Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлер

18.05.2023, 9:20 1281

Біздің құндылықтарымызға тек тарих пен ұлы тұлғалар ғана емес, ата-бабамыздың ұстанған наным-сенімі мен салт-дәстүрлері де жатады. Бағзы заманнан беріге дейін жеткен бұл дүниелер қазақ халқының мықтылығы мен дәстүрге беріктігін аңғартады. Бірақ, қазір бірнеше салт-дәстүр санадан өшуге сәл-ақ тұр. Оны фольклортанушылар мен әдебиеттанушылар кітап бетіне түсіріп, ойлы оқырманға ұсынуда. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз жайында біз де барынша ізденуді жөн көрдік. Пайдаңызға жарасын!

Ақсарбас атау. Адамдар қауіп-қатерге ұшырағанында «Алла Тағала мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айғайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл-аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.

Араша түсу. Дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып, ажырату, сабасына түсіру – араша түсу деп аталады. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша! Араша!» деп айғайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен.

Арыздасу. Бұл фәнидегі (өмірдегі) тататын дәм-тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан ғаріп отбасымен, туған-туыстарымен, көрші-көлем, дос-жарандарымен соңғы рет тілдесіп, хош айтысады. Мұны арыздасу деп атайды. Арыздасуда бақилық болғалы жатқан пенде біліп, білмей жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін жиналғандардан, олар одан кешірім сұрайды.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды. Бұл дәстүрді ат тұлдау деп атайды.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Жұмалық. Бұрындары дәріс алып жүрген шәкірттері жұма күні молдасына сыбағаға ет, қымыз, май, құрт әкелетін болған. Оны халық жұмалық деп атап кеткен.

Көгентүп беру. Малды адамдар жақын туған-туыстарының кішкентай баласына бұзауларының, құлындарының, қозыларының, лақтарының, боталарының бірін атайды. Бұл – көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүниеқоңыздық.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл – олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып:  «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік»  деп қонақжайлық  танытады,  әйелі  ет асып, қонақасы  береді.

Қорықтық  құю. Ол – емдік ғұрып. Ауырған адамның төбесінің үстіне (басына тигізбей) май құйылған табаны әкеліп, екінші бір ыдыста қорытылған сұйық (ыстық) қорғасынды оның үстіне құйып кеп жібереді. Сонда «шар» етіп кішкене қорғасын сұйығы бір бейне қалпына түседі. Емші соған қарап ауруға «Сіз иттен немесе адамнан, жыланнан  қорыққансыз»  дегендей  болжам айтып,  ауруды  жазылатынына  сендіреді.

Мойнына  бұршақ  салу. Ертеде  баласы  жоқ адамдар  мойнына  көгеннің  бұршағын  салып Алладан  перзент  сұрап  жалбарынған,  жылаған. Мойынға  бұршақты  бала  тілегенде  ғана  салады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: