Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызыл жіп жол аша ма?

19.05.2022, 11:40 1524

HALYQLINE.KZ

   Бүгінгі заманның бедеріне зер салып қарасақ, айналада болып жатқан көптеген келеңсіз әрі күлкілі жайттарға кезігіп жатамыз. Бәрі әлеуметтік желінің арқасында шалқып, кесірінен мазақ болып жатқандай. Қазіргі таңда, интернет желісінде танымал жандардың біразы ойға келген дүниелерін жүзеге асыратын болған. Иә, олар асыра сілтеу арқылы өз дінімізге қайшы әрекет жасаудан жасқанбайды, тіпті. Бұлай айтып отырған себебіміз, қазіргі кезде белең алып, қалың жұрттың сұранысы мен таңданысына айналып жатқан қызыл жіптің адамға берер қасиеті қандай? Бұрын-соңды қызыл жіпке дұға оқып, білекке тағу жайында мүлдем естімеген едік. Бүгін әлеуметтік желіде «super mamasita» есімімен танымал белгілі блогер Алия Байтуғаева қызыл жіптен білезік жасап, сатып елді дүрліктіруде. Танымал блогердің айтуынша, бір дорба қызыл жібін алып көптеген киелі мекендерге барыпты. Түркістандағы әулие-әнбиелердің жатқан жеріне барып, өзінің бойындағы энергияларын жіпке сіңіріпті. Сол қызыл жіп арқылы оқырмандарыма сәттілік әкелемін дейді-мыс. Бұрын қазақтар көз тимесін деп түйреуіш тағып, үйдің кіреберісіне көк түсті көзмоншақ іліп не тұмар тағатын еді, тек бәле-жәледен сақтап, жолын ашу үшін ешқашан қызыл жіпке тәуелді болмаған десе-ді. Сонымен қатар, ертеден қызылша ауруымен ауырған адамның үйі сыртқы есікке қызыл мата байлап қоятын болған. Мағынасында сол үйде жұқпалы қызылшамен ауырып жатқан адам бар дегенді білдіреді. Ал қолға тағылатын қызыл жіптің мән-мағынасын білмей көпшіліктің пікірі екіге бөлінуде.

Instagram әлеуметтік желісінде 7 млн-ға жуық оқырманы бар блогер өзінің мотивацияға толы қызыл жібін 4500 теңгеден сатып, қалтасын қампитып жүр. Қызыл жіпті қасиетті деп сеніп, алам деушілердің санында шек жоқ. Әрине, барлығы өміріндегі жолдың ашық болуын осы жіппен байланыстырып, шын ниеттенгені анық. Бірақ, Абай Құнанбаев айтқандай: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген. «Айла білген кісілер көзіңді байлап алдайды» дегендей уақытша алдамшы нәрселерге құр сеніп уақыт пен қаражатты босқа зая кетірудің алдын алу керек. Айта кетейік, қызыл жіпті сатып алатын жандардың 95 пайызы балалы болғысы келетін әйелдер екен.  

     Бұл жағдайға дін қызметкерлері не дейді?

  – Қазақта сөз бар, «Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығады, адамға сенгеннің екі көзі шығады» демекші, Алладан ғана сұрап, сенім артуымыз қажет. Одан бөлек қызыл жіп адамды қорғайды немесе бақыт әкеледі деген ол Аллаға серік қосу болып табылады. Бұл дегеніміз үлкен қате түсінік, өте дұрыс емес нәрсе және күнә болып табылады. Алла тағала құранда айтқандай: «Маған серік қосқандарды кешірмеймін, басқа қателіктерді кешемін бірақ, серік қосқанды кешпеймін» дегенін үнемі есте сақтауымыз керек. Жалпы, ислам шариғатында Алладан басқа ешкімге сенуге болмайды. Тек Алла тағаланың қалауы болатыны аян. Сондықтан өзгелердің сілтеген бағытына жүре бермеу керек. Ол үшін аяттар мен сүрелерді оқып, уағыз тыңдап, дін жолынан хабардар болу керек. Бұндай жолға көбінесе діннен бейхабар жандар барып жатады. Сонымен қатар, дінімізде, ұлтымызда көз тию деген бар. Оған күйе немесе адамның көзіне бірден түсетін жылтыр зат тағып қоятын болған. Дініміз оған қарсы емес, себебі адамдардың назарынан сақтану үшін қорғаныс тәсіліміз деп білеміз. Негізінен адам баласын бәле-жәледен сақтаушы тек Алла тағала екенін ұмытпайық, – дейді Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Мағжан Қайырғалиұлы.

   Бұл қызыл жіптің шығу тарихына келсек, яһудейлер мен каббалистер өздерінің сенімін қызыл жіпке байланыстырған. Олар әлі күнге осы қызыл жіпті тағып, жамандықтан қорғайды деп біледі. Жүннен жасалған қызыл жіпті ең жұмсақ материал деп қабылдайды. Түгел өмірімен қызыл жіпке тәуелді болатын каббалистер бойтұмарларын сол қолына тағады. Ол адамдар сол қолды адам ағзасына және оның психикасына жағымсыз энергияның дирижері деп санайды. Осылайша, қызыл жіптен жасалатын бойтұмар басқа күштерден келген зұлымдықтан құтқаратын қалқанға айналады екен. Сондай-ақ ол қызыл жіпке қол жеткізу үшін белгіленген рәсімдерді жасап, арнайы дұға оқып, дұрыс байлау тәсілдері де бар. Сонымен қатар, қазіргі күні Израйльде қызыл жіптен жасалатын білезіктер дүкені де бар. Ең алғаш танымал жұлдыздардың ішінде Мадонна тағып, қазіргі тілмен айтқанда «трендке» айналдырған. Одан кейін сәннен шықпай, біраз шетелдіктердің қолынан байқап жүрміз. Міне, осылай бізге де жетті десек болады.

  Иә, өзге ағым мен ұлттан келген наным-сенімдерге бойымызды үйретіп, дінімізді ұмытып, алаңсыз бейжайлыққа салынсақ, халқымыздың рухының әлсіреуіне алып барады. Сол себепті қазақ менталитетін сақтағанымыз абзал. Қорытындылай келе, аудитория алдында өзін керемет көрсететін кейбір танымал блогерлер ақша, атақ, даңқ демей, қоғамға пайдалы қарекет жасайық. Сондай-ақ діни, адами құндылығымызды жоғалтпай, жауапкершіліктен жұрдай болмайық! «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса кішіден сұра» демекші, біліп, ойланып әрекет қылайық, білмесек сұрағанның айыбы жоқ!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: