Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Роза Бағланованың Сталинмен кездесуі

28.11.2021, 12:00 1221

HALYQLINE.KZ

Қазақ әйелдері ішінен бірінші болып Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ие болған, киелі де, қазыналы Қазалыдан шыққан КСРО-ның халық артисі Роза Бағланова кезінде «дүниежүзі халықтары көсемі» атанған И.В.Сталинмен кездескен қазалылық екі адамның бірі болып табылады. Біріншісі, Қазалы ауданының 1938-1942 жылдардағы бірінші хатшысы Тұңғышбай Сегізов еді. Соғыстың алдында болған ВКП (б)-нің ХVIII съезіне делегат болып қатысқанда қазақстандық делегаттармен бірге 1939 жылы 22 наурызда Cталинмен түскен суретін ертеректе көрген болатынмын.

Екіншісі, 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған жерлесіміз Роза Бағланова. Соғыс жылдарында майдан даласында шырқаған «Ах, Самара городок» әнін орыстың атақты әншілерінің өзі Розадай орындай алмады. Осы ән бастапқыда орыстың ұлы әншісі Лидия Русланованың репертуарында еді, бұл әнді Роза Бағланованың орындағаның естіген соң: «Розочка, бұл ән сенің даусына лайық екен, әнді саған сыйладым» деген болатын. Не деген қарапайымдылық, «ұлық болсаң да кішік бол» деген осы шығар. Осы ән Бағланованың бағын ашты, өмір бойы «визиткалық карточкасы» болды.

Екінші әні Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық артисі, екі мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері, сазгер Василий Соловьев-Седой, сөзін ақын А.Фатьянов жазған «На Солнечной поляночке» әнін 1943 жылы Роза Бағланованың даусына арнап жазды.

Соғыс жылдарында майдан даласындағы концерттерде ғана емес, соғыстан соң да осы екі әні үшін орыс халқы Розаны «маленкая казашка с чудесным голосом» деп құрмет тұтты.

Соғыстан соң, атақты орыс әні «Валенкидің» жалғыз орындаушысы Лидия Русланованың басына бұлт үйіріле бастады, оған күйеуі, генерал В.Крюков екеуінің маршал Г.Жуковпен достығы себеп болды. НКВД бастығы Л.Берия маршал Жуковтың көзін құртпақшы болып «соғыс олжасын орасан көп иемденген» деген жалған айып тағып, Л.Русланова мен күйеуіне куә болыңдар дегенде де бас тартқасын, 1947 жылы екеуін де түрмеге қамап не бір азапты көсетсе де, Жуковқа қарсы жалған мәлімет беруден бас тартады. Русланованы соғыс жылдарында 1120 рет қан майданда көрсеткен концерті үшін алған орден мен медальдарынан айырып 1949 жылдың 28 қазанында атақты 58-баппен10 жылға соттап жібереді.

Л.А.Руслановамен (1900-1973) майдан даласында достасқан Роза өмір бойы байланысын үзген жоқ, 1945 жылдың 2 мамырында атыс әлі де тоқтала қоймаған кезде Рейхстаг алдында алғашқы концерт бермекші болғанда, бір офицер айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жатыңдар өлтіреді» дегенде, қасында Роза мен басқа да әншілері бар Русланова: «Орыс әнінің жау алдында тізе бүкеннін қашан көріп едіңдер!» деген болатын. 

1949 жылы 21 желтоқсанда И.В.Сталин 70 жасқа толуына байланысты көсемнің Русланованың орындауындағы жақсы көретін әндері «Валенки», «Светит месяц», «Степь да степь кругом» әнінің орнына Роза Бағланованың орындауындағы «Ах,Самара городок» және «На Солнечной поляночке» әнімен толықтыруды ойлап концертке арнайы шақырылды.

Концерт шымылдығы Д.Шестаковичтің Ленинград блокадасында жазған атақты симфониясымен ашылды, одан кейін Сталин соғыс кезіндегі әндерді жақсы көргендіктен алдымен Клавдия Шульженко шығып «Синий платок», «Давай закурим» әндерін орындады. Екінші болып Р.Бағланова шықты, көсемді бірінші рет көргендіктен қанша қобалжып шықса да, «Ах, Самара городокты» тамаша орындап шықты.

Артынан жақындап келген жүргізуші: «Сталин жолдастың қолынан алыңыз» деген дауысын естісімен алға қарай Сталин отырған қатарға бет алды. Осылайша Қазалының қара қызы Сталинннің қолынан қос қолдап алып, туған күнімен құттықтады. Сталин сәл жымиып басын изеді.

Өмірінің соңына дейін Р.Бағланова Сталинді «ұлы адам» деп есептеді. «Караван» газетінің тілшісі: «Сіз әлі күнге дейін Сталинді ұлы адам деп есептейсіз бе?» деген сұрағына «Әрине ол – ұлы адам, артта қалған мешеу елді алып индустриялды елге айналдырды, алапат соғыстан елді аман алып қалды» деген болатын.

Кезінде Ұлы Британияның премьер-министрі Уинстон Черчелль: «Сталин Ресейді соқамен қабылдап алып, атом қаруына жеткізіп кетті» дегені Роза апамыздың пікірімен үйлесіп тұрғандай.

Бұдан соң 1950 және 1951 жылдары Сталиннің туған күніне байланысты өткен концертке Роза атақты С.Лемешев, А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкиндермен бірге қатысты. Өз сөздерінде де Сталинмен 3 рет жүздескенін мақтанышпен айтып жүрді. Кезінде маршалдар Г.Жуков, К.Рокосовский, И.Конев, ел басшылары Н.Хрущев, Л.Брежнев, Мао Цзедун, Д.Неру, Ким Ир Сен, И.Ганди, т.б. кездесіп, дәм-тұздас болған Роза Бағланова ұлтымыздың мақтанышы болып қала бермек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әнші есімін мәңгі сақтау үшін шараларды қабылдағаны белгілі. Соның аясында «Қазақконцерт» ұйымына Роза Бағланованың есімі берілгендігі туралы хабарды мектеп ұжымы зор қуанышпен қарсы алды, себебі Р.Бағланова 1939 жылы біздің мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан болатын.  

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Cуретте: Майданның алдыңғы шебіне келген концерттік бригада, Р.Бағланова оң жақта (құлақшын түсіріп алған) үшінші болып тұр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: