Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экономика министрі: Жазда жарық ақысы қымбаттайды

26.04.2023, 14:55 329

HALYQLINE.KZ

Биыл маусым айынан бастап Қазақстанда электр қуатының тарифтері көтеріледі. Жарық ақысының қашан қымбаттайтынын білгісі келген журналистер сауалына ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай деп жауап берді. Бұның алдында үкімет өкілдері тариф көтерілуі мүмкін екенін бірнеше мәрте мәлімдеген.

«Тұрғындар үшін тариф жазда көтеріледі деп отырмыз. Бірақ біз оны жаймендеп көтереміз. Тарифтер халыққа қолайсыздық туғызбауы тиіс», – деп мәлімдеді министр парламенттегі журналистерге.

Оның айтуынша, үкімет электр қуатының тарифтерін маусым-шілде айларында көтеруді көздеп отыр.

Министр тарифтер нақты қанша пайызға көтерілетінін айтпады, бірақ «әр өңірде әртүрлі баға белгіленетінін» ескертті. «Екібастұзда тарифтерді 108 пайызға көтеріледі деп айтылды. Бірақ біз мұндай қадамға бара алмаймыз. Талқылаймыз, бағаны түсіреміз. Тарифтер халыққа қолайсыздық туғызбауы тиіс», – деп мәлімдеді Қуантыров.

Министрдің айтуынша, тозығы жеткен жарық желілерін жаңарту үшін биыл тарифтер көтеріледі деп жоспарланған. Ол жылу желілерін жаңарту мәселесін «тарифтер есебімен ғана емес», басқа да жолдармен шешу көзделгенін айтты.

Кейінгі уақытта Қазақстан билігі жылу мен жарық ақысы көтерілуі мүмкін екенін жиі айтып жүр. Тарифтерді көтеру қажет екенін президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мәлімдеген.

Сәуір айынан бастап үкімет жанармай тарифтерін де көтергісі келетінін жиі айтып жүр. Әуелі энергетика министрлігі бензин ақысын 11 пайызға, дизель ақысын 20 пайызға көтеру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Одан соң энергетика министрлігі Алматы мен басқа да өңірлерде автогаз қымбаттайтынын ескертті.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: