Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киелі кесене келбеті

19.04.2023, 14:40 738

HALYQLINE.KZ 18  сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. 1983 жылы ЮНЕСКО ұйымы жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы осы 18 сәуірді бекітіп, 1984 жылдан бастап атаулы ретінде аталып келеді. Мерекенің басты мақсаты – халықтың назарын әлемдік мәдени мұраны қорғау мен сақтау мәселесіне аудару, тарихи құндылығы бар қалашықтарды, қорғандар мен обалардың бұзылмауын қадағалауға шақыру. Бұл датаны атаулы күн деп белгілеуді әлемдік деңгейде тарихи-мәдени мұраны сақтауда жасалған маңызды қадамдардың бірі деп  айтуға болады.

Атаулы күн қарсаңында Сыр бойының бірқатар  журналисі Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылындағы «Молқалан» (Мүлкәлән) кесенесінің реставрациялық жұмысын көзбен көруге барды.  Биылғы сәуір айында басталған жаңарту жұмыстары мамырда аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Молқалан» кесенесі (ХVІ ғ) Сырдария ауданындағы Іңкәрдария ауылынан солтүстікке қарай 6 шақырым жерде орналасқан екен. Ауыл тұрғындарының сенбілігімен қатар келген сапарымызда облыстық қоғамдық даму басқармасының мамандары, «Қазқайтажаңарту» РМК өкілі, Іңкәрдария ауылының әкімі секілді біршама ресми тұлғалар жиналды.

Кесене республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. «Молқалан» кесенесі ортағасырлық мұсылман сәулет өнері дәстүрінің дамуымен қатар, Орта Азияның солтүстік бөлігіндегі көшпенділерге тән «дахистандық» портал типін де қолданған. Сонымен қатар Қазақстанның жойылып кеткен кейінгі орта ғасырлық сәулет өнерін елеулі бір деңгейде сипаттайтындықтан, ескерткіш үлкен маңызға ие.

 Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді  қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерқазы Алданазаровтың айтуынша, кесене соңғы рет 2007 жылы реставрациядан өткен екен.

  – Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020 – 2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2023 жылы республикалық бюджет есебінен Қызылорда облысында бірқатар ескерткішке реставрациялық жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Молқалан» кесенесі, «Көтібар» мұнарасы, «Қарасопы» кесенесі, «Сығанақ»  қалашығы бар, – деп атап өтті Ерқазы Жарылқасынұлы.

Жаңғырту, яғни құрылыс жұмыстарын осы салаға арнайы лицензиясы бар «Қазқайтажаңарту» РМК  Қызылорда филиалының мамандары жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстарға осы салада еңбек өтілі бар мамандар ғана тартылатын көрінеді.

Кесене ішіндегі мазарлар

 Нұрболат Мұратбеков, «Қазқайтажаңарту» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы:

– 2023 жылы «Молқалан» кесенесіне мемлекет тарапынан 26 млн теңге бөлінді. Реставрация жұмыстары сәуір айында басталды.  Бұл нысанның ең басты қиын жағдайы – жерасты суы ызасының жер бетіне өтуінде. Қазір алдымен дренаждық жүйемен жерасты суларын кептіріп алып, құлаған жерлерін ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мамыр айында жұмыс толыққанды аяқталады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін оған 2 жылға дейін кепілдік береміз, – дейді.

Қызылорда облысы аймағында ұлттық құндылық болып есептелетін 560 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Бұлардың 31-і республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар ескерткіштер болса, 273  ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне алынған.

Іңкәрдарияда «Молқалан» кесенесінің атауына қатысты пікір қайшылығы бар. Әбдірзақ Байманов ақсақал кесене атауы мұндағы жұртты шатастырғанын айтты.

         Әбдірзақ Байманов, Іңкәрдария ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

Кесененің жөнделуіне атсалысып жатқан жұмысшыларға алғысымды білдіремін. Мүлкілан әулие жалғыз Сыр бойына емес, тұтас мұсылман қауымына таныс тұлға деп есептеледі. Өкінішке қарай бабамыздың көптеген ісі хатқа басылмай қалған. Дегенмен бізге сол замандағы тұлғалардың айтуымен  ауыздан ауызға тараған мынадай жыр жолдары бар:

«Мүлкілән – қасиетті әулие бабам,

Еліне қызмет етуден шаршамаған.

Керемет қасиетімен ол танылып,

Шарапатын келген жаннан аямаған».

Бабамыздың жатқан жері 1982 жылы Қазақстанның мәдени ескерткіштерінің қатарына енді. 1984-85 жылдары республикадан арнайы бригада келіп, оны күмбезді кесенеге айналдырды. Бекентай Әбушахманұлының нәтижелі жұмысының арқасында тозығы жеткен нысанға  2007 жылы жөндеу жүргізілді. Енді араға біраз уақыт салып қайта жөндеуден өтіп жатыр. Оған өте қуаныштымыз.

Жеті жерде жайы болғанымен (Өзбекстанда 2-3 жер, Түркістан 2-3 жерде) әрбір жерде басына түнеген адамға емдік қасиеті болады. Бабамыздың есімі  тарихи жазбалармен тексере келе Меһр-құлал екені дәлелденді. Алайда халық арасында Мүлкілән әулие деп аталып кеткен.  Ол жер-жерді аралап, өзінің көріпкелдігімен танымал болған. Енді осы Мүлкілән деген атты Молқалан (Мүлкәлән) деген түсініксіз атпен шатастырып айтып жүр.

Кесененің жай-күйінен хабар алғасын келесі кезекте шырақшыға назар аудардық. Салмақты, әр сөзін байыппен айтатын  Өмірсерік Әбушахманұлы әулиелі жердің қасиеті жайлы сөз етті.   

Бізде шырақшылық атадан балаға жалғасып келе жатыр. Әкем Әбушахман Әубәкірұлы 1998 жылға дейін осында шырақшы болып,  дүниеден өтті. 1998 жылдан 2015 жылға дейін ағам Бекентай Әбушахманұлы, 2015 жылдан бері осы жерде мен шырақшымын. Жөндеу жұмыстары қасиетті Рамазан айына сәйкес келгендігін үлкен жақсылыққа балап отырмын. Бұл жер өте қасиетті саналады. Тәу етіп келушілер аз емес. 2015 жылдан бері  балалы болмай жүрген 5 отбасы ниет етіп келіп, балалы болды. Мысалы, Қызылорда қаласынан келген 13 жыл құрсақ көтермеген келіншекке шарапатымыз тигенін нық сеніммен айта аламын. Үйдің қасында қазылған құдық суының да емдік қасиеті бар. Асқазан аурулары мен денеге шыққан жараның сан түрлеріне шипа болады, – деп сөзін түйіндеді.

Әулие мекені құрсақ көтере алмай жүрген отбасыларға шарапатын тигізгені жөнінде Әбдірзақ  Байманов қария:  

– Менің Тұрмахан Іскендірұлы деген нағашым болған. Сол кісі бала тілеп, баласы болмаған, әкесі Арыстан бабқа, Қожа Ахмет Яссауиге жібергенде, сол жердегі көреген бір кісі «әй, балам, ит өлген жерден ат шабылтып неге келдің, жаныңда Мүлкілән деген әулие бар емес пе? Соған түнесең болмады ма?» деп сілтеп, нағашымды үйіне қайтарған екен. Содан  ол жарын осы әулиенің басына түнетіп, балалы болды, – деп ағынан жарылды.

Мүлкәлан әулие туралы халық арасына тараған мынадай аңызды баян етейік. Мүлкәлан ел арасын көп аралайтын адам еді. Сондай кезекті сапарында бір ауылға келсе, ауыл абыржулы екен. Құдықтары бір ауылдың мал-жайына түгелдей су беріп тұрған екен. Осы құдықты көшкін құм көміп тастапты. «Жалғыз құдықты құм басты, ел де, мал да сусырап, азан-қазан болып жатқаны мынау» деген әңгімелердің  ортасына түседі. Халықтың осындай азапқа түскенін көрген Мүлкәлан дереу мінәжат етіп, Аллаға жалбарына бастайды. Қалайда халықты бұл қыспақтан құтқара көр деп жалбарынса керек, мінәжаты қабыл болды ма, әп-сәтте қара бұлт аспанды жауып, артынан көп уақыт өтпей нөсерлетіп, ақ жауын жауады. Жауыннан айналаға айдын шалқар қақ тұрды. Ұзақ жауыннан мал-жан түгел қарық болған екен.

Мүлкәлан әулие туралы халық арасында әңгімелер көп тараған. Олардың келесі бірі – «Қызылқұмда «Түйеқарын» аталатын кең жайылым бар, соған Бозым атты бір бай қыс қыстап, жаз жайлайды екен. Бір күні осы байдың жылқышысы аттан құлап, мертігіп ақыры сонан мерт болған көрінеді» деп басталатын аңыз. Аңызда өліктің бетін жуып, жаназасын шығарып бола бергенде түрі елге таныс емес жігіт пайда болады да, намаз шығаратындардың қарсылығына қарамастан әлгі жылқышының бетін ашып, маңдайынан бір-екі сипайды. Сол кезде «марқұм болды» деген жігіт «үһ» деп көзін ашады. Жігіт өлмеген екен, қатты талып жатса керек. Мүлкәлан сол мүсәпірдің өлмей-ақ қабірге қойылғалы жатқанын біліп, бұл жерге әдейі асығып жеткен екен.  Міне, бұл – оның тағы да бір кереметі.

         Сапар барысында іргедегі Іңкәрдария ауылына аяқ бастық. Мұнда 815 адам, 165 отбасы тұрады екен. Халқы негізінен мал шаруашылығы мен бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Тұрғындар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолына жақын орналасқан ауылдың бақша өнімдерінің дәмділігін білетіндер (қауын, қарбыз, т.б.) арнайы келіп алып кететін көлік құралдарының бар екенін жеткізді. Ауылдың қалталы азаматтары елді мекенді гүлдендіруге өз әлдерінше қолынан келер көмегін жасауда. Сапаршылар соның бірі  ауыл мешітін көріп, жанына салынған асханасынан дәм ауыз тиіп, облыс орталығына  жол тарттық.

Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ,

Қызылорда – Іңкәрдария – Қызылорда  

Пікірлер:
  • Менің ең қызықтыда бақытты балалық шағым осы кішкентайғана Іңкәрдария ауылында өтті. Кішкентай болсада маған осы ауыл, құтты әрі киелі. Өйткені, ата-анам, бауырларым, төрт көзіміз түгел осы ауылда бақытты ғұмыр кештік. Жане маған осынысы мен Ыстық. Қазір, Ақтөбе қаласында тұрамын. Отбасым, балаларым бар. Аллаға шүкір. Бірақ, ата-анам, апам Анаркул- жездем Марат өмірден өтті. Өкінішті. Ауылдан алшақ тұрсақта, жүрегіміздің бір бөлігі, сол кішкентай ауылда, мәңгілікке қалып қойғандай күй кешемін. Ауылды аңсаймын, сағынамын. Жылына болмағанда 1-2 рет барып тұрамын. Елге кірместен бұрын Мүлкүлән әулие жатқан қорымға соғып, құран бағыштап, тағзым етемін. Бұл қорымда да менің, ата-бабам, әкем Сағыйтжан, бауырым Сейтмағанбет ағам жатыр. Және де көз көрген ауыл адамдары да жатыр. Жөңдеу жұмысының

  • Жөндеу жұмысының жүргізіп жатқан жұмысшылар қауымына, халқыма, Алла разы болсын! Өсіп, өркендей бер, құтты мекенім Іңкәрім. Сен маған мәңгілік Құттысын!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: