арнайы танысу, сыр бөлісу мақсатында келіпті. Газет редакторы Фариза апамыз ол кісімен сұхбат-сөзді бірден маған тапсырды.
Бірегей ғылым адамы әңгіме барысында, ұстазы, әлемдік ауқымды антрополог М.Герасимов туралы бір қауым әңгіме айтты. Неандарталец деген алғашқы адам нұсқасын Мальта, Сібір обаларынан қазып алып, бет әлпетін тірі кезіндегі қалпына келтірген сол ғұлама екен. Ал ол кісінің Өзбекстан, Самарқанд сапарынан Ақсақ Темір, Ұлықбек, тағы басқа да тұлғалар кескінін «тірілткен» еңбектері әлем мойындаған айтулы жаңалықтар еді. Антрополог еңбегі – инемен құдық қазғандай қиын тірлік. Бұл ғылымның тәжірибе арқылы жинақталып, ереже ретінде қалыптасқан тәсілдерімен жұмыс істеу зерделілік, мұқияттылық, төзім-табандылық, тынбай ізденушілік сияқты көптеген адами қасиетті талап етеді. Әсіресе, бас сүйектерде адамның тірі кезінде болған бұлшық еттер, сіңірлер әсерлері таңбаланған ерекшеліктерді сол сүйектер бетінен «оқып», соларды микрондық мөлшерде құрастырып шығу – зергер жұмысынан да нәзік, қиын іс. (Бүгін ойласам, тірлік-тұрмысымызға электроника-компьютер жетістіктері көп-аса дендеп ене қоймаған сол уақыттағы бұл іспетті жұмыс қанша қиын шаруа, төзім-табандылық талап етті екен?!)
Бір назар аударғаным, бұл ғалымның оң қолының бас бармағы, жарақат-сызатсыз болса да, жасыл бояуы жуғанмен кете қоймайтын сұйық дәрі (шамасы, зеленка) түсімен қанық боялған сияқты, көкпеңбек еді. (Әлде, антрополог деген кәсіп иесі зеленка дегенмен көп жұмыс істей ме?..) Етженді сары, сәл-пәл салдыр-салақтығы сезіліп тұрған, аңғал табиғат адам секілді көрінді. Сол кездесуде болған әңгімеміздің бар деталі есімде жоқ, бірақ жарты ғасыр өтсе де ұмытылмайтын бір жайттар жадымда жақсы сақталып қалғанын айтуым керек.
Сондай бірегей кәсіп жолына түскен жас маман, алда істейтін жұмыс жоспарлары нобайында, негізі, Қазақстан тарихына, оның арғы-бергі кезеңдерде өткен елеулі тұлғаларына көбірек көз жіберіп, ойланып жүрген екен. Ақыры, тәуекелді таңдауы кешегі ХІХ ғасырда өмірі арпалыспен өткен жалынды жыршы, қайтпас-қайсар күрескер Махамбет Өтемісұлына түседі. Ол кезде Гурьев облысы аталған аймақтың, Индер ауданы, Қараой ауылына келіп, қолында бар бірер рұқсат қағаздарына арқа сүйеп, батыр бейітін қазуға тәуекел етеді. Бірақ, сол істі бастамай жатып, күтпеген қарсылыққа тап болады – Гурьевтің сол төңіректегі көнекөз шалдары қамшы-таяқтарын көтере, «аруақтап» ұрандата келіп, мәйіт мазалап, ләһат қазушы ғұламаны сабамаса да, әпі-шәпісін шығарып, бұл маңға енді жоламастай етіп, ол төңіректен қуып шығады. КСРО-ның қызыл саясаты гүрлеп тұрған кез болса да, «аруақ» деген кие ұлықтаушы жұртшылық үшін бұл сондай ретті іс болатын – ол және анау-мынау емес, киелі аруақ Махамбеттің мәңгілік жайында жатқан жер ғой! Ноэль-ғалымның сонда Мәскеуден әкелген рұқсат қағазы да, облыс, аудан басшыларының алдарынан өткен ескерту-келісімі де еш кәдеге аспай қалған екен.
Сәтсіздікке тап болған ғалым біраз ойланады. Сонан, салып-ұрып Алматы жетіп, Дінмұхаммед Меңліахметұлы Қонаевтың алдынан бір-ақ шығады. Озық ғылымның сөзі мен талабы қай уақыт, қай қоғам үшін де құрметтеуге лайық, қастерлі миссия ғой, Қазақстан басшысы батыс облыстағы ел ақсақалдарына өз қолымен басалқалы хат жазып, ғалымның жұмысын жалғастыруына өз тарапынан рұқсат береді. Елдің үлкендері бұл жолы Димекең сөзіне қарсы келе алмай, батыр бейітіндегі ғалым жұмысын жалғастыруына олар да өз рұқсаттарын береді. Соның өзінде қамшы-келдектерін қолдарынан тастамай, қорымды алқалап, қоршай жайғасып, білгендері құрандарын оқып, сол қариялар күн демей, түн демей сол жерде күзетте отырған екен.
Ғалымның айтуынша, жұмыс мұнан кейін кідіріссіз жүрген. Бірақ, бір қолайсыздық, батырдың жатқан жерінде мәйіттің басы жоқ болып шығады. Мұндай жайттың болмағынан ғалымның өзінің де қаупі болған: оның алдын ала батырдың ғұмыры мен соңғы сәт оқиғаларын зерттеуден біліп келген жайты – батырдың шабылған басы алғашында хан ордасына жеткізілген. Және сол жеткізілуде хан ставкасының оң жақ босағасына көмілген. Кейін хан Жайық өзенінде бір белгісіз жағдайда суға кетеді де, сол шамада, босағада көмулі бас әлгі орыннан жоғалғаны белгілі болады. Жанашыр дос-жарандары батырдың басын ол өзі жатқан ләһатқа әкеліп, қосымша жерлеген деседі… Бірақ сол іздеулі дүниенің мәйіт жанынан табылмай қойғаны күтпеген жағдай және үлкен сәтсіздік еді.
Бұл істен тауы шағылып, мақсатынан күдер үзуге қараған жас ғалымға сонда ауылдың бір үлкені ақыл айтады:
– Аруақтың басы бұл жерден жоғалып кетуі мүмкін емес. Ол осы жерде жатыр. Кезінде ол әрекет – аса жасырын түрде, асығыс істелген жұмыс. Сондықтан әртүрлі жағдай болуы кәдік… Ләһаттың бас жағын кеңейтіп, төңірегін қамтыңқырап қарау керек.
Ғалым ақсақал ақылына құлақ қояды. Бұл әрекеті расымен сәттілік әкеледі: кезінде келетелеп, кең етіп қазылған ләһаттың бас жағынан, 70 сантиметр бірбүйірлеу жерден батырдың басы табылады. Шамасы, қысылтаяңда істелген сол амалдан (батыр басын құпия түрде қосымша жерлеу) бас сүйек кең лаһаттың бір шетіне қарай аунап кетсе керек…
Батырдың мойыномыртқасында өткір затпен шабылған соққы іздері болған. Жақ сүйегіне екі рет тиген қылыш ізі де де таңбаланып қалған. Және бір байқалған жағдай: батырдың оң жақ жамбасының ұршық сүйекпен жалғасқан шұқыршығында жаман сырқат (сүйек обыры) пайда бола бастаған екен. Расында да, егде тартқан шағында батыр оң аяғынан сылтып басатын сырқат белгісін сездіре бастаған… Мұнан кейін антрополог-ғалым ұстазы М.Герасимовтың тәсілімен батырдың бет-әлпетін қалпына келтіру жұмысына кіріседі.
Өткен ғасырдың орта шенінде өмірге келіп, бүгінгі жұртшылыққа кең танымал болған әйгілі Махамбет бет-бейнесінің тарихы осылай туған екен.
Н.Шаяхметов, мұнан ары, күй атасы Құрманғазының бақилық жайына барғанын әңгімеледі. Исатай-Махамбет көтерілісіне «Кішкентай» күйімен үн қосқан, сол кездегі жасөспірім Құрманғазының өмірі де сонау ХІХ ғасыр аясында жатыр. Бұл ардақтымыздың бақилық мекені Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданында екені белгілі.
Күйші бейітіндегі жұмыста пәлендей қиындықтар болмаған. Тек бір ерекшелік, Құрманғазы лаһатының беті тым ауқымды да қалың, тұтас жайма темірмен жабылған екен. Ғалым іздеулі мақсатына жету үшін сол жалпақ жабынды темірдің шетінен ін қазып, темір астымен тоннель-жол тартып, күйшінің бақилық жайына бір қапталынан жетуге мәжбүр болады… Даңқты күйшінің біз осы күні көріп жүрген бет-әлпеті сондай еңбек нәтижесінде қалыпқа келтірілген… «Құрманғазы аса келбетті адам болған, – деді Ноэль Шаяхметов. – Оның келімді жүзінен ғажайып күйлерінің сарыны есіп тұрғандай бір сезім болды менде… Және бір ерекшелігі: күйшінің саусақ сүйектерінің ұшында пайда болған кәдімгі сүйек сүйелдері бар екен…» Әңгіме тыңдаушы мені осы сөз аса қатты таңқалдырды. Көп қара жұмыс істеген адамның алақанында (етінде) сүйел болады. Ал сүйекке сүйел біткен дегенді естуім мына өмірде бірінші, бәлкім, соңғы рет болар! Даңқты күйшінің құлақ құрышын қандыра туа қалғандай дүниелерінің астарында қандай сүркіл еңбек жатқан! Бізге заттай да, рухани да тұшымдылық беретін толымды еңбек жемістері, оның ішінде, астары көзге көп байқала бермейтін өнер зейнеттері де сондай бейнеттен туындайтынын біз аңдаймыз ба?..
Ғалым Ноэль Шаяхметов ғасырлар тереңінен шым-шымдап өнген бұлақ суындай көп сыр өндірді сол күні. «Рұқсат ала алсам, Абай-дананың бейнесін жасағым келеді. Әрине, оның тарихи нақты фотопортреті бар, бірақ сол бейнені өзім қайта қалпына келтіру маған бір арман! – деді ол сөзінің соңына қарай. – Және мүмкіндік болса, Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың бет әлпеттерін жасағым келеді. Солай, мың жылдық тарихқа бойлай алсам деген арман үлкен! Алға қойған жоспарлар өте көп…».
Әңгімеміз осымен тамамдалды. Бұл ғалыммен онан кейінгі байланысымыз жалғаспай қалғанын өкінішпен еске аламын. Сол сұхбатты газеттер тігінділері Республиканың Кітап палатасында сақтаулы тұрған болса, бұл хақында материал 1973 жылдың жаз айларындағы «Қазақстан пионері» газетінде бар болар.
P.S. Осы әңгіменің бас-аяғын сол шамада Алматыға келіп, жазуды жаңа бастап жүрген жас талап жазушы інім Рақымжан Отарбайұлына айтқан едім…
ЖОСЫҒЫ БӨЛЕК АБАТ БАТЫР
Арал қаласының шығыс бетінде, іргесіндегі Аралтұз кені әлемге әйгілі Жақсықылыш қыраты көлбеп жатыр. Бұл биікті сауырлай созылған, қалың шөккен тұз кеніші Солтүстік мұхитының мұзындай сірескен Жақсықылыш көлінің табиғатына зер салсаң, бір кездері теңіз шығанағы ретінде шалқыған осы аумақ – көп су жинақтаған терең айдын болған-ау деген ой келеді. Қуатты тұз қабаты сондай суы көкке ұшқан ұшан-тереңдер орнында қалыңырақ шөгеді ғой.
Ертеректе, теңіз тасуындағы сол іспетті жайқын су бойында болған бір оқиға былай баян етіледі: жұртына Жерұйық іздеп, дүние кезіп кеткен Асан Қайғының ағайын арасында, елде қалған баласы Абат батыр сонау су жағасында атын суарып тұрғанында, оны бір нәһан балық келіп жұтқан деседі. Бұл гәптің тіпті еш жораға келмейтін гиперболалық шалқуы мұнан ары тіпті қызық жалғасады: адам жұтқан нәһан, әлде, сол жерден алыс кете алмай қайырлап қалады, әлде, қуғыншылар оны көп ұзатпай аулап, ұстап алады, әйтеуір, сол дүлейді жағаға шығарып, қарнын жарғанда, ішіндегі адамның ат үстінде тікесінен тік тұрып қалғанын көреді. Ал, енді, мұны қисынмен қабылдап көріңіз: ол өзі үстінде бес қаруы сай батыр болса; және десе, астында аты бар; ол аз десеңіз, сол адам балық ішінде астындағы атымен тікесінен-тік тұрған күйі қалған… Бұл қандай соншалық алып балық? Көзге елестете аласыз ба? Сұрақтың ең бастысы: бұл неткен сондай гипербола? Егер осыны шындық деуге жүрек дауаламайтын болса, сонша қиял шарықтауын сонау көнелер не үшін ойлап тауып, неге солай айтуға мәжбүр болған? Неге?!! Ал осы жағдайдың басты тұлғасы ретінде айтылатын адам, осыдан 5-6 ғасыр ғана бұрын өмір сүрген, тарихи тұрғыдан тым «жас» кезең тұлғасы.
Жоғарыдағы әсіре-ауан гәптің тағы бір жалғасы бар: Абат батыр мәйіті Жақсықылыш қыратының солтүстік-шығысы, Ерімбетжаға ауылының батыс жақ бетінде, бір қозыкөш жердегі Ақкісі биігіне (Көкдомбақ қыраты) қойылған деседі. Сұлбасы ғана байқалып жататын лаһатының ұзындығы он екі қадам бар еді дейді білетіндер. Мазарының қабырғасындағы тастар арасына атының самаурындай бас сүйегі қоса өрілген екен, бірақ сол сүйек кейін бір жағдайлармен жоғалып кеткен…
Осы тақырыпқа қатысты тағы бір бұрулау кеп: Абат батырдың өз болмысына ғана тән, өзгелерде сирек кездесетін, үш ерек қасиеті болғанын және айтады осы жұрт. Батыр, шын мәнінде, еш нәрседен қорықпайтын жаужүрек, еш пенделікке ренжімейтін аса қарапайым дегдар және аса кешірімшіл кең адам болған деседі. Бұл қасиеттері енді ешқандай гиперболалық кереметті жағдайларда емес, өмірдің жай ғана ситуацияларында, шындыққа мейлінше жақын орнықты жайттарға байланыстырыла айтылады. Ендеше, Абат батыр тұлғасы – сонша бір ертегі шалқуымен шарықтатылған қиял-ғажайыптың туындысы емес, нақты өмір өрісінде болған адам. Ал сонда бұл шындық жоғарыдағы наһан балық гиперболасымен қалай қабысады?!.
Мен білерде, бір Арал аумағында екі Көкдомбақ биігі бар: бірі (шартты түрде) – сол, Ақкісінің Көкдомбағы, бірі – Жолжанқазғанның Көкдомбағы. Арал маңы Қарақұмының елсізіне түскен бірнеше сирек сапарларымда, өкінішке қарай, сол Ақкісі биігі – біздің елдің ғажайып жорамалында айтылатын Абат батыр бейіті басына соға алмадым…
Осы күні Арал құмдарынан, іздеген адамға, ежелгі алып акулалар тістерін тауып алу онша қиын шаруа емес. Ал енді, ол мақлұқаттар Адам Ата пайда болғаннан да миллиондаған жылдар бұрын өткен дүлейлер ғой. Десе де, бүгіннің кей жорамалдары Жер-ғаламшарының елеусіздеу түкпірлерінде, әсіресе, су-батпақты аймақтар тереңдерінде тұқияны сақталып қалған аждаһа тақылеттестер (Лох Несс құбыжығы, Сібір көлдеріндегі динозавр ұрқындары) туралы көбірек айтылыңқырап жүр. Ал осыдан жүздеген жылдар бұрын, сондай ежелде әлемдік мұхитпен байланыста болған ауқымды Арал-суда сондай бір жанды жәдігер сақталып қалған жоқ па екен? Неге солай болмасқа?!
Бірақ сондай алыптардан сүйек-саяқ не басқа белгілер неге табылмайды?.. Көнелер уәжінде жалған сөз болуы мүмкін бе?
Жалпы, Сыр бойының кейде, қиял оябына сия бермейтін тосын хикаялы аңыз-әпсаналары көп-ақ. Соның ішінде адам жұтқыш наһандар туралы екі гәп мен үшін аса анық: бірі, әлгі Абат батыр хикаясы, екіншісі, Сырдың сәл жоғарырақ бойында, Қармақшы ауданы жерінде, дарияның оңтүстік-батысқа қарай күрт бұрылыс жасайтын үлкен иінінде тұрған Кемесалған ауылында ертеректе өткен бір жайт туралы сөз. Алдажар деген інішек айтқан. …Ерте бір уақыттарда, сол елде оқыстан адам, мал-қара жоғалып кету оқиғалары жиілеңкіреп кеткен. Қапия жайттар әсіресе дария жағасында көбірек байқалатын болған. Сонда, елдегі көп жасаған бір соқыр қария халқына кеңес айтады. «Бұл – адам жұтқыш бір наһанның ісі. Қарулы жігіттер найзаларын сайлап, азық-түлік қамдап, сайлы қайыққа мінсін, арғы шаруаны жолда өзім айтамын» дейді. Дария ағысымен төмен сырғыған қайық үстінде зағип қария алда үлкен ашық су болатынын, сол судың бір тұсында алыстан жарқыраған зәулім сарай сағымданып көрінетінін, сол сарай көрінгенде мөлдір теңіздің түбін аңдай жүзген адамға су түбінде шөгіп жатқан нар сияқты мақұлықтарды байқауға болатынын айтады. Ол мақұлқаттардың бірінің басы батысқа, бірінің басы шығысқа қарап жатпақ. Батысқа қарап жатқанына найза ұруға болмайды, егер, өйтетін болса, арқанды найзамен қайықты сүйреткен наһан бұларды тұлдырсыз теңізге тартып әкетіп ажал құштырады. Ал шығысқа қарап жатқан дүлейді қапысыз ұруға болады… Бәрі де сол айтқандай шығады: алыстан сағым ойыны сияқтанып алтын сарай тәрізді бір нәрсе көрінеді; сонан соң, басы батысқа қарап жатқан бір наһан байқалады, ал шығысқа қарап жатқан екінші дәуді көргенде, жігіттер арқан байлаулы найзаларын (гарпун) әлгіге құлаштап-құлаштап ұрады. Тәніне арқанды найзалар қадалған сол дүлей қайықты дария бойымен өрге қарай сүйреп ала жөнеледі. Сол екпінімен Кемесалған ауылынан да ары өрлеп барып, жан тәсілім болады. Сөйтсе, әлгі наһан – жайын-балық. Сонша үлкендігі (кәрілігі) сондай, қарын тұсын жүн басып кеткен. (Өте ұзақ жасаған жайынның құрсақ тұсын жүн басып кетеді деген бар). Сол дүлейден құтылғаннан бастап елге де тыныштық келген екен.
Бұл хикаяда мен үшін де түсініксіз нәрселер баршылық: теңіз (Арал) айдынында алыстан көрінетін алтын сарай не мекен? Әлгі мақлұқаттар неге су астында шөгіп жатқан нарларға ұқсаған?.. Тағы с.с.
Тағы да сол гипербола ма?
Бір шындықты кейінірек білдім, Асан Қайғы баласы Абат батырдың жөн-нұсқасы «ресми» тарихта басқашалау айтылады. Мысалы, Ақтөбе жерінде «Абат-Байтақ» күмбезі бар. Абат батырдың бейіті сол деп танылады. Ақтөбедегі ағайын жадындағы бұл батыр жайлы нақты сөз, аңыз нұсқаларын есіте қоймадым, ал Арал бойында жоғарыдағы іспет Абат батыр туралы аса нақты өмір-мысал әңгімелер көзге ұрып-ақ тұр… Ал, анығын ашып көріңіз! Қайсысы шындық? Сонша әңгімелерді сонау аталар ойдан шығара беретіндей не қажеттілік болды?!. Көп жұмбақ… Жауап күткен жұмбақтар.
Жоғарыдағы біз келтірген Орманбет, Асан Қайғы, Қазтуған өмірбаяндары да ресми тарихтағы баяндардан бөлектеу тақталып жазылған…
Мұның барлығы кейін, бір, әлде, бірнеше ізденіс-еңбектерге өзек болар, тереңірек зерттеуді, байыпты тарқатуды қажет етіп жатқан бірегей тарихтың алтын жүлгелері сияқты көрінеді маған.
(Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!