Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

17 жылдық қорқыныш (шынайы оқиға ізімен)

19.01.2023, 10:00 762

Түс ауа әжем екеуіміз жаңа үйдің кілтін алып, заттардың барлығын тасып  біттік. Иә, жаңа үйге көштік. Жап-жаңа… Айтпағым, біз үшін жаңа үй, бірақ бұған дейінгі егелері басқа болған. Ауылдағы 3 бөлмелі үйді көршілерге аманаттап, қаладағы үйдің жағдайына назар салып жатырмыз. Көшіп келуіміздегі басты мақсатымыз – ауылдағы үйде әжем екеуімізге де түсініксіз дүниелер көрініп, тыныштығымызды алатындар көбейіп кетті. Басында көшедегі біреулердің іс-әрекеті болар дегеніміз рас, бірақ, бір елестің барына нақ көзіміз жетті. Содан қаладан ескі де болса арзан үй алып, әжем екеуіміздің қонысымыз жаңаланды.

Үйге жайғасып, барлық затты өз орнына қойғаннан кейін кешкі астың уақыты болды. Әжем дереу кешкі ас әзірлеп, дастарқан жасай қойды. Солай бұл үйдегі алғашқы күніміз аяқталып, ұйқыға кеттік. Сағат шамамен түнгі 12-ден асты. Жасым 13-ке толғанда үйлендіремін деп асыра мақтап қоятын әжем мені құшақтап ұйықтап жатыр. Әдетте әжем ыңғайсыз жатып қалып, дем алғанда түрлі дыбыстар шығып, одан өзі оянып кететін. Ал бұл жолы олай болмады. Құлағымның түбінен біреу қиналыспен дем алып жатқанын сездім. Бақсам, әжем емес екен. Олай-былай аунап қарасам, айналамда ешкім жоқ, Ал бұл дыбыс қайдан шығып жатыр және оның егесі кім? Санамды осы бір үрейге толы сауал маза­лап жатыр. Дереу жарықты жағып, терезеге де көз тастадым. Бұдан оянып кеткен әжем: «Түрің елес көргендей ғой тегі, жат, ұйықта», – деп, басымды жастыққа тигізгенше асықты. Егер естіген дыбыс жайында әжеме айтсам, қорқытып қоятынымды біліп, үндемедім. Сонымен, күні бойы шаршаған күйде  ары  қарай ояу жата алмай, ұйқы­ға  кеттім.

Бұл – бір күннің ішінде болған жағдай. Келесі күні аулада балалармен ойнап жүріп, әлгі дыбыс тағы естілді. Жүгіріп жүріп, кілт тоқтадым. Айналамда да, артымда да сол дыбыстың иесі-ау дейтін ешкім жоқ. Бала болған соң ба, үйге асықтым. Жасырмаймын, 12 жастағы бала үшін бұл дыбыс қорқыныш туғызады. Әжеме жүгіріп келіп, аяқкиімімді шешпестен біртүрлі дыбыс естігенімді айттым. Бұл дүниеге таңданыс тудырған әжем қорықпауға шақырып, бісмілләсін айта бастады. Әне-міне дегенше кеш қарайды. Кеш болса, құлағыма түрлі дыбыс естілетін болған соң, күн бата әжемнің қойнына тығылуды шығардым.

– Әже, бұл дүниеде тылсым құбы­лыстар бар ма? Егер болса, сол дүниелерді  байқаған  адамға  не  болады? – деп  сұрақты  төтесінен  қойдым.

Ол  бірдеңе  сезгендей:

– Ештеңе болмайды, жігіт адам ештеңеден қорықпау қажет, – деп қысқа қайырды.

Әлгі дыбыс құлағымда тағы жаңғырып тұр. Дем алысы қиындаған адамның мұнша қиналысын қалай және қайдан естіп тұрмын?  Әлде бұл жақындарымның қиын жағдайда деген белгісі ме?! Жә, мұндай дыбысты естіп жүргеніме қаншама жылдың жүзі болды ғой, әбден үйренгендеймін, қорық­пасам да болады ғой… Бірақ қалай? Он екі жастағы бала үшін мұндай қиындық оны қажытып жіберуге бар. Бәріне уақыт  емші.

Дәл осы үмітпен үшінші күннің таңы  атты.

– Әже, түнде тыныш ұйықтағандай болдым, ештеңе сезбедім тіпті. Бәрі тоқтады  ғой  иә?

– Солай болғаны ғой, – деді тағы баяу  екпінмен  үн  қата  әжем.

Бірақ олай болмай шықты. Жаңа үйіміздегі үшінші күн менің тыныш­тықпен қоштасуыма себепкер болғандай. Құлағыма қиналып жатқан адамның дауысынан бөлек, біреудің айқайлап жатқан дыбысын еститін болып­пын. Бұл біртүрлі қорқыныш туғызып жатыр. Ұйқыға кетсем, біреу тырмалап  жатқандай  оянып  кете бере­мін, бұл тылсымнан құтқаратын бір жан бар ма?!

– Әже, анам мен әкемнің жанына кеткім  келеді, олар  қайда?!

– Жоқ, балам, олар заңғар көкте, әзірге саған ерте, асықпа, мына өмірдің бар сыйын көріп, құрметіне бөлен, сен барлық жақсыға лайықсың. Әлі-ақ бәрі жақсы  болады, – деді, баяғы сөзін тағы да  жіпке  тізіп.

Менің дәл осы қиындықты көріп, тылсым дүниемен арпалысып келе жатқаныма 17 жыл өтіпті, түсінсем, әлі де түсініксіз дүние, әлі де сырға толы дыбыстар. Мен одан қашан құтыламын?!

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: