Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

28.04.2022, 9:00 394

HALYQLINE.KZ

Құбылма

Жаңа әкіммен құшақ жайып жуысқыш, көне әкіммен топырақ шашып суысқыш.

Шаршағандар

Елдің сөзін сөйлеймін деп шаршағандардан да, кімнің сөзін сөйлеймін деп шаршағандар көп екен.

Бүгінгілердің  түсінігі

Ниетінің қап-қаралығы сондай – бұл өмірдің ақ жағы да бар екенін сезбей-ақ келеді.

Хабарсыздан  хабарлама

Хабарласамын деп уәде-антын беріп, артынан хабарласпай кеткендерден бір күні үшбу қара қағаз келмесе екен деп жүремін.

Кем  тұлға

Бойында барлық қасиеттер бар, тек қана тектілік жоқ.

Қайтып  соғар  жаңғырық

Тіл білесің деп бес жастағы боқ борбайын орыс мектебіне қарай сүйрелеп жүрген ата-ананы ертең балалары дым білмейсің деп қарттар үйіне қарай сүйрелеп жүретіндей көрінеді.

Аудандағы  әмбебап

Қорқасоқтап өзі әзер жүрсе де, керек кезінде аяқ асты ту көтеріп батыр бола қалады. Екі ауыз сөзді әзер құрап жүрсе де, дарқырар сәт келгенде, арнасынан асып-төгіліп арқалы ақын бола қалады. Біреуді жақтырмай жүрсе де, қақпағы ашылған майшелпектен соң, алды-артына қаратпай жақтай салады. Енді біреуді мақтағысы келмесе де, артын ойлап, армансыз тойлап, дарылдатып мақтай салады…

Жүрісің  қандай?

Адамдарды жүрісіне қарап-ақ алыстан танып-түстеп жатасың: біреу талтаңдап жүреді, біреу жортаңдап жүреді, біреу далақтап жүреді, біреу алақтап жүреді, біреу салпақтап жүреді, біреу жалтақтап жүреді, ал енді біреу өз аяғына өзі шалынып құлап әзер-әзер жүреді…

Шапаншыл  шылымкөз

Қырағаттап бір шапан кигізбесең, шырайлы шаттығыңның шырқын шорт бұзатын шылымкөз шытыр шал…

Бір  қыздың  сөзі

Шала піскен жастардан қайнап піскен шал артық.

Өтпелі  кезеңде

Жағымаздардың жағын таңып байлап қоя тұрайықшы. Әйтпесе жаңа басшының тізгінін тағы да алып кетіп, лауқи қылып қоятын түрлері бар.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: