Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар әскерден неге жалтарады?

29.09.2021, 16:15 539

HALYQLINE.KZ

Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қарулы күштер қатарына биыл қанша жауынгер қосылмақ? Жалпы, сапқа тұрып сарбаз атануға жігіттердің құлшынысы қандай? Осы мәселе қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте көтерілді.

1994-2003 жылы туған азаматтар мерзімді әскери қызметке Қызылорда қаласы әкімдігінің 2021 жылдың 22 ақпандағы қаулысына сәйкес шақырылады. Көктемгі әскерге шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Бірақ қызметке дәрігерлік сараптама комиссиясының шешімі бойынша 343 әскерге шақырылушы өткізілген.

– Оның ішінде, әскери қызметке жарамдылары – 297, бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыздар – 32, әскери есептен шығарумен жарамсыздар – 0, денсаулығына байланысты шақырудан кейінге қалдырылғандар – 14, қайта тексерілуге келмегендер – 38. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жастарды толықтырып жеткізу жоспарына сәйкес, 143 азамат әскер қатарына аттандырылып, жасақ 71,8 пайызға орындалды, – деді қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Чункунов.

Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге шақыру жұмыстары өткізілген кезде де бірнеше мәселе туындаған. Атап айтсақ, тұрғылықты мекен жайларында азаматтардың болмауы, одан ата-аналары мен туысқандары мүлде бейхабар. Осы мәселе негізінде әскери басқару органдары қауқарсыз екенін көрсетті. Тағы бір мәселе дәрігерлік куәландыру кезінде қиыншылықтар туындаған.  Әскерге шақырылушы жастардың бойындағы құқықтық сананың төмен болуы, әскери борышын өтеуге ниеті мен талабының жоқтығы – өте өзекті мәселе. Сонымен қатар, әскерге шақырылушының өзі немесе жақын туыстарының қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да кедергі болыпты.

Ендігі кезекте шілде айынан бастау алған әскерге шақыру науқанына азаматтарды алдын ала зерделеу жұмыстары атқарылуда. Әскерге шақырылушыларға шақыру қағаздары қалалық әкімшіліктен бөлінген әскери есеп жүргізу мамандары және қоғамдық қызметкерлердің күшімен таратылуда. Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, денсаулығы мен отбасылық жағдайын сараптап болғасын барып шешім қабылданады. Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарына 869 бозбала шақырылса, бүгінгі күні оның тек 178-і келген. Бұл туралы қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы мәлім етті.

– Құқық қорғау органдарына, ұлттық қауіпсіздік комитетіне және емдеу-профилактикалық мекемелеріне сұраныстар жіберіліп, әскерге шақырушылардың тізімі және картотекасы құрылды. Мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығын қорғау – үлкен абырой мен сенім екендігін жас ұрпаққа түсіндіру маңызды қадамдардың бірі. Дегенмен, әскерге шақыру жұмыстары барысында әскери қызметке шақырылғандардың тұрғылықты мекенжайы бойынша болмауы, әскерден түрлі себеппен жалтару сынды мәселелер туындайды. Осы орайда, ата-аналар, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен жас ұрпақ арасында Отан алдындағы борышты өтеуге шақыруда қолдау көрсетуін сұраймыз, – деді Алмас Чункунов.

Қызылорда қаласында алғашқы рет қалалық бюджеттен қаржыландырылған 7 әлеуметтік жоба ұйымдастырылуда. Аталған жобаның әскери қызметті насихаттап, арлан рухты, темірдей тәртіпке төзімді ұрпақты тәрбиелеп, әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен таныстыру.

– Жастар мен жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру және ер-азаматтың Отан алдындағы борышының маңыздылығын насихаттау мақсатында Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасымен келісе отырып әскери-патриоттық іс-шаралар жоспарын бекіттік. Жоба аясында жастарды әскерге шақыру бойынша бейнероликтер әзірленіп, әскерден келген белсенді сарбаздармен сұхбаттар, тікелей эфир ұйымдастырылады және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының штабы құрылатын болады, – дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов.

Жастардың көпшілігінде мансап пен тұрмыс-тіршілігі басым болып, қырық күндік әскерді таңдап, «уақытымды тиімді пайдаланғаным дұрыс» деген пікір қалыптасқан. Одан бөлек әскери рухтың, отбасындағы тәлім-тәрбиенің әлсіздігінен «інге тығылған тышқанның» күнін кешуде. Дегенмен, әскерге барамын дейтін азаматтар бар, бірақ аз. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі әрбір азаматтың асыл парызы екенін естен шығармайық.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: