Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Домбыра күмбірі һәм ұлттық мереке

02.07.2023, 11:00 270

HALYQLINE.KZ

Бүгін – Ұлттық домбыра күні

«Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіремен.
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», –

деп Қасым Аманжолов жырлағандай, қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі – ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы – домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан-ғасырға іріктеліп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып келеді. Бұрынырақта әрбір қазақ үйінің төрінде домбыра ілулі тұрған немесе үй ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған. Көпке белгілі, қазақтың халық арасында ең кең тараған музыкалық аспабы – домбыра. Үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан қазақтың домбыраға деген құрметі мен махаббаты ерекше. Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға. Бұл шешім 2018 жылы қабылданып, жыл сайын шілденің бірінші жексенбісі ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналды. Биыл бесінші рет тойланғалы отырған домбыра күні, жалпы домбыраның бүгінгі күнде дәріптелуі туралы зерделеп көрсек.

Нағыз қазақ – домбыра

Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген.

Ал «домбыра» атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады. Кей деректерге сүйенсек,  «домбыра» сөзі көне шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек. Сондай-ақ белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған.

Тағы бір деректерде «домбыра атауы «дом+бұра» деген сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөзі қазір «домығып, ісініп кету» мағынасында қолданылып жүр. Ал «бұра» «күйге келтір» дегенге саяды. Жоғарыдағы талас, «домбыра» атауы туралы болса, енді аспаптың өзіне тоқталсақ.

Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерінде тамбур аспабы туралы айтылады. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» трактатында кездеседі.

Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.

Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді біздің заманымыздың V-VI ғасырына жатқызады.

Алматы облысында «Майтөбе» жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты. Бұл суретте домбыраның артында бес адамның әртүрлі қимылда билеп тұрғаны бейнеленіпті. Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит дәуірінде бейнеленген деп болжам жасаған. Қанша ғасырды артқа тастаған домбырасыз қазақты елестете алмаймыз. Халқымыздың өмірінде орны бөлек аспап жайлы аңыздар да көптеп кездеседі. Солардың бірегейіне тоқталсақ.

Домбыра жайлы аңыз

Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі – музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр «е, бұл сайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.

Сондай-ақ домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған. Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтің нұсқасына зер салсақ. Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады. «Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер» дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы «қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай?» дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнаған деседі.

Ұлттық аспап дәріптеле берсе…

Ұлтымыз ұлық тұтқан домбыра қазақ халқымен ежелден бірге жасап келеді. Қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, жыр-термені құйқылжыта орындайтын еді. Әр үйдің төрінде тұрған домбыра адамға ерекше әсер етіп, елжандылық сезімге еріксіз тарта түсетін. Өкініштісі, қазір мұндай көрініс көп байқалмайтын болды. Жиын-тойдың кезінде домбыра бірен-сараны ғана қолына қара домбыраны алып күмбірлете алады. Ілгеріде сыйлы қонақ келгенде домбыра ерекше сайрай жөнелуші еді. Кейде құйқылжып, кейде көкіректі басар ауыр қоңыр үн естіген жанды сан түрлі күйге бөлейтін.

Бүгінде жиын-тойға жиналған адамдар арасынан біреуі домбыра шерте алса, қуанатын жағдайға түстік. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана көреміз.

– Атам Ахметбек жақсы домбырашы қасиетімен елдің есінде қалды. Өлең шығарып, ән айтатын қасиеті болды. Сол қасиет маған да дарыса керек. Кәсіби күйші болмағанмен, аздап домбыра шертетінім бар. Ата жолымен көргенімізді жасап, оны әлі күнге дейін төріме іліп қоямын. Өз отбасымда домбыраны насихаттауға көңіл бөлемін. Домбыра – қазақтың рухы ғой. Оны тыңдасаң, рухтанасың, қуанасың, демаласың. Тұтас ұлт тарихы сол қос ішектінің құдіретімен бүгінге дейін жеткен, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Бақытжан Ахметбек.

Қадым заманнан бері қазақы болмысымызды айшықтап тұратын қос ішекті, тоғыз пернелі қасиетті домбыра көне кезеңнің күмбірі іспеттес. Сол бір құдыретті күш тұла бойымызды ерекше сезімге бөлеп, асқақ рух пен елжандылық қасиеттерді алпыс екі тамырымызға таратып жатады. Ұлы даланың ұландары ұрпақтан-ұрпаққа осы бір қасиетті дүниені мирас етіп, атадан балаға аманатқа айналған асыл қазына ретінде әрдайым жоғары бағалап келеді. Оған арналған ән де, өлең де көп. Жан-жүрегімізге жарық нұр секілді құйылатын «Домбыра» атты ән де оны қадірі мен қасиеті, мақсаты мен мұраты, құдыреті мен киесі дәлме-дәл көрініс берген. Айтылғандай, домбыра бабамыздың мұңы, анамыздың сыры, даламыздың үні емес пе?

Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған.

Қазіргі күндері ұлттық құндылығымыз – домбыраны насихаттауға өз деңгейінде назар аударылуда. Домбыра күні сондай ізгі ниеттен туғаны белгілі. Қай ұлт болмасын, өзінің ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс. Ілгеріде үлкендер балаларын домбыра тартуға баулып отырғанын көзіміз көрді. Әрине, екінің бірінің өнер жолына түсуі шарт емес қой. Десе де домбыраны үйрену қазақтың атқа міну секілді басты қағидасы болуы қажет. Сондықтан оны үйрету аясын кеңейтуіміз қажет. Мәселен, мектепте музыка пәні бар. Сол пәннің аясында балалардың домбыра және өзге де музыкалық аспаптарды үйренуіне көңіл бөлген жөн. Тіпті әрбір мектепте «домбыра» пән ретінде оқытылса, оны құптар қазақтың қатары аз емес. Мұндай ұсыныс үкімет қарауында. 6-сыныптан бастап пән қатарына енгізіліп, жас ұрпақ ұлттық рухпен танысып, санасына сіңіріп өссе жақсы емес пе?

Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Себебі, мамандар оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады. Демек, ол көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие.

Бүгінде аудан көлемінде домбыра, жыр үйірмелері жетерлік. Ұстаз тәрбиесін алып, биік белестерді қос ішектің күмбірімен бағындырып жүргендер де көп. Олар облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүр. Ауданымыздың ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнерлі өрендерімен біз де мақтанамыз.

Домбыра күні – төл мереке

Музыка, әсіресе домбыраның әуезді үні барлық ұлттарды жалпы адами құндылықтар – толеранттылық, төзімділік, бірлікке үндеп, бір арнаға тоғыстырады. Және өскелең ұрпақтың өз тарихы мен өнерін үйренуге деген ұмтылысы мен қызығушылығын оятады. Шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық өнерді жыл сайын кең көлемде дәріптеуге үлес қосып келеді. Бұл күні республика тұрғындары күмбірлеген күйден шашу шашып, күміс көмей әншілер ән шырқайды. Домбыраның дәріптелуі тек мерекеде емес, басқа күндері де ұлықталып келеді. Оған себеп наурыз айындағы эстафета. Бұл челленджге миллионға жуық қазақстандық оқушы қатысты. Тіпті арасында балабақша тәрбиеленушілері де болды.  Ал челлендж соңында Оқу-ағарту министрі елордадағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге күй орындады. Бұл күні домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Осындай өнегелі челлендждер ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан мұраны әрі қарай да жалғастыра бермек. Сонда ғана өткеніміз ұмытылмай, өшкеніміз жанары сөзсіз.

Белгілі композитор Ахмет Жұбанов «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деп күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек.

Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болады.

ТҮЙІН. Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастардың қатары артып келеді. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру – біздің міндет. Себебі ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ.

«Қармақшы  таңы»  газетінен.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: