Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап – асыл қазына

11.05.2023, 9:20 2443

Кітап – адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан-ғасырға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Әу баста сол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-білігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады.

Замана легіне теледидар ілесті, қоғам көшіне интернет иелік ете бастады. Бұлар адамзат өміріне кітаптан кейін келген дүниелер еді. Бірақ бір қызығы, теледидар да, интернет те кітаптың орнын алмастырып кете алған жоқ. Оқырман санын кемітті деген сөз – алмастырды деген сөз емес. Кітап өзінің әу бастағы тұғырында қала береді. Мысалы, адам тұрақты теледидар қараушы немесе белсенді интернет қолданушысы болып келуі мүмкін, бірақ оның жан дүниесінде рухани тұрғыдан кемшіндік болуы да ғажап емес. Мұның жалғыз ғана себебі оның нашар оқырман болғандығында  да  жатуы  мүмкін.  Себебі  басты  рухани байлық – кітапта.

Кітап сонымен бірге ақпарат пен техника дәуірі, жаңа технологиялардың заманында да бірден-бір білім беруші құрал ретінде қала береді. Кітап интернеттен уақыт тұрғысынан алғанда ұтылуы мүмкін, бірақ адамға дайын ақпараттарды ұсынушы емес, терең сезімге, өзіндік ойлауға үйрете отырып, білім береді. Адамды ізденімпаздыққа жетелейді, ой-өрісін ұштайды. Ал сонымен бірге кез келген қызметкердің, соның ішінде мемлекеттік қызметкердің шешендік өнеріне де, аудиторияны өзіне қарата, тарта білуіне де кітаптың көмегі өте зор. Өйткені ол – тіл байлығын қалыптастырушы құрал. Осымен бірге кітаптың тәлім-тәрбиелік, имани құндылықтарды адам бойына сіңіре алатындай қасиеті теледидар мен интернеттен жоғары тұрмаса, кем емес.

«Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай, кітап оқу барысында неге мән беру керек? Кітаптан рухани азық алып, оны өмірде пайдалану үшін қандай кітаптарды оқыған жөн? «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі де кез келген жанды кітаппен дос болуға шақырады. Кітапты таңдау, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмірлік қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайым-парасатын анықтайтын алғы шарттардың бірі. Кітапты оқыған кезде, жазушының баяндау мәнері мен жазу тәсіліне байыппен қараған жөн. Жалпы, кітапта белгілі бір жүйе сақталса, рухани азық алу кім-кімге де қиын емес. Оқу – ізденіске деген құштарлықты оятатын  үдеріс  әрі  сол  адамның  мәдениетін тұтас  көрсетіп  отырады.

Кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние. Ендеше, қоғамның сан-салалы мақсаттарының ішіндегі ажырамас бір мақсаты ол – үнемі жас оқырманды тәрбиелеп отыру. Бұл оқу орындары үшін де, басқа да қоғамдық ұйымдар үшін де абыройлы әрі үздіксіз  жүре  беретін  міндет  болады.

Асылзат  ЖОЛДАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: