Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

01.06.2023, 9:20 163

НЕ  ЖЕТСІН!

Алам десең алып, берем десең беріп, барам десең барып, көрем десең көріп, жүрем десең жүріп, тұрам десең тұрып, сүйем десең сүйіп жүргенге не жетсін!

ЖАҢА  БАСТЫҚ

Жұмыс істеуді ада-күде білмесе де, жиналыс жасай беруді жан-жақты, жап-жақсы меңгерген.

БІР-БІРІНЕ  САЙ  ҚАТЫРҒЫШТАР

Жоғарыдағылар жолдауды қатырады, қатардағылар қолдауды қатырады.

ӨМІР  КӨРСЕТТІ

Ақылдың күші ақшаның күшінің ширегіне  де  татымай  қалды.

«ВОДКА»  мен  «СОТКА»

Өткен бір ұрпақты «водка» құрт­қан. Ендігі бір ұрпақты «сотка» құртатын  түрі  бар.

ҚУ  ТҰЯҚ

Алаяқтан жолаяқ алып жырғап қалған қу тұяқ…

САЙЛАУ  АЛДЫНДАҒЫ  ОЙ

Өмірде жолым болсын, жүзім жар­қын болсын десең, мамандық таңдауда, жар таңдауда және президент таңдауда қателеспе!

ЕГІЗДЕР

Бізде билік пен бизнес – егіз. Алтын басты күйеуі билікте болса, қыртиған қатыны, емпілдеген енесі, адырайған атасы, бұлғақтаған балдызы міндетті түрде бизнестің бір пұшпағында жүреді.

МҰНЫ  ТҮСІНДІМ

Бүгінгі бір түсінгенім: ақымақты ақымақ қылып көрсетудің еш керегі жоқ. Ол онсыз да ақымақтығын өзі көрсетіп жүреді.

КЕРІ  КЕТКЕН  ЕРТЕГІ

Ертегілердің бәрі де ел-халықтың бай болып, барша мұратына жетумен бітетін. Біздің данышпан шалдың «ертегісі» халықтың сіңірі шыққан кедей боп, тентіреудің аз алдында телмең көз боп қалуымен бітті.

ЕСКІРГЕН  ЕЛДЕ

Ескірген елде есі кірмейтін басшылар мен екі есті қосшылар болады.

ГЕНДЕРЛІК  СҰРАҚ

Әр әкімнің ізінде қайда барса да ілесіп он шал жүреді. Неге осы, бес кемпір қоспайды екен? Алтын­дай асыл әжелеріміздің  не  кінәсі  бар?!

ДАЛАДА  ҚАЛҒАН  МҰҒАЛІМ

Интернеттен жақсы білім алуға болады деген пікірдің дендеп кеткендігі сондай, кейінгі жас буын мұғалімдерді жүдә менсінбей, та­науын  көтеріп  қалыпты.

АРТЫҚТЫҒЫ  БАР

Сырға таққан сылқым еркектен сырмақ киген сал бөксе қатын мың есе артық…

ҚЫРЫҚ  ЖАНДЫ  ҚЫРҚЫЛЖЫҢ

Мекеме басқарып та көрді. Депутат болып та көрді. Партия белсендісі де болып көрді. Көшбасшы да болып көрді. Парамен ұсталып, кабинетінен штанымен шығарылып та көрді… Дегенмен барлық жағдайда да жол тауып судан таза, сүттен ақ боп  шығып  жүр…

«ҚҰРМЕТТІНІ»  ҚҰРМЕТТЕ

Өйтіп-бүйтіп, тар тесікке кіріп, кең есіктен шығып, айбындылардың аузын алып «Құрметті азамат» деген атақты да алып алды… Енді он жерден кежегең кейін тартып тұрса да, оны құрметтемей көр…

БІР  ДӨКЕЙГЕ  ҚАРАП

Сөзі көкейіңнен шығады, ісі көңіліңді  нілдей  бұзады.

ҚАТЕНІҢ  АДАМЫ

Біраз жыл оған сеніп, «жас қой, қатесін әлі өзі де түзейді» деп жүргеніміз шын. Алайда ол қатесін түзе­мек түгілі, дұрыс адамдарды қате жолға  салумен  болды.

ТОҢМОЙЫН  «ТҰЛҒА»

Басқара алмаса да, басқаға жол бермес.

ЖАНҒА  ЖАҚЫН

Бет-жүзі бұзылмаған. Жып-жылы көрінеді. Көзінде ойлылық бар. Сөзінде сабыр бар… Танымасаң да, білмесең де, осындай жандарды жаны­ңа  жақын  тұтып  қаласың…

БЕС  МАСКАЛЫ  БЕСАСПАП

Оның бұдырайған бетінің бес маск­асы бар: үйінде шүңкейген мас­касы, әкімдікте үрпиген маскасы, ұжымында дүрдиген маскасы, тойда қылтиған маскасы, қыз-келіншектердің алдында  жылмиған  маскасы…

САЙЛАУДА

Басқа жұртта іріктеліп-іріктеліп ірілері шығады. Бізде іркіліп-іркіліп ірімтіктері шығады.

МАУБАС  «МАҢҒАЗ»

Өзіндік бір мысқалдай да пікірі жоқ. Партияға әбден әкесіндей сеніп кеткен…

КҮЛІМСІ  КӨРІНІС

Еркек бастыққа дертіп тұрған жас келіншек қызметкердің жағымпаздана  сайрауы мен мың құбылған сұңқылдауынан жезөкшеліктің жымын  көргендей  боласың…

ҚҰТ  пен  ЖҰТ

Жақсының талабында құт бар. Жаманның табанында жұт бар.

КІМ  ЕКЕНІН  БІЛЕСІҢ  БЕ?

Ол жойдасыз жемқорлыққа жол беріп қана қойған жоқ, өзі түбі жоқ, теткуі жоқ тойымсыз жемқор болды…

ХАЛЫҚ  пен  ТҰҒЫР

Халықты тұқырта бергісі, тұқыр­та бергісі келетіндер ақыр түбінде тұғыры­нан  айырылып  тынады.

Ерғали  АБДУЛЛА

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: