Қазақстан өңірлерінде тоғыз айда 412 млрд теңгеге жуық шығыс игерілмеді. Бұл сандар жергілікті бюджеттің орындалу деңгейімен қатар, жоспарлау мен қаражатты жұмсау тетіктеріне де назар аударуды талап етеді. Мемлекеттік бюджеттің әр теңгесі қоғамдық қажеттілікке қызмет етуі тиіс. Бірі мектептің жөнделуіне, бірі жолдың салынуына, енді бірі ауызсу жүйесінің жаңаруына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың қалыпқа келуіне жұмсалады. Сондықтан бюджет туралы есепті тек кіріс пен шығыстың жиынтығы ретінде қабылдау жеткіліксіз. Оның ар жағында тұрғындардың күнделікті тұрмысы, шешімін күткен мәселелер және мемлекеттік жоспарлардың нақты орындалуы тұр. Алайда, жоспарланған қаржының толық игерілмеуі бюджет қаражатын басқарудың тиімділігіне қатысты сауал туғызуда. Ақша белгілі бір мақсатқа бөлінгенімен, сол мақсатқа арналған жұмыс уақытында атқарылмаса, жоспар мен нәтиженің арасында алшақтық пайда болады. Ал мұндай алшақтықтың себебі анықталмайынша, бюджеттің орындалу көрсеткіші мемлекеттік шығынның қоғамға қаншалықты пайда әкелгенін толық көрсете алмайды.
Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 1 қазандағы деректеріне сүйенсек, Қазақстанның жергілікті бюджеттерінің тоғыз айлық атқарылу қорытындысы талданған. Мәлімет бойынша өңірлердің бюджетіне 11,54 трлн теңге кіріс түскен. Бұл есепті кезеңге жоспарланған 11,82 трлн теңгеден 272,2 млрд теңгеге аз. Кіріс жоспары 97,7 пайызға орындалған. Ал жергілікті атқарушы органдар 9 айда жоспарланған шығыстың 96,5 пайызын ғана игерген.
Көрсеткіштерге қарасақ, мәселе бюджетке түсетін кіріспен ғана шектелмейді. Қазынаға түсетін қаражаттың жоспардан қалуы бір түйткіл болса, жоспарланған шығыстың толық орындалмауы – екінші мәселе. Екеуінің қатар жүруі бюджет саясатының нәтижелілігіне қатысты тереңірек талдау қажеттігін көрсетеді.
САЛЫҚТАН ТҮСЕТІН КІРІС НЕГЕ АЗАЙДЫ?
Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігіндегі негізгі салмақ салық түсімдеріне тиесілі. Тоғыз айға 6,65 триллион теңге салық жинау жоспарланғанымен, нақты түсім 6,31 трлн теңге болған. Осылайша, жоспарланған сомадан 344,9 млрд теңге кем түскен. Салық түсімдері жоспарының орындалуы 94,8 пайызды құрады.
Салық кірістерінің жоспардан төмен болуы бір ғана себеппен түсіндірілмейтіні анық. Тиісінше, оған экономикалық белсенділік, кәсіпорындардың қаржылық жағдайы, салық базасының өзгеруі, төлемдердің түсу мерзімі және жоспарлау кезіндегі болжамдардың дәлдігі әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге, жергілікті бюджеттерге республикалық бюджеттен берілетін трансферттер бойынша жоспардың орындалуы 100,1 пайыз болған. Тоғыз айда бұл бағыттан 4,60 трлн теңге түскен. Салықтық емес түсімдер де жоспардан асып, 339,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл жоспарланған көлемнің 133,6 пайызына тең. Дегенмен, қосымша кірістер салық түсімдеріндегі кемшілікті толық жаба алмаған.
Мұнда назар аударатын жайт бар: бюджет кірісінің жалпы көрсеткішін жеке қарастыру жеткіліксіз. Өйткені жоспардың орындалуына әр кіріс көзінің үлесі әртүрлі әсер етеді. Бір бағытта түсімнің артуы екінші бағыттағы кемшілікті белгілі бір дәрежеде өтегенімен, салық кірістерінің жоспардан қалу себебін жоймайды. Сондықтан өңірлік бюджетті бағалағанда «қанша қаражат түсті?» деген сауалмен қатар, «жоспарланған кіріс қандай болжамға сүйеніп есептелді және нақты түсімнің айырмасы неден пайда болды?» деген сұрақтың да салмағы сезіледі.
412 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?
Кіріс көрсеткіштерінен бөлек, шығыстар бойынша да жоспар мен нақты орындалған жұмыс арасында айырма бар. Мәселен, тоғыз айда жергілікті бюджеттердің шығыс жоспары 11,81 трлн теңгені құраған. Нақты жұмсалған қаражат 11,40 трлн теңгеге жуық. Соның нәтижесінде 411,9 млрд теңге көлеміндегі жоспарланған шығыс игерілмей қалған. Бюджеттің игерілмеуі қаражаттың белгілі бір кезеңде пайдаланылмағанын білдіреді, ал оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, құрылыс жұмыстарының кешігуі, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің созылуы, жобалық құжаттаманың уақытында дайындалмауы немесе мердігер міндеттемелерінің орындалмауы шығындардың кейінге қалуына ықпал етуі ықтимал. Дегенмен, жоспарланған қаражаттың осынша көлемде игерілмеуі жауапсыз қалмауы тиіс. Егер қаржы белгілі бір нысанның құрылысына немесе инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға бөлінсе, жұмыстың не себепті белгіленген мерзімде орындалмағаны түсіндірілуі тиіс. Ал егер бастапқы жоспар шынайы есепке сүйенбесе, мәселе қаражатты игеруші мекемеде ғана емес, бюджетті жоспарлау тәртібінде де болуы мүмкін.
Шығыс бағыттарының ішінде ең үлкен айырма тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында байқалады. Бұл салаға тоғыз айда 1,90 трлн теңге жұмсау жоспарланғанымен, нақты шығыс шамамен 1,74 трлн теңге болған. Жоспардан 164,5 млрд теңге қалып, орындалу деңгейі 91,3 пайызды құраған. Білім беру саласында да 81,5 млрд теңге игерілмеген, ал жоспардың орындалуы 98,2 пайыз болған. Көлік және коммуникация саласында жоспардан 38,1 млрд теңге кем жұмсалған.
Бұл сандарды өздігінен қызмет сапасының төмендігіне дәлел ете алмаймыз, әрине. Десе де, бұл көрсеткіш қаражат бөлінген салалардағы жобалардың орындалу барысын қайта тексеруге негіз береді. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы елеулі айырма бойынша нақты қандай бағдарламалар мен жобалар кешіккенін анықтау маңызды. Қай нысанның жұмысы тоқтап қалды? Қандай келісімшарттар мерзімінде орындалмады? Қаражаттың игерілмеуі тұрғындарға көрсетілетін қызметке әсер етті ме? Осы сұрақтарға жауап болғанда ғана статистикалық көрсеткіштің нақты қоғамдық маңызы ашылады.
Жылдық жоспарға келсек, жергілікті бюджеттердің түзетілген кірісі 16,36 трлн теңге, ал шығысы 17,10 трлн теңге көлемінде қарастырылған. Демек, есепті кезеңнен кейінгі соңғы үш айда кіріс түсімдерін қамтамасыз ету және жоспарланған шығыстарды орындау міндеті сақталады.
ҚАЗЫНА ЕСЕБІ ҚОҒАМҒА ТҮСІНІКТІ БОЛУЫ КЕРЕК
Бюджет – қаржы мамандарының ғана талқылайтын құжаты емес. Оның орындалуы білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол, әлеуметтік қолдау және басқа да маңызды салаларға тікелей қатысты. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың қаржылық есептері қоғамға түсінікті болуы және нақты сұрақтарға жауап беруі қажет.
412 млрд теңгеге жуық игерілмеген шығысқа қатысты ең маңызды сауал да осы: қаражаттың қай бөлігі қандай себеппен пайдаланылмады және бұл айырмашылық жыл соңына дейін қалай шешілмек? Қай жобалар уақытында аяқталмады, қайсысының мерзімі заңды негізде өзгертілді, ал қандай жағдайлар басқарушылық шешімдерді қайта қарауды талап етеді?
Мұндай мәліметтерсіз тек жалпы пайызға сүйеніп, бюджет толық орындалды немесе қаражат тиімсіз жұмсалды деп кесіп айтуға болмайды. Әр өңірдің және әр бюджеттік бағдарламаның жағдайын жеке бағалау қажет. Бірақ есепті кезеңде қалыптасқан елеулі айырма жауапты органдардың ашық түсіндірмесін талап ететінін жоққа шығаруға да негіз жоқ.
Қазынадағы қаражаттың есебі қағаздағы көрсеткішпен аяқталмауы керек. Оның жалғасы – уақытында салынған жол, сапалы көрсетілген қызмет, іске қосылған нысан және шешімін тапқан қоғамдық мәселе. Ал жоспарланған қаржы жұмсалмай қалса, қоғамға оның сомасын ғана емес, себебін де түсіндіру қажет.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: aikyn.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!