Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі журналистерді мерекесімен құттықтады

28.06.2021, 10:15 1004

Қадірлі журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! ХХІ ғасырды ақпараттық кеңістіктің дәуірлеу кезеңі деуге болады. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, күнделікті болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар, өзгерістер, рухани, мәдени көзқарастар, сыни пікірлер ақпарат құралдары арқылы елге жетіп жатыр. Яғни, қандай да бір ақпарат құралының сөзі қоғамдық пікір қалыптастырудың темірқазығы іспетті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «бұқаралық ақпарат құралы – қоғамды алға жетелеудің басты дәнекері».

Сіздердің қаламдарыңыздан, әзірлеген сюжеттеріңізден туған дүниелер – біздің өңірдің ғана емес, тәуелсіздігіне 30 жыл болған Қазақстанның тыныс-тіршілігінің бүгінгі айнасы, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болар ертеңгі тарихи шежіресі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 28 маусымды бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде арнайы бекітуі – сіздердің еңбектеріңізге берілген құрмет деуге болады.

Әлемді жаулаған COVID-19 коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде медициналық және әскери қызметкерлермен бір сапта болып, халыққа қажетті ақпаратты дер уақытында тарата білдіңіздер. Сол үшін де сіздерге Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін!

Шұғыл қимыл, жедел ақпарат, тұшымды хабар жасау арқылы мемлекеттік билік пен халықтың арасында алтын көпір болған сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, шадыман шаттық тілеймін!

Тәуелсіз Қазақстанымыз жасай берсін!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: