Хасан Басри кез келген жайттан бір нәрсе үйренуге болатынын былай айтып береді: «Біреудің мінін қазбауды қызтекеден үйрендім. Бір күні бір қызтекені көріп, жирене қарап едім, әлгі:
– Молдеке, менен жиреніп қайтесіз. Кімнің нақ қызтеке екенін ақыретте білінер, – деп жер қылды.
Ғылым тілімен жұмбақтап сөйлеп, құрғақ уағыз айтудың ерсі екенін шырақ көтерген бір жас баладан үйрендім. Үш ай бойы уағыз айтатын адам таба алмай келе жатқанымда жолыққан сол баладан:
– Мына шырақтың оты қайдан пайда болды? – деп уағыз бастай беріп ем, әлгі бала оны үрлеп өшірді де, – әуелі отты қайда кеткенін түсіндіріп беріңізші, – деп састырды.
Кеуде кермеуді кәдімгі маскүнемнен үйрендім. Бір күні шалшықта жатқан масты көріп:
– Ей, бейшара батып кетпе! – деп жанымды ашытқансып өте беріп ем, әлгі маскүнем:
– Уа, Хасан Басри! Мен батпаққа батып кетсем, адамзаттың саны бір маскүнемге азаяр. Діннің басында тұрған сіз батып кетсеңіз, соңыңызда тұрған миллион мүмин не болмақ, – деп аузымды аштырды.
Ал ғашық болуды бетіме телміріп қарап қалған бір әйелден үйрендім.
– Ей, қарындасым, Құдайдың парызын ұмытып, жүзіңді ашық қалдырғаның не? – деп айыптай бастап едім, әлгі әйел:
– Мен құдайдың құлына деген махаббаттан пәранжамның ашық қалғанын байқамадым. Құдайдың өзіне ғашық сіз қайтіп оны байқадыңыз? – деп қарсы сұрақ қойды.
Әлеуметтік желіден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!