Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алмасбек Алматов әкімге қандай ұсыныс айтты?

09.09.2021, 16:30 960

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкіміГүлшара Әбдіқалықова жырау, фольклортанушы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алмасбек Алматовпен кездесті. Қабылдауда халқымыздың жыраулық, жыршылық өнерінің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан жырау өзінің шығармашылық жұмыстары мен өңіріміздегі жыраулық дәстүрдің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайлы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Аймақ басшысы фольклортанушының шығармашылығын жоғары бағалап, қазақ өнерінің дамуына қосып жүрген сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Алмасбек Алматов облыс әкіміне Қызылорда қаласында «Түркі халықтарының өнер академиясын» ашу және «Қорқыт ата: жыр керуені» атты 2 томдық аудио-видео энциклопедия шығару туралы ұсынысын жеткізді.

Айта кетейік, Қорқыт мұраларын алыс-жақын шетелдерге насихаттау мақсатында «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымымен бірлесе өткізілетін халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2006 жылы алғаш рет Сыр елінде ұйымдастырылған болатын. Бүгінде үш жылда бір рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Халықаралық деңгейдегі өнер мерекесіне Түркия, Әзербайжан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха елдері мен республикамыздың әр өңірінен түркітанушы, өнер зерттеуші белгілі ғалымдар мен өнер иелері, жергілікті өнерпаздар қатысып келеді. Аталған фестивальді санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жағдайда, 2022 жылдың қыркүйек айында ұйымдастыру жоспарлануда.

Облыс әкімі жырау айтқан идеялардың маңызды әрі уақытында көтерілгендігін алға тартып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

– Осы тұрғыда түркі тілдес, бауырлас халықтар достығының шығармашылық зертханасын қалыптастырып, халықаралық деңгейдегі дәстүрлі өнер саласының оқу-ағарту және ғылыми орталығына айналуды мақсат тұтатын Академия ашу ұсынысыңыз маңызды және уақытында көтеріліп отыр. Академияны ашудың алғашқы қадамы ретінде Қызылорда қаласынан дәстүрлі өнер орталығын ашып, сол орталықты өзіңіз білім, тәжірибеңізбен басқарсаңыз, Сыр өңіріндегі дәстүрлі өнердің болашағы мен келешегінің жарқын көрінісі болары анық. Екінші ұсынысыңыз бойынша Сыр сүлейлерінің мұраларын жинақтап, аудио энциклопедия етіп шығару арқылы біз болашақ ұрпаққа үлкен құнды дүние аманаттаймыз. Сондықтан да уақытында көтеріліп отырған мәселе деп ойлаймын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.  

Жиын соңында облыс әкімі адамзаттың рухани мұрасын зерттеп, оны ұрпақ игілігіне асыру жолындағы істеріне Алмасбек Алматовқа Сыр халқы атынан алғысын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: