Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ресми құжаттарға апостиль қоюдың тәртiбi мен шарттары

23.12.2021, 16:59 459

HALYQLINE.KZ

Апостиль Гаага конвенциясының қатысушысы ретiндегi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарынан, лауазымды адамдарынан немесе нотариустарынан ғана шығатын ресми құжаттардың түпнұсқаларында қойылады.

Қазақстан Республикасының аумағында түпнұсқаларға апостильдi қою үшiн өзге егемендi мемлекеттердiң мемлекеттiк органдары, лауазымды адамдары немесе нотариустары берген құжаттары қабылданбайды.

Мұндай жағдайларда жүгiнген адамға уәкiлеттi мемлекеттiк органның тұрған жерi бойынша нотариаттық расталған көшiрмелерге апостильдi қою мүмкiндігi туралы түсiндірген жөн. Апостильдiң мәтiнiне өзгерiстер енгiзуге және оның мөртаңбасындағы жолдардың орналасу ретiн өзгертуге жол берiлмейдi. Сондай-ақ апостильдiң мөртаңбасын көшiрме әдiсiмен немесе куәландырылатын құжаттарға тiгу үшiн өзге де жолмен апостильдi парақтан дайындауға жол берiлмейдi. Барлық жағдайларда апостиль мөртаңбаның бедерi ретiнде қойылады. Апостиль, оны ұсынылған құжатқа қою мүмкін емес болған жағдайда қағаздың бөлек парағында қойылуы мүмкін.

Апостиль қою кезінде құжаттың парақтары мен апостилi бар парақ кез келген түстi жiппен бiрге тiгу жолымен бекiтiледi және нөмiрленедi, бұл туралы «жұлдызшада» тиiстi жазу жүргiзiледі. Құжаттардың соңғы парағы бекiтiлу орнында елтаңбалық мөр қойылатын «жұлдызшамен» желiмденедi. Бұл ретте қойылған мөрдiң бедерi «жұлдызшада» және парақта бiрдей орналасуға тиiс. Бекiтiлген парақтардың саны апостильдi қоятын адамның қолымен расталады. Қойылған апостилi бар парақ жоғарыда көрсетiлген әдiспен және егер құжаттың мұқабасы болған жағдайда құжатқа тiгiлуге тиiс.

Апостиль қою ұсынылған құжатқа қол қойған адамның қолының үлгiсiн талап ету және қол қою құқығына өкiлеттiктерiн растау, сондай-ақ құжат шығатын мемлекеттiк орган, лауазымды адам немесе нотариус мөрiнiң бедерiн талап ету қажеттiлiгi жағдайында кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Бас тарту сот тәртiбiмен шағымдалуы мүмкiн. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдарда ресми құжаттардың апостильдендiруге келiп түскен немесе келiп түсуi мүмкiн өздерiнiң ведомстволық бағынысты органдардың және т.б. лауазымды адамдары қолдарының үлгiлерi болуға тиiс. Лауазымды адамдардың қолдарының, құжат шығатын мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың елтаңбалық мөрлерi мен мөртаңбаларының үлгiлерi болмаған жағдайда, апостиль құжаттардың нотариаттық расталған көшiрмелерiнде қойылуы мүмкiн. Егер құжатқа бiрнеше адам қол қойса, апостильде лауазымды адамның қолы расталады және қызметi бойынша бастысының лауазымды жағдайы көрсетiледi.

Нұргүл Нұрбайқызы,

Байқоңыр қалалық сотының бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: