Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың суын тиімді пайдаланып жүрміз бе?

23.06.2022, 10:40 388

Аймақта су тапшылығы аса байқалып келеді. Бұл тек сала мамандарының ғана емес, халықтың, диқаншылардың  өзекті мәселесіне айналған. Аяқсудың болмауы кесірінен мыңдаған гектар жеріміз құрғап, пайдаланылмай қалды. Өйткені – су жеткіліксіз. Сырдария суының тобыққа түскені Сыр халқының егінжайда қолын байлап тұр. Бірақ егінжайдан бұрын Кіші Аралдың тағдыры алаңдатады. Арнасын азайтқан Арал тартылып, су түбіндегі тұзы күн астында қалуы мүмкін деген уайым жоқ емес. Осыған орай Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында су тапшылығының алдын алу және оны тиімді пайдалану туралы брифинг өтті.

Қызылорда халқының тіршілігі, мәдениеті, жұмысы мен байлығы Сырдария­ға кеп тіреледі. Су тапшылығының жайы көпті алаңдатып, ең басты проблемалардың сапында тұр. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат  Жансұлтанұлы  мәлімдеді.

–  Суармалы жерлерде ұзындығы 10 мың шақырымнан аса сумен қамтамасыз ететін және 3 мың шақырымнан астам қашыртқы-дренаждық жүйелер бар. Біздің аймақ су шығыны көп, инженерлік жүйеге келтірілген суармалы күріш егісіне бейімделген, мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз және олардың техникалық жағдайына тікелей тәуелді екендігіміз баршаңызға мәлім.  Еліміздегі күріштің 90 пайызын біздің аймақ өндіретін болғандықтан, республика бойынша суармалы судың 30 пайыздан астамын тұтынамыз. Су тапшылығы жағдайында суды көп тұтынатын дақылдардың көлемін азайту мен су үнемдеу технологияларын енгізу қажет екенін түсінеміз. Алайда, күріш өсіру экологиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге мүмкіндік береді. Сол себепті, күріш егілмей қатты тұзданған топырақта басқа дақылдардың өсуі қиын. Осыған байланысты, күріш егісінің көлемін күрт азайтуға болмайтындығын және оған су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суаратын технологияларды қолдану мүмкін еместігін де ескеру керек. Дегенмен, облыс­та ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылының көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқару­дамыз. Соңғы екі жылда күріш егісінің көлемі 11 мың гектарға қысқартылып, ағымдағы жылы 78,2 мың гектарға орналастырылды. Облыста суар­малы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу жөнінде 161 млрд теңгеге 3 жобамыз бар. Олар – пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға  қосу  және 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру (ПУИД-2, ПУИД-3) жобалары. (ПУИД – проект по усовершенствованию ирригационных и дренажных систем). Соның ішінде, 2019  жылдан бастап ПУИД-2 жобасы аясында (Жалағаш ауданында Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет а/о) 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асқан жағдайда жылына  80-105 млн м3  су ысырабын қысқарту күтілуде, – деді  Қ.Жансұлтанұлы.

Иә, аймақтың көркейіп дамуына да үлкен әсер етіп жатқан су екені түсінікті. Сонда да Сырдың суын үнемдеп, басқа да қажет дүниелерге жеткізіп пайдалануымыз керек. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов су деңгейі туралы соңғы статистикамен бөлісті.

– Қазақстан Республикасында Су қорлары  гидрографиялық  белгілер  бойын­ша бассейндік принципте басқарылады. Еліміздің аумағы сегіз су объектісі бас­сейн­іне  бөлінген.  Солардың  ішіндегі ауқымды және экологиялық  проблемалары толық  шешімін  таппаған  бассейндердің бірі  Арал-Сырдария  бассейні  болып  табылады. Еліміздің жер үсті су ресурстарының орташа көлемі 100 км3 құрайды. Оның ішінде 56 шаршы шақырымы республика аумағында қалыптасса, қалған көлемі Орта Азия мемлекеттерінен, Ресей Федерациясы және Қытай  Халық Республи­касынан келетін өзен суларынан қалыптасады. Жер үсті су ресурс­тарының төрттен біріне жуығы немесе 22 пайызы Арал-Сырдария бассейнінің үлесінде болса, Балқаш-Алакөл бассейні – 25 пайыз, Ертіс бассейні – 30 па­йыз, Есіл бассей­ні – 3 пайыз, Жайық-Каспий бассейні – 12 пайыз, Нұра-Сарысу бассейні – 2 пайыз, Тобыл-Торғай бассейні – 2 пайыз, Шу-Талас басейні   4 пайызын құрайды. Бассейн аумағы климатының ерекшелігіне жаз айларының ыстықтығы мен жауын-шашынның аз болып келуі жатады. Осындай жағдайда су шаруа­шылығы экономиканың барлық салаларының тұрақты жұмысына, халық тіршілігінің қамтамасыз етілуі мен қоршаған ортаның тұрақтылығына тікелей әсер ететін бірден-бір сала  болып  табылады, – деген мәлімдеме жасады С.Абуұлы.

Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев 17 маусымда Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінде су саласын дамыту перспективаларында өткізілген тыңдалымда  көтерілген  мәселелер  тізбегін  тізіп  берді.

– Соңғы жылдары Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлемінің төмендігінен Сырдария өзенінің төменгі ағысында күрделі су тапшылығы жағдайы болуда. Су тапшылығы жағдайынан егілген егісті шығынсыз алып шығу мақсатында облыс әкімдігімен бірлесіп қабылданған шаралар нәтижесінде ғана диқаншылар өнімдерін жинақтай алуда. Сырдария өзені трансшекаралық өзен болғандықтан «Шардара» су қоймасына вегетация­лық кезеңдерде түсетін су көлемі жыл сайынғы «Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (бұдан әрі – МСШК) отырысында нақтыланып, белгіле­неді. Алайда, «Шардара» су қоймасына белгіленген болжамды су көлемі түспейтіндіктен,  вегетациялық  кезеңдерде су тапшылығы жағдайлары болуда. Мәселен, 2020 жылы МСШК 78-отырысының хаттамасына сәйкес 1 сәуір мен  30  қыркүйек аралығында 6,4 млрд м3 су түсуі болжанса, нақты  орындал­ғаны 2,77 млрд м3 (немесе 43%) құраған. Ал, 2021 жылы МСШК 80-отырысының хаттамасы­на  сәйкес  4,1 млрд м3  түсуі  қажет  болса,  нақты  түскені 2,3 млрд м3 (немесе 56%) құраған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы қыркүйек айындағы жолдауында су шаруашылығы саласына ерекше мән беріліп, республика бойынша 2025 жылға дейін 9 су қоймасы мен 120 каналды қайта реконстр­укциялау  жөнінде  тапсырмалар  берілген  болатын, – деді  А.Асанбаев.

«Биыл су берілу деңгейі толыққанды жүзеге аса ма?» деген БАҚ өкілдерінің басты сауалына облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат  Жансұлтанұлы: «Былтырғыға қарағанда су берілу жұмысы бойынша  істің 99%-ы орындалды, бұйырса болады»  деп қысқа қайырды. Кім білсін, арнамыз тасып, Сырдарияның құрғап қалған  жағасы  қайта  қалыпқа  келер ме  еді… Үміт  жоқ  емес.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: