Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

08.06.2023, 9:20 304

Ерғали  АБДУЛЛА

Партияшыл  пақыр

Жаратқан Хаққа да сенбейді. Жан-жағындағы халыққа да сенбейді. Өңмеңдеп, өзеуреп жүргенмен, өзіне де сенбейді. Жалғыз сенетіні – нар тәуекелшіл партиясы…

Болсын  деген  тілек

Осы жолы отырып-отырып қайтатындар емес, осқырып-осқырып айтатындар болсын…

Өзің  даралан

Өз жұмысыңды істей бер. Өз жұмысыңды істей бер. Өз жұмысың сені өзгелерден даралап тұрады.

Бұл  да  –  челенДж

Кәрі қалыңдыққа жас күйеу челенджі басталыпты… Жас жігіттер, байқаңдар! Иісі шыққан, иі қанған қолтықта кетіп қалмаңдар!

Саясат  сауда  болғанда…

Біреулер  саясатта  жүрмін деп,  өзін  көкке көтергісі  келеді.  Шындығында,  олардың  көбі – сатым-саудада  жүр…

Аяқтары  бар  екен

Сапырылысқан сайлау науқаны көнбеттенген көп депутат­тың креслоға жабысып отыратын құйрығы ғана емес,  есіктен-есікке жеткізетін аяғы да  бар  екенін көрсетті.

Бетсіз  білөгер

Әлеуметтік желіні әлімжеттік желісіне мұздай қылып айналд­ырып  алған…

Түрлі-түрлі  таратулар

Депутаттыққа үміткерлер сайлаушыларға ұн таратқан заман болған. Сонан соң қант-шекер таратқан заманды да көрдік. Ендігі дәмегөй депутаттар үй басына қос-қостан қағаз  таратып  жүр…

Селфишіл  серкем-ай

Сүргіндеп  жұмыс  істеуді білмесе де, сөлпиіп  суретке  түсуді  жақсы  игерген  екен…

Қорықпағаны  қорқытты

Белсенді әйел адамның қабағы түксиіп: «Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын» дегені айдаладағы мені қорқытты. Ерінен қорықпаса, енеден қорықпаса, ел-жұртынан қорық­паса,  әлі  талайды  қорқытып,  жүрегін  ұшырар…

Жол  тапқан

Пысық әкімдер парасатты поэзияны емес, пысылдақ ақындарды  одақтас  етіп  алады.

Шектелген  құқық

Тек қана Жазушылар одағының мүшесі болсаң ғана жазушы  деп  тану  басқалардың  құқығын  шектеу  емес  пе?

Қос  әлем

Ақындар өз әлемінде, оқырмандар бөтен әлемде. Қос әлем  қашан  қосылар  екен?

Фотоесеп

Суретке түсіп аламыз дегенге қазір ұжымдағылардың бәрінің де құлағы әбден үйренген. Тақырыпқа сай образға кіріп  отыра-отыра  қалады…

Заманауи  жауап

«Бізде кімдер көп? Байлар ма, бизнесмендер ме, білім­ділер ме?» дегенде, самарқау көпшілік: «Бізде жағымпаздар көп» деп жабыла жауап берді.

(Басы  өткен  санда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: