Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматыда Абай Құнанбаев жүр!

15.05.2023, 9:00 370

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Құдайым-ау, құлдыраңдап, құрылтайға бара қалмайын ба? Алматыда өткен жазушылардың құрылтайын айтамын. Бір кезде, ұлы ақын Абай Құнанбаевты көріп қалдым. Темекі шегіп, шіреніп тұр екен. Жанында Шекспир. Шекспир неғып жүр десеңші?

– Абай Құнанбаевты көрдің бе? – дедім досыма.

– Абайы несі? – деп сұрады ол бетінде бегемот шалқасынан жатқандай таңырқап.

– Ұлы Абай атамыз сияқты сезінетін, бірақ, өлеңдерін өзінен басқа ешкім оқымайтын Жантақбай Түйебайұлын айтамын! «Жантақ» деген кітабы шыққан.

Шынында, құрылтайға келгендердің арасында өздерін Мұқағалидай сезінетін сорлылар да, Оралхан Бөкеев, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтен асып түсетіндей, ісініп-кеуіп жүргендер жетерлік екен. Амандаса қалсаң, қолының ұшын ғана тигізеді. Немесе, қарамайды да. Сақалы сапсиып, Чехов тұр талтайып. Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Ілияс Есенберлин, Бердібек Соқпақбаевтар ұшып жүр! Аяқтары жерге тимейді. Кірпіктерін әрең қозғалтады. Ойбаай, әне, Әзиз Несин келе жатыр! Өзін сатирикпін деп топшылайтын, таныстықпен алған атағы бар, көңілін таппасаң, газетіне жолатпайтын шатағы бар Дарынсыз Дүмбілезұлы өзін Әзиз Несиндей ұлы санайды! Мұнда келгендердің көбісі ұлы! Шымкенттен де шыртиып алып, бір-екі көң сасыған кітабын шығарып, жазушылар одағына мүшелікке өтіп алып, өті жарылып кетердей тырсиып, өтірік ыржиып, Маркес, Теодер Драйзер, Эрих Мария Реарк, Чарльз Диккенстер болып жүр! Бірін-бірі мойындамайды ғой! Қарапайымдылықты қақыратып тастаған.

– Ооо, Мұхтар Әуезов келе жатыр!

– Ол кісі не жазады?

– Бас жазады.

Өзін Әуезовтей сезініп жүрген жуан қарын жазушысымақ қасымыздан өте берді. Екпінінің күштілігі соншалық, құлап қалдық. Үстімізден толыспаған Толстойлар, шала Шекспирлер таптап өтіп жатты…

Мұхтар  ШЕРІМ

Карикатура ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: