Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақмырза ишан бастаған «Асандар көтерілісі»

14.02.2023, 12:30 1664

HALYQLINE.KZ

1930 жылдың наурызында Қызылорда облысы Қазалы ауданының Қареке (кейбір деректерде Қарақ) елді мекенінде белгілі ишан Ақмырза Тосов бастаған Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс басталды. Көтерілістің шарықтау шегі тамыз-қыркүйек айларында болды. Көтеріліске бір жылдың ішінде астық пен мал салығының бірнеше рет салынуы себеп болды.

Мұрағат деректерінен Ақмырза бастаған көтерілісшілердің Қызыл армияның жазалаушы отрядтарымен екі үлкен қантөгіс ұрыстары болғаны белгілі. Оның алғашқысы 1930 жылы Қареке елді мекеніне жақын жерде Ақмырзаның мешіті маңында болған. Қанды шайқаста көтерілісшілерден 170-тей адам өлген, ал жазалаушылардан 4 адам шығыны болып, 5 адам жараланған. Келесі ірі шайқас Сырдария өзенінің арғы бетіндегі құм арасында өткен. Осы шайқаста Ақмырзаның өзі де, жанындағы 3 мүридімен және қолбасысы Жанұзақ Батыровпен бірге қаза тапты. Тағы да 107 адам оққа ұшты. Жазалаушылардан 1 ғана адам өліп, 5 адам жеңіл-желпі жараланды. Деректерге қарағанда ағайынды діндар Тосовтар үшеу болған: Ақмырза, Тоқмырза және Тоймырза. Бұл екі қырғын шайқастан аман қалған 200-ге тарта көтерілісші Қарақалпақ жеріндегі Шымбай қаласының шығысындағы Биш-тобе (Бестөбе) деген тауға барып жасырынған. Бірақ оларды Желудь басқарған Қарақалпақ облыстық ОГПУ-нің мұздай қаруланған әскері талқандайды. Көтерілістің жеңілу себебі, олардың негізгі қарулары найза мен қылыш, «Бердянка» деп атап кеткен білтелі винтовка мен салық салуға бастап келгендерді күзететін милиционерлерден тартып алған бесатар болды.

Осы ұрыстан шағын тобымен шыға алған Ақмырзаның інісі Тоймырзаны да көп кешікпей ОГПУ-дің отряды қолға түсірді. Ақмырза ишан көтерілісіне қатысып, тұтқынға түскендер «Үштіктің» шешімімен қатал жазаланды: 9 адам Қалымбет Еділғараев, Әбдіхалық Иімбетов, Әбдіраман Қарағұлов, Жұбатқан Қонысов, Насыр Мәмбетов, Арызхан Нұрымбетов, Мұстафа Өмірбеков, Айжарық Таңатаров, Пірімбет Құрекеев атылды, 41 адам 10 жылға дейінгі мерзімге Сібірдегі лагерьге айдалды, 6 адам Қазақстанның өз ішіне жер аударылды.

Ақмырза ишан көтерілісі «Асандар көтерілісі» деп аталды, себебі көтеріліске қатысушылардың басым бөлігі – Кіші жүздің Әлім тайпасының Асан руынан шыққандар.

Қазалылықтар өздерінің бостандық сүйгіш жерлестерін әрдайым мақтан тұтады.

Асандар көтерілісінің 70 жылдығына орай Сырдария өзенінің «Әлсейіт» өткелі тұсында ескерткіш белгі орнатса, Қазалы аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов атындағы үлкен көше бойында «Асандар көтерілісі» монумент ескерткіші түрлі іс-шаралар өткізетін киелі орынға айналды (фотода).

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: