Адамның басы –
Алланың добы.
ӨШПЕНДІЛІК
…Бұл оқиға өткен ғасырдың елуінші жылдары жазғытұрым болған еді.
Осы мезгілде әуелі теңіздің қойнау-қолатындағы қыстайғы мұздардың маңдайы жіпсіп, біртіндеп буын-буыны босап, быт-шыт жарыла бастайды. Сонан кейін қырық жамау киімдей күйге түсіп, Арқадан жел-құз тұрса ауыл алдындағы жіңішке мойнақ арқылы бір-бірін кимелей жылжып, одан әрі ұлы теңізге шығып кетеді. Кейде мезгілі жетіп сатыр-сұтыр бұзылған мұздың дауысы жағалаудағы ауылдың жандәрмен үрейін ұшырып жіберетін. Теңіз беттен дауыл тұрса, ақ сеңсең сеңдер ауылдың алдында күр болып бірінің үстіне бірі мініп біразға дейін жататын. Осы кезде ауылдағы қатын-қалаштың құдайы береді. Екі шақырым жердегі еспеден иығына иінағаш салып су тасу азабынан қашан сең кеткенше мойындары босайтын. Абыржы тұсында екі қолы алдарына сыймай жүрген еркектен бастап бала-шағаға дейін жағада теңкиіп жатқан мұзды кесектеп бұзып, қап-қалталарымен үйдегі темір бөшкеге тасиды. Еріп еріндеріне тиген тұщы суды үлкен де, кіші де тамсанып ішеді. Біраз уақытқа дейін бұл бір балықшы ауыл адамдары үшін бейне зәмзәм су ішкендей мезгіл болатын.
Сонан қашан сәуір айы туып, күн қызғанша сол жатқаны жатқан. Мызғымайды. Алыстан қарағанда аспаннан түскен ақ таулар сияқты. Бірақ мезгілі болған соң күн санап көлемі кішірейіп, үстін күн, астын су жеген мұз таулары ақыры шайға салған шақпақ шекердей күндердің бір күні еріп те бітеді. Сөйтіп басат-басаттағы, қойнау-қолаттағы айдын су беті ашылған келіншектей құлпырып, баяғыша күн астында күмістей жарқырап жатады. Осы кезде ауыл балықшыларының көктемгі «лайбалық» аулау маусымы басталып кетеді.
Бұл кезде қыстайғы қалың мұз астындағы қапаста ауа жетпеген су маржандары мұз кеткенде жандәрмен жағалаудағы ашық суға ұмтылады. Ауыл адамдары үшін бұл бір ханталапай базар сияқты. Таяз суға кеп ауыздарын ашып, желбезектерін желпілдете қағып тұрған сары алтындай сазандарды кейбіреулер таяқпен соғып алады. Ептілері қабыршағы жылт-жылт еткен бұларды қара саннан су кешіп, үсті-бастары малмандай болғанына қарамастан құйрығынан шап беріп ұстап алады. Осылайша теңіз жағалауында өскен әр адам осы кезде өз сыбағасын алып қалу мақсатында жаңағылардан бөлек шоқ қамыстың арасындағы ашық суға ау салады, қабадан құрады. Бәрі талапкер. Бәрі үміткер. Бұйырғанын несібесінен көреді. Бұл мезгіл теңіз жағалауындағы жұрт жадында сонысымен сақталып қалған. Осы кезде мезгілі жеткен мұз әуелі көкшіл тартады, артынша су сорып ақ жемдене бастайды. Сонан бастап әбден әлсірейді. Құдды бойынан біртіндеп әл-қуаты қайтып бара жатқан әлжуаз қарт адам сияқты.
Осындай абыржы айы туғанда колхоз басқармасы тарапынан балықшыларды сақтандырып, мұз үстіне тәуекел етпеуді қатаң тапсырады. Өйткені адам өмірі бәрінен қымбат. Егер жазатайым жағдай бола қалса, басқарманың басы бәлеге қалады. Сол үшін де басқармадан бастап бригадир, есепші, қарауылға дейін балықшы мұз үстіне шықпасын деп жағалауды қарауылдап, күпінің битіндей өріп жүреді. Бұған туғалы мұзбен су үстінде бастарын бәйгеге күнде тігіп жүрген жігіттер төзбейді. Кеңсенің алдын торуылдап, табалдырығын тоздырып жүр апайтөс Атағұлла мен қырма сақал Қырықбай сияқтылары.
– Әй, бізді аштан өлтіресіңдер ме, бізден бұрын бала-шағамызды аясаңдаршы. О заман да бұ заман балықшыны теңізге жібермей, босағаға байлап қойды дегенді бірінші рет көріп тұрмыз.
– Осыдан план орындалмаса пырақ атанды айдап, шеттеріңнен жылым шығаруға жегілесіңдер.
– «Балықта жазық жоқ, бізде азық жоқ». Әйда, азаннан бастап мұз үстіне жаппай шығамыз. Ал, сонда қылатындарыңды қылып алыңдар, өңшең көртышқандар, – деп ауылды бастарына көтереді.
– Айналайындар, сендер суға кетсеңдер, кім жауап береді? Әрине, біз. Кім жаман? Біз жаманбыз. Сондықтан сәл шыдай тұрыңдаршы. Бәрінен амандығымыз жақсы, – деп басқарманың орынбасары Ақсалы оларға басалқы айтып жатыр.
Бәрібір әлгі екеуі айтқан ақылға тоқтап, келелі кеңесті керек қылар емес. Жуасыған түрлері байқалғанмен, жүндері жығылар емес. Аш қасқыр орманға қарап ұлыса, балықшы теңізге қарап телміреді. Туғалы несібесін теңізден айырып келе жатқан, ол үшін балдай бар қызығын тәрк етуге бар балықшы ағайынның. Теңіз асыраушы ата-анасы сияқты. Соның қасы мен қабағын бағады. Тілектері де соның үстінде. Теңіз де адам мінездес. Кейде сұрланып суық тартады. Кіржитіп қабағын түйеді. Таудай толқындарымен жағалауды төмпештеп, үйдей үлкен кемелерді төңкеріп тастайды. Албастыға ұқсас ондайда. Дауыл құдайы Зевс зеңбірек атқандай айналаны әлемтапырық етеді. Бірнеше күн қатарынан іштегі шерін, ашу-ызасын ақтарып салып бір-ақ тынады. О кездері одан момақан, одан жуас жоқ. Қой аузынан шөп алмайтын жылымшы Жұмқан сияқты. Мойнына мініп алсаң да мыңқ етпейді. Миығынан күліп, көңілінде кірбіңі жоқ кісідей пейілін кеңге салып жайбарақат жата береді жарықтық. Бірақ өмірі сыртқа сырын шашпайды. Не болса да құпиясын құрдым тәрізді түбінде сақтайды. Оның сырына, мінезіне қанық бұл ауылда жалғыз Жанназар шал ғана. Қиқар. Алған бетінен қайтпайды. Көбіне сөзге сараң. Бейберекет ашылып, шашылып беталды сөзін шығындамайды. Есесіне теңіздегі балықтың үйірі, қай түрі қай тұста, қай маңайда жүргенін қолмен қойғандай көзін жұмып отырып-ақ ойша болжайды. Қыстың қытымыр күндері мұз үстіндегі қалың қарды күрекпен жалаңаштап тастап, басына тонын бүркеніп етпетінен жатып алып, әр жердегі мұз астын мұқият бақылайды.
Бір кезде басындағы тонын серпіп тастап, сонадай жерде ұйлығысып тұрған әріптестеріне:
– Әй, бері келіңдер, ауларыңды осы тұсқа құрыңдар, – деп айғай салатын.
Айтқаны айдай келеді. Ертеңіне әлгі жігіттер мол олжаға кенеліп, көріпкел шалға шана ішіндегі үйме-жүйме үюлі жатқан балықтың тәуірін іріктеп алып асымдыққа береді. Жазда да Жанназар шал балық өрісін тап басуда жаңылыспайды. Жылым қайықтың басында жатып алып су түбін сыр мінез, сыралғы дағдысымен шолып, балықтың мол жерін айнытпай табатынын ауылдағылар аңыз қылып айтады. Бұрын қырық жыл табан аудармай өңеш-жалаңаш балық аулап, теңіз төсінде тербелген шал қазір ауылдың қой-ешкісін бағады. Бірақ балық десе базары тасып, ажары асып кетеді әлі күнге.
Сол Жанназар шал ағалы-інілі балықшылар мұз үстіне шығарда шыр-пыр болған.
– Әу, шырақтарым-ау, қайда барасыңдар? Жаман айтпай жақсы жоқ. Ажалдарыңа асықтыңдар ма? Күн жеген, мезгілі келген мұздың жатысы анау жас баланың еңбегіндей былқылдап, – деп жолдарына кесе-көлденең жатып алғандай кейістік білдірген. Бірақ ана екеуі құлақ асқан жоқ. Ақыры енді мынадай жағдай болды. Адамның айтқаны болмайды, Алланың қалағаны болады деген осы шығар.
…Ағайынды балықшы мұз үстінде ығып кеткелі басқармада да маза жоқ. Ішкені – ірің, жегені – желім. Бірақ қарамағындағылар мен үйдегі қақпыш балықтай қатқан қара қатынына сыр алдырмайды. Бір қараған жанға жайбарақат сияқты. Алайда сырты бүтін, іші түтін. Әсіресе аудан басшылары рация арқылы сөйлескен сайын жағадан алып, екі аяғын бір етікке тығуға қарады. Үстінен қара аспанды тастап жіберетіндей, қара жерді суға алдырғандай қапылтып жібереді. Сөйлескен сайын «Қоғам үшін адам қымбат. Басты байлығымыз – еңбек адамы» дей ме, әйтеуір әр жерде жиналыс болған сайын айтыла-айтыла жауыр болған сөз еді бұл.
Қайтсін, «Күштінің к… диірмен тартады» деген осы да. Басқарма трубкаға жабысып «иә, иә» деп қоштағанмен, сырттай ашуланып жұдырығын түйеді. Бірақ оны көріп жатқан бір жан жоқ. Есесіне, ауданда отырғандар жаны мұрнының ұшында жүрген Қаратүп колхозының білдей басқармасын қара есекке теріс мінгізіп жүр. Таппайтын кінәсі, тақпайтын міні жоқ.
Кешелі-бері көңіл күйі көктемгі желдей аласұрған басқарма Мейірхан аупарткомның бейпіл ауыз хатшысының бір қап боқтық сөзін, жарты қап сөлекет сөгісін амалсыз арқалап жүр. Басқарма Мейірхан аупартком хатшысына қарымта жауапты қайтіп қайтарсын. Жүрегі дауаламайды. Тек бармағын тістелей береді. Ашуын кімнен аларын білмей әркімге бір соқтығатын еді. Бұл жолы бар болғаны күннің құбылмалы, құтырған ауа райын кінәлап:
– Әтеңе нәлеттің күні! Қырық құбылған сайқал қатындай бірде тынып, енді бірде құтыруын қарашы, – деген.
Бүгін тағы ісіп-кеуіп:
– Ойбай, мынау ақкөз боран қалай-қалай төмпештейді? – деп сырттан сүріне-қабына кеңсеге кірген басқарма біразға дейін өзі-өзіне келе алмай тұрды.
Оның да өзіндік себебі бар болатын. Өйткені осы колхоздың сабаудай екі балықшысы осыдан екі күн бұрын мұз үстінде ау қарап жүріп жарылған сеңмен бірге ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сонан бері хабар-ошар жоқ. Әуелгі күні бүкіл ауыл тік тұрып аяғынан тозған. Асып-сасқан басқарма сол күні-ақ рациямен ауданға хабар салған. Болмағасын тағы да аттылы оншақты адам шығарып, аяқ жетер жерлерді түгел сүзіп шыққан. Олардың алды Бөген асып Қарашалаң, Тоқпанға, соңы колхоздан отыз шақырым жердегі Ескібөген, Аяқөткел, Қарашоқат, Құсайынның теңіз жақтағы қойнау-қолатын түгел сүзіп шыққан. Тым-тырыс. Шарқ ұрып іздегенде барған жерлерінде жағалауға дауыл күндері жамбастай шығып қалған дәу кемелер сияқты ақ сеңсең сеңдерді көргендерін айтып, шаршап-шалдығып қайтып келді.
…Мұз үстінде ығып кеткен ағайынды балықшының анасы Ұрқия кемпір сонан бері жылап-еңіреп кеңсе есігіне тыным бермеуге қарады. Ауық-ауық айғай салып, ішке тебініп кіреді, тебініп шығады. Онымен қоймай кеше ғана күллі Кеңес халқы жылап-еңіреп тап бір әкесі өлгендей аяғынан тік тұрып аза тұтқан Сталин жолдасты қарғап-сілеп әбден сілесі қатқан. Оның ішінде өмірі «халықтар көсемі», «қатыгез диктатор» атанған Сталинді көрмеген, суреттерін тек газет беттерінен сырттай танитын, Солтүстік Арал теңізінің алыс қойнауында жатқан Қаратүп колхозының үлкен-кішісінің де еңірегенде етектері жасқа толды. Кеңсе маңдайшасындағы қызыл жалау төмен түсіріліп, азан-қазан жылап тұрған адамдармен бірге оның да белі бір сәтке бүгіліп кетті.
Бір қызығы, сол күні болатын ағайындарына хабарласып қойған апайтөс Атағұлланың баласының үйлену тойы Сталинді аза тұту сәтіне сәйкес келгендіктен кейінге шегерілді. Сондағы Атағұлланың аспанға таяқ лақтырғанын көрсең ғой. «Әй, Стәлін өлсе, жұрттың бәрі өлуі керек пе? Сен не сандалап тұрсың» деп басқарманың, парткомның жағасына алма-кезек жармасқан. Сол топтың ішінде сонда көзіне жас алмақ түгілі, көңілі қара тас сияқты қатып қалған жалғыз Ұрқия кемпір ғана болатын.
Қайғы мен қасіреттен белі ертерек бүгілген, бір замандағы әдемі қараторы жүзін іштегі шер мен мұп-мұздай мұңнан өрмекшінің торындай әжім іздері өрнектеген байғұс ана сонда жұрттың шетінде мелшиіп тұрған. Әу, Сталин оның екі туып, бірі қалғаны ма? Өлсе одан әрмен арам қатсын. Сталиннің жаны жазықсыз жазаланып, итжеккенге айдалған, ажалы сол жақта болған шалының жанынан артық па. Әдірем қалсын. Осы колхоз сол Сталиннің пәрменімен «план, план» деп екі баласын да еріксіз мұз үстіне шығарып, хабар-ошарсыз кетірген жоқ па. Сонан әлі хабар жоқ. Сөйткен Сталинді жоқтап жатқан мына жұрттың есі ауған шығар. Жалғыз бұл емес, ауылдан жалған жалаға ұшыраған ондаған адамның алды Ақтөбенің түрмесінде «үштіктің» үкімімен атылып, соңы Сібірге жер асып кеткен. Соны біле тұра бұлардікі «басшы көрсе алдына түсіп бас изей беретін, құлдық ұрып, құрақ ұшатын қазақи мінезден бе? Неден?».
Қазір жәдігөй, жарамсақ жағымпаздың аты озып тұрған заман. Төрге шыққан басқарманың тізесін басып, оң жағында отырады. Барған жерде етігін сүртіп, етін турап, атын жайлайтын да солар. О, қасиеті қашқан, кісімсіген кісәпірлер-ай!
Соны көрген Ұрқия кемпір өз-өзіне сыймайды. Барған жерде әлгіндегі жылпостарды көргенде қаны басына шабады, көзі ызадан, ашудан көрмей кетеді. Қолындағы ақ таяғын оңды-солды сілтеп, әлгілерге жынын шашады, басына сиеді. Сонан кейін Ұрқия кемпір барған жерден олардың қарасын көрмейтін болған еді көпшілік.
Бір кезде колхоз кеңсесінің алдына шыққан Ұрқия кемпір бар ашу-ызасын 1953 жылғы 5 наурызда жаны жаһаннамға кеткен Сталиннің басынан төмен қарай сорғалатты. Онымен де қоймай тап қазір осыдан екі жыл бұрын күллі Кеңес халқы, оның ішінде осы ауылдың кәрі-жасы жылап-сықтап, ботадай боздап, тап бір әкелері өлгендей өкіріп, өксіктерін тыя алмай қоштасқан Сталин жолдасты қарғап-сілеп тұрды.
– Уа, көріңде өкір, көріңде өкіргір мұртты жалмауыз! Сенің маған көрсеткен азабың, берген ақыретің аз ба? Сол алдыңнан шықсын. Көріңде тыныш жатқызбасын. Сүйегіңді көртышқан кеміріп, басыңа құрт-құмырсқа ұя салсын. Ер кезде екі болма еште.
Қайран уақыт-ай. Кеше ғана бүкіл халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, жалғыз Кеңес халқы емес, жер жүзін фашистер құлдығынан құтқарған сол Сталин қазір мына бір жадау-жүдеу кемпірдің қолжаулығына айналып тұрған жоқ па. Бұған не дерсің?
Кешегі қатыгез Сталин мен жаналғыш қанішер Берияның дәурені өткелі қашан. Әсіресе кеңестік жазалаушы машинаның жұмырына мына бір шашын ақ қырау жапқан шүйкедей Ұрқия кемпір жұқ болмас еді. Заматта түрменің түбінде шірітіп тастайтын ол екеуі дүниеден озғалы елде сәл еркіндік желі соққандай болған. Сол кездергі сойыл ала жүгіретін итаршылардың да иіндері түсіп кеткен. Сонан да шығар, бұл да бір теңіздегі абыржы мезгілі сияқты еді.
Сталин дүниеден озған соң алтын таққа азғантай уақыт Маленков отырады. Бірақ оның патшалығының ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Оның орнын іле-шала қазақ даласында тың көтеріп түрен тартқан, аямай айғыздаған, біраз жерімізді көрші мемлекеттерге шүлен таратқандай үлестірген Хрущев басты. Бұл әбден күшіне мінген соң Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзі қаймақтары қаз-қатар жайғасқан басқосуында сол ұйымның мәртебелі мінберін бәтеңкесін шешіп алып соғатын сабазың осы еді. Басына шыбын тайып жығылатындай нағыз қасқа бастың өзі екен ол.
Батысқа байбалам салып жұдырығын түйетін СОКП-ның солақай бірінші хатшысы ел ішіне де еркіндік бермеді. Егіншілік аймақтарға жүгері дақылын егуді міндеттеген басшы онсыз да күнін әрең көріп жүрген әлеуметке де қырғидай тиді. Хрущевтің қайдағы бір қаулы-қарарларымен, асыра сілтеген шешімдерімен қанаттанған жергілікті атқамінерлердің айы оңынан, жұлдызы жолынан туды.
Балықшы байғұстардың қызыл қарын шиеттей бала-шағасының аузына тосқан ағарғанынан айырды. Қорадағы жалғыз ешкісіне дейін еттің салығы деп тартып әкетіп жатты. Сол жылдары ғой қалың қазақтың «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайта алды» деп көкірегі қарс айырылатыны. Е, қазақтың онан бұрынғы, онан кейінгі замандарда көрмегені бар ма. Қызыл үкімет орнағалы алыстағы Арал теңізі жағалауын ата-бабаларынан бері мекендеген балықшы қазақтардың бастарынан не өтпеді дейсің. Аштық… бай, молдалардың мал-мүлкін тәркілеу… Оның алдындағы Арал қаласының іргесіндегі Алтықұдық теміржол бекетінің түбінде болған ақтар мен қызылдардың қырғыны… одан кейінгі артель ұйымдастыру… колхозға күштеп кіргізу… қуғын-сүргін… Ұлы Отан соғысы… Осының бәрі басқа ұлттармен бірге ат төбеліндей азғантай қазақ халқының да қабырғасын қайыстырып жіберген еді.
Іштегі шерін, мұңын ішқұса болып шығара алмай келген көзі ашық, көңілі ояу адамдардың шерменде болғаны осы кез. Бұрындары айтса атылатын, асылатын. Енді қоғамның қойын-қолтығы сөгіліп, еркіндік желі соғып, өткенге қарай жұдырығын жең ұшынан түйген саяси тұтқындар санатқа іліге бастаған.
…Міне, енді мынау Ұрқия кемпір сүйегі әлдеқашан қурап қалған Сталиннің тірісінде қадірі асқан алтын басына тышып, сиіп тұр. Сол арқылы бүкіл қызыл қоғамға лағынет айтып тұрғандай.
Ой, опасыз дүние-ай. Кеше алдын берген дүние бүгін артын беріп тұрғаны несі? Бақ дегенің ханға да, қараға да бірдей екен ғой. Басыңнан бағың тайды деген осы да. Атаң қазақ «Қолында жүзік барда Сүлеймен, қолынан жүзік кеткен соң сүмірейген» деп біліп айтқан ғой. Қанша бір патша, пайғамбар болсаң да бәрі-бәрі дәуренің дүрілдеп тұрған тірі кезіңде екен ғой. Енді міне «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген мәтелдің аумай-төкпей айналып келіп тұрғанын қарасаңшы.
Дауысы бүкіл ауылды басына көтерген Ұрқия кемпір тақтан әлдеқашан түсіп, тап-тар табытта жатқан сол Сталинді жерден алып, жерге салып тұр. Шамасы үкімет басына кімнің келіп, кімнің кетіп жатқаны ол үшін бәрібір сияқты. Бар білетіні – байғұс Сталин. Тап қазір қолына түссе тірісінде көпке таныс мұртымен, омырауына алтын жұлдыз тағылған әскери кителімен, хром етігімен қоса екі шайнап, бір жұтып жібергісі келіп тұр.
Жеңін түріп, белін буып, салпылдаған етегін ышқырына қыстырып алған кемпір ауық-ауық қыстығып жылайды. Жұбатқанға көнер емес. Онан сайын шаптыға түседі.
Бұл азаптан ажары солған, мехнаттан белі бүкшиген кемпірдің бір адам арқылы бүкіл қатыгез қоғамға айтып жатқан, өрттей лаулаған өшпенділіктен туған іштегі қайғы мен шерден шыққан қатал қарғысы еді…
Бір кезде шыдамы таусылған басқарма:
– Әй, Ұрқия, Сталин жолдас баяғыда өліп қалған. Оның аруағын қозғап, қорлап қайтесің. Қайт үйіңе, – деп түсін суытып еді.
Ашулы кемпір енді көмейінде іркілген кезекті қарғысын бұған қарай үйіп-төгіп, үсті-үстіне оқ жаудырған пулеметше үдемелете жаудырды.
– Колхозды сүліктей сорып отырған сенің кімің Стәлін? Екі туып бір қалғаның ба? – деп енді бұған бас салған. Басқарма құлағын басып, қызарақтап кеңсеге кіріп кетті…
Мұндай айғай-шу кішкентай ауылда анда-санда болып тұратын еді. Өйткені соғыстан кейінгі елуінші жылдары шаршап-шалдыққан халық әлі аш-жалаңаш болатын. Ауылдағы жалғыз дүкеннің сөрелерінде түк жоқ. Жылан жалағандай. Балықшының тапсырған балығына орай түбіртек қағазына сәйкес берілетін еңбекақысына ауыз жарымайтын. Басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейді. Бір кем дүние дегендей ұн, қант, кір сабынның бәрі қат. Ауыл адамдарының үстеріндегі қырық жылғы киімдері, бұттарындағы шалбарлары қырық жамау. Сырт көзге сөлекет болғанымен өздерінің көздері үйреніп кеткен. Ондайды кемістік көрмейді. Он қойдан бір қойы кем емес. Есесіне, кешегі саптаяқтың сабынан қарауыл қаратқан, бір-бірін аңдыған ашкөз, қуғын-сүргін жылдарындай емес, балық-шабағын қара қазанда қорықпай-үрікпей қайнатып жейтін дәрежеге жеткен.
Тап қазір ыржанай ұн тақ-тұқ болса да қолы жеткенге ырыс болып тұр. Қолы жеткені мойыны алыс болса да сонау Үргеніш пен іргедегі Қазалы жақтағы таныс-білістерінен түйемен тары, бидай теңдеп әкеп тас диірменге тартып, ұн етіп пайдаланады. Бұл ретте балық таптырмас табыс көзі болды. Өздері аулап, мемлекетке өткізген балықтан ауыстырып үнемдегендері айырбас тауарына таптырмас мүмкіндік болды.
Осынау «жылымық» тұсында бұрынғыдай емес, ел өстіп ес жинай бастады. Жұрт бір-бірінен қорқып, бауырына жинаған аяқ-қолын емін-еркін созды. Бұрынғы зәрезап күндер біртіндеп артта қалды.
Бұл ауылдың бар көргендері – жүздері ыстаған балықтай ысқаяқ қысқы суық жел мен жазғы аптаптан тотыққан балықшы, жегендері үш мезгіл балық. Басқа тамақты Тәңірдің асы болса да тамақсынбайды. Бірақ балықтан қанша жесе де шықпайды. Әңгімелерінің аужайы – теңіз, балық, балықшы. Мақал-мәтелдері де осы тақылеттес. Мысалы, «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», «Балықшы балықшыны алыстан таниды», «Шортанның басы шоркемік», «Үлкен кеме жүзсе, кішкентай қайық судан шығады», «Балықшының қызы қойдың қара құйқасын менсінбейді», «Балықшының түсіне теңіз енеді» дегендей, шетінен басқа жұртқа таңсық сөздер болып келеді.
Сол жылдары колхозшыларға отбасы сайын жан басына мәжбүрлеп салынатын түтін салығы, жер салығы, ет салығы, бойдақ салық сияқты сансыз салықтардың салмағы еңсені езіп жіберетін. Мысалы, бір ғана ет салығын уақытында төлемесең, қораңдағы жалғыз ешкіңді мал дайындау конторының жалақтаған агенттері алдына салып айдап әкетеді. Бермесең, қора-қораны ауылдық кеңес төрағасы, қоқиланған қоғамдық тәртіп сақшысы аралап, тартып алады. Шаруа байғұстың бермеуге шарасы жоқ. Заң ақжағалылар жағында. Малынан айырылып қалған колхозшы болса көзімен жер шұқып қалатын. Сөйтіп әкімшіл-әміршіл жүйе тұсындағы тұрмыс ауыл адамдарын қатты титықтатты. Солақай саясат талайдың атын сорға жықты.
Жаңа әлгіндегі ішінде жылдар бойы жиналған ащы запыран ашуы жанартаудай атқылаған Ұрқия кемпірдің ызалы дауысы бүкіл балықшы ауылдың Кеңес үкіметінің зорлығына, қорлығына деген өшпенділігінен тұтанған тәрізді еді. Әйтпесе кәрі кемпірдің ауыл ішіндегі ашуы үлкенді-кішілі үрейлі сайқал саясатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Бірақ бұл сол жылдардағы қасаң билікке, ауыр тұрмысқа деген ел ішінің наразылығы іспеттес болатын. Кемпір байғұс үкімет басында отырғанда бүкіл елді үреймен ұстаған Сталинге кәрлі, зәрлі, зарлы қарғысын жаудырмағанда қайтсін. Жасы алпысқа таяған қосағын жазықсыз итжеккенге айдап әкетті. Артында қалған екі ұлын «жоспар, жоспар» деп мұз үстіне күштеп шығарды. Сөйтіп ажалдың апандай аузына арандатты. Өлі-тірісі белгісіз ол екеуінің.
– Әй, көрінде өкіргір қақпас Стәлін, – деген Ұрқия кемпірдің зәрлі үні ауыл үстінде көпке шейін сембей тұрды. Екі баласынан әлі күнге тым болмаса хабар жоқ, ошар жоқ.
Шынында ол екеуі қайда екен? Тірі ме, әлде теңіз түбінде балықтарға жем болып жатыр ма? Тірі болса қазіргі тағдыр-талайлары не күйде екен?
Балықшылар ауылы аласапыран ақ дауылдың алдындағы теңіз айдыны тәрізді тыныштық құшағында. Тым-тырыс. Құлақтары колхоз орталығындағы бағана басында күндіз-түні сайрап тұрған сайрауық радиода, көздері көкжиекпен ұштасқан телегей теңіз төсінде…
Т.НҰРЖАН-БАЛТА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!