Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ертегі кино кейіпкерінен кейін қайыршылық күй кешкен Катышев

04.12.2022, 10:00 461

HALYQLINE.KZ

Ия, бала кезімізде, талай ертегі кейіпкерін ойнаған актер Алексей Катышев үйсіз-күйсіз далада қалып, бомж болып өмірден өткен болатын.

А.Катышев 1949 жылы Украина ССР-дегі Сталин облысында (қазіргі Донецк) дүниеге келді. Өкпе демікпесімен ауырғандықтан, дәрігерлердің кеңесімен емі теңіз ауасы керек болғасын, отбасы Ялтаға көшіп келді. (Совет заманын жамандайтындарға сұрақ: осы заманда тұрмысы төмен отбасы Қара теңіз жағасына көшіп бара ала ма?). Осы қалада мектеп бітіріп, Ялта киностудиясы жанындағы дыбыс режиссерлерін даярлайтын курста оқып жүргенде, атақты бірвңғай ертегі түсіретін режиссер А.Роумен киностудия коридорында кездесіп қалады. Сол кезде Роу «Морозко» ертегісін түсіріп жүрген болатын. А.Роу 17 жастағы Алексейдің сұлу жүзі мен күлімдеп оттай жанып тұрған көзіне таңқалып: «Табиғат берген мынадай бет-пішіңізбен, осы уақытқа дейін қалайша кинобайқауға (қазіргі кастинг) бармай жүрсіз?», – деген болатын.

«Морозко» фильмін түсіріп болғасын, Роу Катышевті 1968 жылы «Огонь, вода и… медные трубы» атты ертегісіндегі басты кейіпкер Васяның ролінде түсірді. Кино экранға шыққан бойда, Катышев бірден атақты актерге айналды, қыздардан келген хаттардың астында қалды, 19 жасында Иринаға үйленген бойда совет армиясы қатарына алынды. Бұл кезде Роу екінші ертегі киносының сценарийін дайындап қойғандықтан, СССР Қорғаныс министрлігіне өтініш айтып, Катышевті Примор өлкесінен Ленинград әскери округіне алдыртып, «Варвара краса, длинная коса» фильміндегі балықшының баласы Андрейдің роліне түсіреді, осы екі ертегі фильмінде партнерлері сұлу актрисалар Вера Алтайская мен Наталья Седых және Л.Хартонов, М.Пуговкин, Г.Милляр болды. Осы ертегімен тоқтап қалмай, келесі ертегі «Финист ясный сокол» фильміне Катышевті түсіріп болғасын, кино актерлер дайындайтын ВГИК-ке оқуға жіберем деп жүргенде 1973 жылдың 28 желтоқсанында А.Роу қайтыс болып кетті. «Финист – ясный сокол» фильмін түсіруді қолға алған режиссер Генадый Васильев Катышевке бірден: «Сіз мүмкін Роудың сүйікті актері болған шығарсыз. Мен бұл фильмге басқа актерді түсіремін. Сау болыңыз» деді.

Бұдан кейін Катышев «Весеняя сказка» және «Про Витью, про Машу и морскую пехоту» фильмдеріне түскенмен, кейін киноға шақырған жоқ. Алексей мен Иринаның тұңғыш қыздары шетінегенмен, Оксана, Яна, Полинка есімді қыздары өмірге келді. Отбасын асырау керек, бір кездері өзіне ғашық болған Иринасы: «Сенің сұлу жүзің бізге тамақ болмайды. Давай, шоферлік курсты оқып ал» деді. Жүргізуші мамандығын алғасын, Ялтадағы туристік базадағы №28 автобазада «молоковоз» машинасын 20 жыл айдады. Осылайша әйелінің тақасының астына (подкоблук) түсті, автобазада бухгалтер болып істейтін Ирина күйеуінің жалақысын өзі алғандықтан, өзін далада қалғандай сезген Алексей ішімдікке салынып кетті де, әйелі қуып жібергесін, анасымен тұра бастады. Анасы қайтыс болғасын, мұрагерлікке ие болған ағасы үйді сатып, басқа үй алды да, Алексей далада қалды. Қоқыс контейірінен жеуге жарамды тамақ қалдықтарын теріп жүргенін көрген бұрынғы танысы, Ялта киностудиясында реквизитор болып істейтін Марина қолына алып, арақтан емдетті де бірге тұра бастады. Алайда, қыздарын сағынған Алексей өз отбасына оралғанмен Ирина өз үйі болғандықтан, тіркеусіз тұруға рұқсат берді, арада қанша уақыт өткесін, әкесіне деген көңілдері суыған қыздары да әкесінің оралғанына қуана қойған жоқ. Артық ауыз екендігін білген Алексей Севастополь қаласындағы жалақысы жоғары деген жұмысқа тұрып, жеңіл көлік алып келіп, отбасымды асыраймын деп барғанмен, жарнамаға алданып қалғанын бір-ақ білді, бұл жерде оны құлдық жағдайында ұстады. Ауыр жұмыстан әлсіреп өкпесіне салқын тигізіп, жұмысқа жарамсыз болғасын, ақшасыз және паспортсыз Севастополь-Одесса трассасына апарып тастады. Мейірімі түскен «КамАЗ» жүргізушісі аяп кетіп, оны Ялтаға жеткізіп тастайды. Ирина үйіне кізгізбегесін, сол маңайда БОМЖ-дық өмірі басталды.

2006 жылдың 28 қарашасында түнде қоқыс контейнері арасында жүрген Катышевті ішіп алған жасөспірім көше бұзақылары ұра бастағасын, үйіне барып есігін ұрғанмен әйелі не қыздары есігін ашпайды. Қуып жеткен бұзақылар тағы да ұра бастайды. Оңбағандар саусағына киіп алған кастетпен басына ұрғасын есінен айырылып, есігіннің алдында құлайды. Жедел жәрдем ауруханаға апарғанмен есін жимастан 30 қарашада 57 жасында қайтыс болды.

Жас кезінде ертегі кейіпкері болып, кинода Өлмес Кащей мен сиқыршы Чудо-Юдоны жеңіп сүйгеніне қосылған Алеша Картышевті өмірде сүйіп қосылған Иринасы аса мейірімсіз болып шықты, үш қызы да, арнаулы мамандығы болмағандықтан қазір ауруханада санитарка болып, жүре алмайтын ауруларды бағып күтеді.

ПАРАДОКС: өз әкесін бақпаған қыздарына да тағдыр теріс қарады.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: