Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тума талантты тұлға болды

13.06.2023, 15:50 214

HALYQLINE.KZ

ВГИК педагогтері оны о бастан-ақ жақтырған жоқ. Ол өте шыншыл еді, нені айтуға болады, нені айтуға болмайтынын білмейтін, ол ауылдан шыққан халықтың өкілі болды. ВГИК-те оны тек Михаил Ромм ғана түсінді. Түсу емтиханында М.Ромм оған:

– Маған Пьер Безухов туралы айтыңызшы? – деп сұрақ қойғанда:

– Мен «Соғыс және бейбітшілікті» оқыған жоқпын! Ол өте қалың кітап, оқуға уақытым болған жоқ! – дейді.

– Сонда сіз қалың кітапты мүлдем оқымайсыз ба? – деп Ромм таң қалады.

– Біреуін оқыдым, – дейді – «Мартин Иден» – жақсы кітап!

– Сіз мектеп директоры болып қалай жұмыс істейсіз? Сіз деген мәдениетсіз адамсыз. Оның үстіне сіз режиссер болғыңыз келеді?!

Сол кезде Шукшин жарылып кетті.

– Мектеп директоры кім екенін білесіз бе? Балалар тоңып қалмас үшін орманға барып ағаш кеседі, оны арамен кесіп әкеліп, балтамен бұтап, қысқы отын дайындап, сарайға жинайды. Оқулық іздейді, мұғалімдер үшін керосин іздеп кетеді. Ал бүкіл деревня үшін машина біреу-ақ, оның төрт тұяғы мен құйрығы бар. Осының барлығы менің мойнымда! Қалың кітап оқу маған қайда?

ВГИК ұстаздары, әсіресе, әйел педагогтер студент Шукшинмен кезекті ұрыс-керістен соң Ромм оны оқудан шығарып жіберетініне сенімді болатын. Тек ғұлама ұстаз Ромм ғана: «Тек талантты адамда ғана осындай қалыптан тыс көзқарас болады. Мен оған бес деген баға қойдым» деп елді таң қалдырған болатын.

В.М.Шукшин кейін актер, режиссер, сценарист және жазушы болды, оның қысқа әңгімелерінің негізгі кейіпкерлері – ауыл адамдарының өмірі еш боямасыз жазылғаны соншалық, танитындай жақын адамындай болып кетеді. Ол екі роман мен оншақты повест жазды, халық әр әңгімесін жатқа айтып береді. Оның әдебиеттегі шарықтауы әлдекімдерге жақпады, оның өрге домалаған доңғалағына таяқ тығумен болды. «Калина красная» фильміне қаражатты үзіп-үзіп аударуы жүрегіне үлкен салмақ түсірді, бүкіл түсіру алаңына жиналған труппаға тамақ тауып бере алмауы сол қызғаныштан жасаған қасастық еді, екі қолын жоғары көтеріп арақты қайтадан ішіп кете жаздады. 1974 жылы М.Шолоховтың «Олар отан үшін соғысты» романы бойынша фильмінде басты рольдің біріне түсіп жүргенде, 45 жасында ұйқыдан тұрмай қалды. Фильм режиссері Сергей Бондарчук Шукшинге у беріп өлтіргеніне сенімді. Дәрігерлер жүрегі асқазанындағы ойық жараның асқынғанына шыдамады деген қорытынды жасады. Тірі кезінде көрсетпеген құрметті қазір көрсетіп жатыр, жыл сайын туған күніне орай дүниеге келген Алтай өлкесінде «Шукшин оқулары» өтіп тұрады.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: