– Путиннің түпкі мақсатын өзінен басқа ешкім нақты білмейді. Сондықтан біз тек саяси болжам жасай аламыз. Меніңше, біріншіден, Путин ұзаққа созылған соғыстан әбден қажыды.
Екіншіден, бұл соғыс Ресейдің халықаралық беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Мұны Путиннің өзі де түсінді.
Үшіншіден, Ресейдің ресурсы қаншалықты мол болғанымен, шексіз емес. Төрт жылдан астам уақытқа созылған соғыс елдің экономикасына да, әскери әлеуетіне де ауыр салмақ түсірді.
Мәселенің экономикалық жағы да бар. Қазір Ресей мұнайын Қытайға көптеп сатуға мәжбүр. Бірақ Ресей мұнайын Қытайға тегін немесе тым арзан бағаға беріп жатыр деген пікірмен келіспеймін. Меніңше, саудада екі тарап та өз пайдасын көздейді. Сондықтан Путиннің Қытай мен АҚШ-ты келіссөзге тартуында экономикалық мүдде болуы да мүмкін. Сонымен бірге Ресей президенті осы екі алпауыт мемлекеттің ықпалын пайдаланып, Украинаға қысым көрсетуді көздеуі ықтимал. Өйткені Путин үшін соғысты тоқтатып қана қою жеткіліксіз. Ол мұны Ресейдің жеңісі ретінде көрсетуге мүдделі. Ал мұндай нәтижеге жету үшін Донбассты толық бақылауға алып, Қырымды Ресей құрамында қалдыруға тырысады. Мәскеуге тиімді келісімнің негізгі шарттарының бірі осы болуы мүмкін. Бірақ Украина мұндай талаптарды қабылдағысы келмейді. Киев Қырым мен Донбасстан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Сондықтан тараптардың ортақ келісімге келуі өте қиын.
Оның үстіне Украинаның артында үлкен халықаралық қолдау бар. Еуропа одағының басшылары Киевке қолдауды жалғастыратынын айтты. Германия, Франция, Ұлыбритания және басқа да еуропалық мемлекеттер Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау ұстанымынан бас тартқан жоқ. Еуроодақ әлемдегі ең ірі экономикалық орталықтардың бірі екенін де ескеруіміз керек.
Сайын БОРБАСОВ,
саясаттанушы.
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)
Фото: zhasalash.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!